Еліміз бір айда 5,6 млрд доллардың тауарын экспорттады

Маусымда тауар экспортынан түсетін табыс екі жарым жыл ішіндегі рекордты көрсеткішке жетті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір айда Қазақстан 5,6 миллиард долларға тауар сатқан. Бұл мамырдағы көрсеткіштен 12 процентке жоғары. Биыл алғашқы жарты жылдықта елден жалпы сомасы 27 миллиард долларға тауар экспортталған. Сондай-ақ алты айда 18,3 миллиард АҚШ долларына өнім импорттағанбыз. Оның 39 проценті көлік құралдары, бөлшек құрылғылар және аппараттардың үлесінде. Сондай-ақ өндіріске қажетті химиялық заттар, азық-түлік тауарлары көбірек әкелінген. Сарапшылар экспорттың да, импорттың да өсіміне элемдік нарықтың қайта қалыпқа келіп, шикізатқа сұраныстың артуы әсер етті дейді.

Еуразиялық экономикалық одақ кәсіпорындардан ауаға бөлінетін улы газдың көлемін азайтып, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға басымдық бермек. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шешімімен арнайы жұмыс тобы құрылады. Ол Одаққа мүше елдерде қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды азайту бойынша жұмыстарды жүйелеумен айналысады. Сондай-ақ клмиаттық ақпаратты жинақтап, цифрлық бастамаларды жасайтын банк құрады. Бұл одаққа мүше елдердегі кәсіпорындардың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттырады деген сенімде.

Айта кетейік, Бұған дейін Еуроодақ құрамында көміртек бар тауардың импортына 2026 жылдан бастап салық енгізетінін жариялады. Бұл кәрі құрлыққа мұнай экспорттайтын Еуразиялық экономикалық одақ елдерін шығынға батыруы мүмкін. Сондықтан Елдің ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ішкі нарықта көміртек салығын енгізсек Еуроодаққа беретін төлемнің бір бөлігін өтеуі мүмкін. Салықтан түскен қаржыны климаттық жобаларға жұмсау қажет деп санайды. Сондай-ақ министр экспортқа бағытталған кәсіпорындардың тізімін жасап, олардың өнідірісіне озық технологияларды енгізуді ұсынды. Алдын ала есеп бойынша Еуроодаққа құрамында көміртек бар тауар экспорттағаны үшін Қазақстан жылына 174 миллион доллар салық төлеуі мүмкін.