Әлемде алтын қымбаттап жатыр 

Әлемде алтын бағасы кейінгі 30 жылда бес есе өсті.  Дүниежүзілік алтын кеңесі осылай мәлімдеді.

1991 жылы баға орташа есеппен 362,3 доллар болса, 2010 жылға дейін ол мың доллардан әрі аспаған. Құнды металдың құны, содан кейін, шарықтап шыға келді. Мәселен, 2020 жылы 1769,6 долларға тең болса, биыл қыркүйек айындағы сауда саттық нәтижесінде  1792,45 доллар деп бағаланды. Сапаршылардың пайымынша, алтын бағасының өсуіне  АҚШ федералды резерв жүйесінің экономиканы ынталандыруға  қатысты жаңа саясаты себеп болып отыр. Айта кетейік, біздің елде қазір құнды металдың 387 тоннадан астам көлемі бар. Қазақстан әлем елдері ішінде 13-орынға ие.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ ӨСКЕНІМЕН, ЖАҒДАЙ ӨЗГЕРЕ МЕ? 

Президент  тапсырмасына сай, елде қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге болады. Әуелгіде бұл жаңалықты естіп, біразымыз бөркімізді аспанға атқанымыз рас. Ал осы қаржыға қанша бөлке нан, ет пен сүт сатып алуға болады? Қазір нарықтағы күйіп тұрған қымбатшылықты ескерсек, 60 мың теңге қарапайым тілмен айтқанда 397 бөлке нан немесе 27 келі ет, 240 литр сүт деген сөз. Бұл – бүгінгі есеп бойынша. Жалпы, біздің елде халықтың алақанына түсер тиын-тебен артқан сайын, азық-түлік бағасының аспандап кететіні бар емес пе? Десе де төменгі айлық мөлшерінің артуы бұқараның тұрмысына оң әсер ете ала ма? Қаржыгер Талант Қалиеваның айтуынша, бағаны ауыздықтамай, бәлендей өзгеріс күту қиын. Рас елде Жалпы ішкі өнім көлемі көбеюі мүмкін, бірақ түптеп келгенде ол отбасы бюджетін жақсарта алмайды. Сондықтан мемлекет қаржыны бөліп қана қоймай, сатылатын тауар саны мен сапасын қадағалауы тиіс, дейді маман. Айта кетейік, елде қазір ең төменгі жалақы 42 мың 500 теңге. Ол  2018 жылдан бері өзгермеді. Енді қаңтардағы жаңашылдықтан кейін Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері арасында Қазақстан  «ең төменгі жалақысы» жоғары  екінші ел болмақ. Көш басында Ресей тұр.

НАРЫҚТЫ ҚАЛАЙ РЕТТЕУГЕ БОЛАДЫ? 

Биыл 6 айда қазақстандықтар күнделікті тұтынатын тауарларға 4.6 процентке көп қаржы жұмсаған. Бір адамның шығыны шамамен 96 мың теңге. Мұндай мәліметі Ұлттық статистика бюросы жариялады. Айталық,  Алматыда күнкөріс қамы үшін 127 мың теңге, Павлодар мен Шығыс Қазақстанда 117 және 116 мың теңге жұмсалады. Ең төмені Шымкентте. Мұнда тұрмысқа қажет заттарды алуға әр тұрғынның 72 мың теңгесі кеткен. Ресми дерекке сүйенсек, азаматтар тапқан табысының басым бөлігін ішіп-жемге арнайды. Биыл азық-түлік алуға кеткен қаржы  5,5 процентке артқан. Осы себепті болар, Президент кешегі Жолдауда Үкіметке базардағы бағаға қатысты бассыздықты шұғыл реттеуді тапсырды. Жалпы, билік қам-қарекетсіз емес. Бірақ неге екені белгісіз, халық игілігін сезе алмай келеді. Керісінше жылдан жылға қымбатшылық қысып барады. сондай-ақ биыл елде былтырға қарағанда сырттан 3 млрд долларға артық өнім әкеп, сатылған. Бұл да нарықтағы жағдайдың шиеленісуіне әсер етті.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП департаментінің директоры:

– Үкімет тарапынан бағаны шектеу деген шаралар қолданылып отыр. Нарықтық бағаны қалай шектеуге болады? Мысалы өнімнің өз бағасы 100 теңге болса, оны қалай біз 80 теңгеден сата аламыз. Үкімет тарапынан шектеу жасап. Өнімнің бағасы кішкене арзандау болуы үшін сол өнімді шығаратын шаруаларға жағдай жасап қою керек. Мысал ретінде мына алма. Соңғы 5-6 жылда алманың бағасы тұрақты. Келісесіз ғой? Ол неліктен? Ішкі нарығымыз өз отандық өнімізбен қамтамасыз етілген. жылдан-жылға әсіресе оңтүстік өңірлер алма алқаптарын көбейтіп жатыр. Сондықтан сондай жолын табуымыз керек.

ЕЛДЕ ПЛАСТИКАЛЫҚ БӨТЕЛКЕЛЕРДІҢ 5% ҒАНА ӨҢДЕЛЕДІ

Қазақстанда пластикалық бөтелкелердің 5 проценті ғана өңделеді. Ал қолда бар шикізат бұдан еселеп көп.  «Қазақстан қаптамашылар қауымдастының» төрағасы Батырбек Әубәкіров осылай дейді. Оның айтуынша, былтыр елімізде 2,3 млрд литр сусын, минералды су, шырын және күнбағыс майы пластикалық бөтелкеде шығарылған. Бұдан бөлек, жыл сайын 1 жарым млрд дана пластикалық бөтелке елімізге сырттан жеткізіледі. Бірақ оларды отандық зауыттарға сататындар аз. Себебі баға төмен. Есесіне, қалта қамын ойлап, Ресей, Өзбекстан асырады. Сондықтан пластикалық бөтелкелерді сыртқа шығаруға тыйым салу арқылы көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюға болады. Әрі зауыттарды қажет шикізатпен қамтуға мүмкіндік туады, дейді маман. Айта кетейік, қазір елде қоқыс өңдейтін 10ға тарта кәсіпорын бар.