Google қашықтан жұмыс істейтіндердің жалақысын қысқартпақ

Жақында Google қызметкерлерінің жалақысы қысқарады, деп хабарлайды «Хабар 24». Компания тұрмыс-тіршілігі арзан аудандарға көшкен қашықта жұмыс істейтіндердің айлығын азайтпақ, деп жазады Reuters. 

GOOGLE ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫН ҚЫСҚАРТУЫ МҮМКІН

Тұратын жері жалақыға қалай әсер ететінін Google қызметкерлері арнайы калькулятормен есептей алады. Онда үйден  жұмысқа дейінгі қашықтық көрсетіледі. Тек Нью-Йорк штатындағы қызметкерлер ғана қашықтан жұмыс істеуге көшкенде табысының бір бөлігін жоғалтпайды. Google өкілдері оларға кеңсе қызметкерлерімен бірдей ақша төлеуді тоқтатпайтынын айтты.

Әлемдегі басқа да кейбір компаниялар еңбекақы төлеудің ұқсас жүйесін пайдаланады. Мысалы, Facebook пен Twitter де тұрмыс-тіршілігі арзан аудандарға көшкен қызметкерлердің жалақысын қысқартты. Осы бағытта жүргізілген зерттеулер американдықтардың көпшілігі қашықтан жұмыс істеу үшін ақшаның бір бөлігінен бас тартуға дайын екенін көрсеткен. Сұралғандардың шамамен 65% жалақының 5%-ке төмендеуіне қарсы емес, ал 46% қашықтан жұмыс істеу үшін тіпті демалыс күндерін қиюға дайын екендігін айтқан.

 

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ҚҰНЫ АРЗАНДАМАЙ ТҰР

Елімізде өткен айда баспана сатып алу және сату бойынша келісімшарттар саны азайған. Бұл – маусым айымен салыстырғандағы көрсеткіш. Ал жылжымайтын мүлік нарығындағы бағалар қалай өзгерді?

Бүгін тұрғын үй нарығына шағын шолу жасап, жарық пен көмір өндірісі туралы айтамыз. Қазақстанда баспана бағасының өсуі тежелді. Бір қызығы, тұрғын үй нарығындағы сатып алушылардың белсенділігі де баяулаған. Соңғы статистикалар осыны көрсетті. Сонымен, шілдеде жылжымайтын мүлік секторында жасалған келісімшарттар маусыммен салыстырғанда 14%-ке аз. Дегенмен биылғы жеті айлық көрсеткіштерді қосып есептегенде өсім бар. Әсіресе батыста баспанаға қатысты жасалатын келісімшарттар алты есе көбейген. Биылғы жеті айдағы сандарды алсақ, көтерме нарықтағы үйлер 18%-ке қымбаттады.

Жаңа кешендердегі пәтерлердің де бағасы өскен. Бірақ көрсеткіштер әр өңірде әртүрлі. Мысалы, Павлодарда жаңа баспаналар – 25%, Шымкент пен Оралда 18% қымбаттады. Бұл 2020 жылдың шілдесі мен 2021 жылдың шілдесі аралығында тіркелген сандар.

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҢА БАСПАНАЛАР 12.9%-ке ҚЫМБАТТАДЫ

2020 ж. шілде - 2021 ж. шілде 

Павлодар  +25 %              1 м²  бағасы ₸ 265 мыңға дейін

Орал          +18%               1 м²  бағасы ₸ 207 мыңға дейін

Шымкент  +18 %              1 м²  бағасы   ₸ 357мыңға дейін

Ұлттық статистика бюросы

 

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАРЫҚТЫ ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ АРТҚАН

Қазақстанда электр қуатының өндірісі бір жылда 7%-ке, ал оны тұтыну көлемі соңғы жарты жылда 6%-ке артқан. Осы аралықта кәсіпорындар 57 млн кВт/с электр энергиясын өндірді. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» баспасөз қызметі хабарлады. Талдауларға сүйенсек, республиканың солтүстігінде тұтыну 6%-ке, оңтүстігінде 10%-ке, ал  батысында 2%-ке өскен. «Самұрық-Энерго» сарапшылары жарықты тұтыну көлемі жыл сайын 2,4%-ке өседі деген болжам жасады. Ал 2027 жылға қарай тіпті электр қуатына деген тапшылық болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Қазақстан Бірыңғай энергия жүйесінде шамамен 1000 МВт мөлшерінде реттеу қуатының тапшылығы байқалады.

 

АЛДАҒЫ ҚЫСТА КӨМІР ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ АЗАЯДЫ

Алдағы қыста елімізде көмірді тұтыну көлемі 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін төмендейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. 

«Негізгі себеп – елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы. Биылғы бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындарға 3,4 млн тонна көмір тиелді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне 2,9 млн тонна жөнелтілді. 14,5 млн тонна экспортқа кетті», – делінген министрлік мәліметінде.

Отандық көмір өндіруші компаниялар осы аралықта 60 млн тоннаға жуық көмір өндірді.