Ауғанстандағы жағдай көрші мемлекеттердің экономикасына әсер ете ме?

Тәліптердің Ауғанстанды толықтай бақылауға алуы халықаралық инвесторларды алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жағдай аймақтағы экономикалық ахуалға қалай әсер етеді?

Ауғанстандағы жағдай тек сол ел ғана емес, көрші мемлекеттердің экономикасына да кері әсер етуі мүмкін. Сарапшылар осындай пікірде. Әсіресе, Пәкістан экономикасы зардап шегуі мүмкін. Өйткені бұл елдің мемлекеттік қарызы көп. Акциялары халықаралық валюта қорының 6 миллиард долларды құрайтын бағдарламасына байланысты. Сарапшылардың айтуынша, бүгінге дейін Пәкістанға 1,5 миллиондай ауған босып барды. Енді тәліптердің билік басына келуі жағдайды ушықтырса, Ауғанстан тарапынан келетін босқын саны одан да көбеюі ықтимал. Бұл Пәкістандағы тұрақтылыққа кері әсер етіп, экономикасына салмақ болуы мүмкін. Биылдың өзінде Пәкістан облигацияларының құны 8%-ке төмендеген. Ал халықаралық валюта қоры бұл елге соңғы 30 жылдан бері қаржылай көмек көрсетіп келеді. Қазыр мемлекеттің қарызы елдің ішкі жалпы өнімінің 90%-іне тең. Пәкістан Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, халықаралық валюта қорынан қаржының келесі траншы тамыздың 23-іне беріледі. Сомасы 2,77 миллиард АҚШ долларына тең. Қаржы қор бағдарламаларының аясында жасалған реформаны жүзеге асырып, елде тұрақтылықты сақтауға жұмсалады.

***

Ұлттық тауар өткізу желісі құрылады

Еуразиялық даму банкі Қазақстанда ұлттық тауар өткізу желісін құруға қаржылай көмек беруге дайын. Бұл туралы банктің басқара төрағасының орынбасары мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржы институты тауар өткізу желісін құру бойынша зерттеулер жүргізуге техникалық көмек көрсетеді. Соның аясында тауар айналым, қолданыстағы инфрақұрылымның жағдайы, көлік-логистика дәліздері, көтерме-тарату орталықтарының жұмысы және Еуразиялық экономикалық одақ аясында біріңғай тауар өткізу жүйесін құру үшін заңнама әзірлеу бойынша ұсыныстар жасалады. Егер жоба жүзеге асса, Ұлттық тауар өткізу желісі алдағы уақытта Еуразиялық тауар өткізу желісінің бір бөлігіне айналады. Қазір Еуразиялық экономикалық комиссия осы жобаны іске асыруға кіріскен. Жұмыс одаққа мүше елдер ғана емес, Тәжікстан мен Өзбекстанда да жүргізіліп жатыр. Бұл шекаралас елдердің ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өңдеушілер арасында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ отандық кәсіпкерлердің өнімді сақтау және тасымалдауға кететін шығынын азайтып, жаңа инфрақұрылымның салынуына жол ашпақ.

***

Қазақстанның IT саласына 500 млрд инвестиция салынады

2025 жылға қарай Қазақстанда IT саласына салынатын инвестиция 500 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Бұл былтырғы көрсеткіштен алты есе көп. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі осындай болжам жасады. Сондай-ақ жаңадан 100 мың жұмыс орны ашылмақ. Сол үшін экономиканың салаларына қажетті халықаралық жобалардың отандық баламасы жасалады. IT жобаларды қаржыландырып, қолдайтын бағдарламалар жасалады. Нәтижесінде финтех компаниялардың дамуына қолайлы жағдай жасалмақ. Smart Cit концепциясы аясында қалаларда білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау және қауіпсіздік сынды салаларда цифрлық технологиялар енгіледі. Жалпы бес жылда елде әртарапты инновациялық экономика жасау жоспарланған.

***

Биыл елімізде 1 млн тонна картоп жиналады

Биыл отандық шаруалар 1 миллион тоннадай картоп жинауды жоспарлап отыр. Бұл ішкі нарықты толық қамтып, экспортқа шығаруға жеткілікті. Жалпы Қазақстан қалаларының сұранысы жылына 600 мың тонна. Оны отандық өніммен көктемге дейін қамтуға болады. Себебі картопты одан ұзақ сақтау мүмкін емес. Бұл туралы Картоп өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисетаев мәлімдеді. Сондықтан мамырдың соңы және жаздың алғашқы айында импортқа тәуелдіміз. Мәселен биыл ішкі нарығында қымбатшылыққа байланысты Өзбекстан картоп экспортына тыйым салды. Ал өзіміздің оңтүстік өңірде мерзімінен кеш пісті. Сондықтан маусымда картоп шарықтап кетті. Ал қазір келісі 100 теңге шамасында саудаланып жатыр. Қыркүйек және қазанда одан да төмендеуі мүмкін. Десе де, маусымдық қымбатшылықтың болуы заңдылық. Қайрат Бисетаевтың айтуынша, қазір диқандар азық-түлік қорын құрып, өнімін өткізу үшін әкімдіктерге ұзақ мерзімді келісім жасауға ұсыныс жасап жатыр. Алайда жергілікті билікпен белсенділік байқалмайтын көрінеді.

***

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 425 теңге 15 тиыннан саудаланып жатыр. Еуро 498 теңге 50 тиынға тең. Ал Ресей рублін 5 теңге 78 тиыннан алуға болады.