Ауғанстандағы ахуал Қазақстанмен саудаға кері әсер етпейді

Ауғанстандағы ахуал Қазақстанмен арадағы саудаға кері әсер ете қоймайды. Отандық сарапшылар осындай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24». Олардың айтуынша, билікке кім келсе де халықты аш қалдыра алмайды. Ал Қазақстан Ауғанстанға ас атасы жасалатын бидай мен ұн жеткізеді. Қазір отандық кәсіпкерлер бұл елдегі жағдайды мұқият бақылап отыр.

Отандық бидай өндірушілердің Ауғанстан нарығынан үміті зор. Биыл бұл елден сұраныс кемімейтініне сенімді. Тек Өзбекстан тарапы кедергі келтірмесе екен дейді. Өйткені тауар ала тақиялы ағайынның жері арқылы жеткізіледі. Сондай-ақ Ауғанстандағы теміржол станцияларын да Өзбекстанның тасымал компаниялары басқарады. Жағдай ушыққан кезде олар барлық қатынасты тоқтатып, қызметкерлерін алып кеткен. Енді қайта іске кірісу үшін тәліптермен келісуі керек. Қазір Ауғанстан тарабы шекараны ашты. Өзбекстан да жүк көліктерінің өтуіне мүмкіндк берген. Алайда теміржол қатынасы әлі қосылған жоқ. Десе де экспортерлер Ауғанстандағы әріптестерімен ауызша байлам жасаған. Қыркүйекте келісімшартқа қол қойып, жұмыс бастауға ниетті.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, Қарағанды облысы диірменшілер қауымдастығының төрағасы:

– «Талибан» көзқарасы басқа адамдар шығар. Бірақ біз үшін олар тұтынушы. Содан кейін біз сауда-саттықты ауған халқымен жүргізіп жатырмыз, «Талибанмен» емес. Сол жақтағы өзіміздің әріптестеріміз бар ғой бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан. Солармен күнде хабарласып отырмыз. Ешкімді ренжітіп жатқан жоқ деп жатыр. Шекараны ашамыз деп жанталасып жатыр. Өткен аптада «Талибан» салықтарды азайтты. Мысалы, біз Ауғанстанға ұн кіргізген кезде Ауғанстандағы сатып алушы әріптесіміз әрбір кірген ұнның тоннасына 38-40 доллар арасында салық төлейтін. Соны «Талибан» алып тастады. Бұл не деген сөз, Ауғанстанға ұн 40 долларға арзан кіреді деген сөз. Арзан кіргеннен кейін халық көп тұтынады.

Айта кетейін, Ауғанстан тұтынатын ұнның жартысынан көбін Қазақстаннан алады. Былтыр отандық диірменшілер бұл елге 1 миллион 152 мың тонна бидай өнімін экспорттаған. Биыл одан да көп сатуға ниетті.

 

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ТАУАР АЙНАЛЫМДЫ $1 МЛРД ЖЕТКІЗУГЕ НИЕТТІ

Қазақстан қырғыз елімен сауда айналымын ұлғайтады. Бірер күн бұрын ғана отандық кәсіпкерлер айыр қалпақты ағайындарға 13 миллион долларға тауар сату жөнінде келісімшарт жасасты. Негізінен азық-түлік, химия, фармацевтика, құрылыс және машина жасауға қажетті тауарлар жеткізеді.

Елдің Сауда және инеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қырғызстанның шет елдермен тауар айналымы бойынша Қазақстан үшінші орында тұр. Бұл елде біздің кәсіпкерлермен бірлескен 334 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл бес айдың өзінде екі ел 329 миллиондай АҚШ долларына сауда жасаған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 процентке көп. Тараптар бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті.

 

ТІГІН ФАБРИКАЛАРЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Елде мектеп формасын тігетін фабрикалар шығынға батып жатыр. Олар былтыр оқу жылына дайындаған киімді сата алмай қалған. Қазір қоймаларда шамамен 4 миллиард теңгенің киімі сақтаулы тұр. Бұл туралы Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының өкілдері хабарлады. Мектеп формасын кию биыл да міндетті емес. Бұл осы саладағы кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр. Қауымдастықтың мәліметіне қарағанда, елде мектеп формасының нарығы 50 миллиард теңгені құрайды. Салада жалпы саны 30 мыңдай адам жұмыс істейді. Басым бөлігі әйелдер.

 

ELECTROCAR ИМПОРТЫ БАЖ САЛЫҒЫНАН БОСАТЫЛУЫ МҮМКІН

Электр қуатымен жүретін көліктерді БАЖ салығынан босату туралы ереже 2023 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия қарастырып жатыр. Жеңілдік 2021 аяқталуы тиіс болатын. Бірақ Беларусь Республикасы оны созу туралы бастама көтерді. Былтыр бұл елге 1300 дей электрокар әкелінген. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар. Беларусь басшылығының айтуынша, табиғи таза көлікті БАЖ салығынан босату экономикалық кеңістікте осындай көлікке қажетті инфрақұрылымды дамытуға серпін береді.

Мәліметтерге қарағанда, былтыр Қазақстанға тоқпен жүретін 101 көлік импортталыпты. 2019 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Сәйкесінше инфрақұрылым да жақсарып келеді. Мәселен, елордада көлікті қуаттайтын станция саны 50-ге жетті. Алматыда 53. Қазақстан автобизнесі қауымдастығының мәліметіне қарағанда, биыл алты айда жалпы сомасы 442 жарым миллион теңгеге 61 электромобиль құрастырылған.

 

GENERAL MOTORS 73 МЫҢ КӨЛІГІН КЕРІ ҚАЙТАРАДЫ

Америкалық General Motors компаниясы АҚШ пен Канада нарығына шығарған 73 мың көлігін кері қайтарады. 2019 жылдан бері сатылған Chevrolet Bolt маркалы темір тұлпардың аккумуляторында ақау бар. Ол жанып кетуі мүмкін. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жарияланды. Енді осы кезеңде жасаған көлікті сатып алған тұтынушылар компанияның сервистік қызметіне барып аккумуляторын ауыстырып алуға болады. Келеңсіздік концернге қосымша 1 миллиард доллар шығын әкеледі.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 427 теңге 13 тиыннан саудаланып жатыр. Еуро – 498 теңге 36 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 75 тиын деп белгіленген.