Еліміздегі микро және шағын бизнеске банкрот қаупі төніп тұр

Қазақстандағы мемлекеттік кірістер органдары бизнесті тексеру бойынша алдыңғы қатарда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлық тексерістердің 25 проценті солардың еншісінде деп мәлімдеді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Сондықтан микро және шағын бизнесті тексеруге мораторийді жою бәріне бірдей қосымша әкімшілік жүктеме түсіреді. Кәсіпкерлерді Құқықтық қорғау департаментінің директоры Ақылбек Смағұлов осылай деп отыр. Егер де салық органдары қазіргі экономикалық жағдайда тексерістерін қайта бастайтын болса, онда микро және шағын бизнестің жағдайын тіпті қиындатады. Өйткені әкімшілік айыппұлдар салынатын болса, кейбір микробизнестің жабылып қалуы да мүмкін дейді ол.

Айта кетейік, 2020 жылы салықтық төлемдер мен тексерістерге жарияланған мораторий миллионнан астам микро және шағын бизнес субъектілерін қамтиды. 

Қаржы министрілігі: Чек бермейтін бизнес субъектілері көбейді

Өз кезегінде Қаржы министрлігі ұсынысын былай деп түсіндірді. Қазақстандық кәсіпкерлер арасында салық мәдениеті мен кассалық тәртіп деңгейі төмендеген. Биыл чек шығармайтын кәсіпкерлер саны 11 процентке өсті. Ведомствоның есебінше, онлайн кассалық аппараттарды пайдаланатын 560 мың субъектінің жартысы ғана чек шығарады. Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділовтың айтуынша, бұл бұзушылықтар ең алдымен контрафактілік өнімдерді бақылауға кедергі келтіреді. Екіншіден, халықтан түскен шағымдардың саны артқан. Былтырдың өзінде Қаржы министрлігіне кәсіпкерлердің чек беруден бас тартатыны және POS-терминалдар арқылы төлем карталарын қабылдамайтыны туралы 19 мың хабарлама түскен. Дегенмен Қаржы министрлігінің айтуынша, олар тек салықтық тексеруді қайта бастауды сұрайды. Ал салықтық төлемдерден босату бойынша жеңілдік 2023 жылға дейін сол қалпында сақталады.

Әлібек Әбділов, ҚР қаржы министрлігінің ресми өкілі:

- Біздің айтып отырғанымыз, тек қана салықтық тексерулерді жаңарту. Оның ішінде мәселе айыппұл салуда емес, мәселе кассалық мәдениетті және жалпы салықық мәдениетті ретке келтіру. Жаңарту және алып жатқан кірістерін көлеңкеден шығарып, ашық бизнес жасау.

Микро және шағын бизнеске банкрот қаупі төніп тұр

Карантиндік шектеулер жағдайында микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийдің күшін жою кәсіпорындардың одан әрі банкротқа әкеледі. Қазақстандық 7 қауымдастықтың басшысы бірігіп осындай мәлімдеме жасады. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану, туризм, сұлулық салондары индустриясы және қонақ үй бизнесі қауымдастықтарының басшылары бар. Олар қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың тексеруді қайта бастау туралы ұсынысына жауап ретінде өз мәлімдемесін жариялады. Онда өткен жылдың наурыз айынан бастап елімізде 35 мың қоғамдық тамақтандыру кәсіпорны банкротқа ұшырап, жабылғаны айтылған.

Bitcoin бағасы $75 мың дейін өсуі мүмкін

Bitcoin жыл соңына дейін тарихи максимум деңгейін жаңартып, 73-75 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін. Ресейдің стратегиялық талдау орталығының сарапшылары осындай болжам жасады. Bitcoin капиталдандыру бойынша бірінші криптовалюта. Қазір Вitcoin шамамен 50  мың долларға сатылып жатыр. Қыркүйектің басында ол 45 мың доллар тұрған. Сарапшылардың айтуынша, бұл криптовалютаға сұраныстың артқанын көрсетеді. Сонымен қатар өсімге негіз болған факторлардың бірі - Латын Америкасы елдерінде Bitcoin-ға сұраныс артуы мүмкін. Өйткені ондағы инвесторлардың бұл криптовалютаға қызығушылығы жоғары. Тағы бір негізгі фактор - америкалық технологиялық индекстердің өсуі, онда Bitcoin қорғаныс активіне айнала бастады.