Қазақстан көмір экспортын арттырады

Тәуелсіздік жылдары елімізде 2,8 млрд тонна көмір өндірілді. Оның 750 млн тоннасы экспортталды. Биылғы жоспарға сай 19 млн тоннасы сыртқа жөнелтілуі тиіс.

Жыл басынан бері 11 млн астамы Ресей асты, 3 млн көбі Еуропа жаққа аттандырылған. Тағы Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь елдері де қазақстандық көмірді пайдаланады. Былтыр Ресейге жөнелтілген көмір 21 млн тоннадан асқан болатын. Ішкі нарықта отынның басым бөлігін энергия өндіруші кәсіпорындар пайдаланады. Қазір бұл бағытқа 40 млн тонна көмір бөлінген. Бүгінде Қазақстан қатты отын қоры бойынша әлемдегі ондыққа кіреді. Мамандар Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы кен орындарын игеру әзірге экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін айтады. Елдегі көмірдің негізгі қоры солтүстік және орталық Қазақстанда шоғырланған. Жыл басынан бері елде 68 млн тонна көмір өндірілді.

Саят Исатов, ҚР ИИДМ Қара металлургия және көмір өнеркәсібі комитетінің бас сарапшысы:

- Коммуналдық-тұрмыстық секторға, халыққа көмір тауар биржалары арқылы сатылады. Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар тауар биржасының саудасын жетілдіру шараларын қабылдады. Яғни министрлік өңірлік операторларды анықтауда өзінің ұсынымдарын әкімдіктерге жіберді. 

Биылғы жылыту маусымында тұрғындарға 6,4 млн тонна көмір жөнелтіледі. Коммуналық-тұрмыстық салаға 2,1 млн тоннасы бағытталады. Бұл былтырмен салыстырғанда 800 мың тоннаға аз. Құзырлы министрлік мәліметіне сүйенсек, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында халықты газға қосу нәтижесінде көмірге деген сұраныс азайған. Қазір қорда жылыту маусымын қиналмай өткізуге қажет көмірдің жартысы жиналды. Мамандар қатты отын тапшылығы болмайды деп сендірді. Бүгінде «Восточный» және «Майкубен-Вест» кен орындары сұраныстың азаюына байланысты өндірісті азайтқан. «АрселорМиттал» да технологиялық себепке байланысты көмір игеруді қысқартып отыр. Қалған ірі кәсіпорындар өндірісті ұлғайтты. 57 мың бірлік вагон тасымалды уақытылы жүргізіп жатыр. Ал бағаны нарық реттейді.

Саят Исатов, ҚР ИИДМ Қара металлургия және көмір өнеркәсібі комитетінің бас сарапшысы:

- Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, өңірлерде көмірдің тоннасы 5 мыңнан 19 мың арасында. Ол көмірдің сапасына, маркасына, арақашықтыққа, көмір өндірудің өзіндік құнына байланысты бұған келесі факторлар әсер етеді. Ол жанар-жағармай, электр энергиясы, әлеуметтік міндеттемелер, жалақы және қосалқы жабдықтар.