Ауғанстанға ұн экспорты жалғаса ма?

Ауғанстан – Қазақстаннан ұн алып отырған бірден бір мемлекет.

Былтыр ғана елге 1 млн 152 мың тонна бидай өнімін жөнелттік. Ендігі жағдай қалай болады? Отандық диірменшілер бір пайымға келе алмай отыр. Өйткені Ауған еліндегі саяси жағдай біраз өзгеріс алып келері анық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауғанстан тұтынатын ұнның жартысынан көбі Қазақстаннан алынады. Осыдан бес жыл бұрын ауған жеріне 1 млн 545 мың тонна ұн жеткізілді. Бұл рекордтық көрсеткіш. Нарықтағы байланыс үзілген жоқ. Тек Өзбекстанның біздің бидайды өңдеп, Ауғанстанға шығаруы көрсеткіштің түсуіне ықпал еткен. Бұл туралы Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган айтты. Былтыр қазақстандық кәсіпкерлер 1 млн 152 мың тонна ұнды экспорттады. Биылғы байланыстың қалай өрбитінін дөп басу қиын. Бұған дейін ұнды экспорттауға уақытша шектеу қойылғандықтан, Ауғанстанмен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалмаған. Енді одақ басшысы саяси шиеленіске қарамастан, азық-түлікке сұраныс азаймайтынын айтады. Қазірдің өзінде ауған жеріндегі нан қоры таусылып барады. Біздің еліміз ондағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын. Дегенмен нақты кімдермен байланыс орнату қажеттігі түсініксіз болып тұр. Оған қоса банктік төлемдердің қалай жүзеге асатыны да беймәлім. Кәсіпкерлер вагондардың елге қайтарылатынына да күмәнданып отыр. Әйтсе де, отандық тасымалдаушылар келісімнің бұзылуы туралы шағым түсірмеген.

Евгений Ган, Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті:

– Бұған дейін біз жүктің қауіпсіздігі туралы ойланған жоқпыз. Ендігі жағдай басқа. Қазір Ауғанстандағы банктер жұмысын бастай ма, жоқ па ол да сұрақ болып тұр. Халықаралық қаржы ұйымдарының әрекетін болжау қиын. Дегенмен елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Менің ойымша, ай соңына дейін кіммен және қалай жұмыс істеутініміз нақтыланып қалар. Осы саяси жағдайға қарамастан, Ауғанстан қазақстандық ұн мен астықты сатып алатынына сенімдімін.

Былтыр қазақ-ауған арасындағы тауар айналымы 55 процентке артып, 624 млн долларға жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 400 млн доллардан сәл асқан. Әсіресе, біздің экспорттың үлесі басым.

Ол да 55 процентке өсіп, 622 млн доллар құрады. Қазақстан Ауғанстанға 334 млн доллардың ұнын сатты. 117 млн АҚШ долларына бидай сатылған. Ал импорт 41 процентке азайды. Өткен жылы 1,7 млн доллардың тауарын алдық. Оған жүзім, жүк вагондары, арнайы мақсаттағы аппаратура және кілем тасымалының азаюы себеп. Бірақ елімізге цитрус өнімдері, рапс майы, ерлер киімі мен құрылыс жабдықтары әлі де жеткізіледі.

Теңіз айлағы арқылы тауар тасымалдау құны 10 есе қымбаттауы мүмкін. Әлемдегі үшінші порттың жабылуы ахуалды қиындатқан. Мамандар Қытайдағы мұндай кептелістің 30 жылдан бері бірінші рет орын алғанын айтады. Жағдай тек 2022 жылы Қытай жаңа жылында оңалуы мүмкін. Аспан асты елінен батыс АҚШ-қа дейін контейнер тасымалы 20 мың доллар тұрады, ал Еуропада 13 мың доллар шамасында. Бағаның бұлай өсуіне пандемия әсер еткен. Оның салдарынан тасымал 8 күнге дейін тоқтап қалды. Бұған дейін Суэц каналында да кептеліс орын алып, өнеркәсіптік тауарларды жеткізу мерзімдерінің индексі тарихтағы ең нашар көрсеткішке жеткен болатын. Осы тамызда Қытайдағы Нинбо портының ішінара жабылатыны хабарлағаннан кейін ахуал күрт әлсіреген. Бүгінде Шанхай мен Нинбо порттарында 141 кеме тұр, бұл сәуірден бергі көрсеткіштен 60 кемеге артық.

АҚШ-та бөлшек саудаға сұраныс азайды

Ал АҚШ-та бөлшек сауда үлесі төмендеді. Сауда департаментінің дерегіне үйенсек, бір айдағы түсім 617 миллиард 700 миллион долларға аз болды. Көрсеткіштер штаттардағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты нашарлады. Жалпы елдегі тұтыну шығындары ЖІӨ 70 процентін құрап келген болатын.