Әлемде еңбек нарығын трансформация күтіп тұр

Келешекте әлемде 85 млн жұмыс орны жойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның орнына заманға сай 97 млн жаңа жұмыс орны пайда болуы мүмкін. Біздің елде де кәсіпорындардың жартысынан көбі автоматтандырылады. Осы тұста адами капиталды дамытудың уақыты келді. Бұл туралы «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа шынайылық жағдайындағы даму» атты алғашқы ұлттық баяндамада жазылған.

Алдағы 5 жылда елдегі жұмыс күші 9,5 млн адамға жетеді. Негізінен жалдамалы жұмысшыларға сұраныс артады. 55%-ке. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы дайындаған алғашқы ұлттық баяндамада «Салалық бөліністе жалдамалы еңбекке деген сұраныс ең алдымен білім беру, ауыл шаруашылығы жəне өңдеу өнеркəсібі саласында қалыптастырылатын болады» делінген. Орталық өкілі Ұлпан Шегенованың айтуынша, нарық трансформацияланып жатыр. Келешекте қызметкерлердің дені қайта оқудан өтіп, бағытын ауыстырады. Әсіресе, банк, өңдеу өнеркәсібінде бүгінгі мамандарға қажеттілік болмай қалуы мүмкін. Сол үшін адамзатқа өмір бойы оқуға, білім алуға тура келеді. Баяндама авторлары осыған халық қана емес, билік те дайын болуы қажет дейді. Қазір құрылыс, өнеркәсіпте инженер-техниктер тапшы, міне, осы мамандар шетелден шақыртылып жатыр. Бірақ олар алып келетін жаңа технологиялар нарыққа қажет мамандықтарды түзуге мүмкіндік береді. Әзірге Қазақстан технология саласындағы бизнесті дамытуда 81-орында тұр. Ересек адамдардың 95%-і бұл бағытта кәсіп игеруге ниет білдірмеген екен. Сұралғандардың 25%-і қайта оқуға қаржысы жоғын айтыпты.

***

Қазақстан қор биржасында инвесторлар көбейді

Өткен айда 190 мың қазақстандық шот ашқан. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Сауда-саттық үлесі де 24%-ке артты. Әдетте іскерлік белсенділік төмендейтін айда көрсеткіш 15 трлн теңгеге жеткен. 504 құнды қағаз аталымы бар. Қазақстан қор биржасында сатылған мемлекеттік қарыз үлесі 1,2%-ке төмендеді. Сөйтіп, тамыздағы көрсеткіш 18 трлн теңге немесе 42 млрд долларға жеткен. Басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевскаяның айтуынша, бұл нарықта құнды қағаздар сатылымы 177 млрд теңгеге қысқарды. Қаржы министрлігі мен әкімдіктер өткен айда аз қарызданған. Екінші нарықтағы жағдай басқаша, 2 есе өсім бар. Бұл 68 млрд теңге.

***

Аргентинада литий өндірісі қарыштап дамуда

Ал Аргентина мұнайдың екінші түрін дамытуға ниетті. Қазір мұнда электрлі көліктердің аккумуляторлары үшін литий өндіру қарқын алған. Өндіріс орындары негізінен елдің солтүстігінде, шалғайдағы шөлейт аймақта ашылды. Бұл жерде литийдің дүниежүзі бойынша үшінші қоры жатыр. Өте жеңіл металл тұзды судың құрамынан сүзіп алынады. Оны өндіру бойынша Аргентина төртінші орында. Енді алдағы жылдары өндіріс қарқынын 40 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Ал болашақта жылына 200 мың тонна литий шығарылады. Мамандар алдағы 2 жылда аталған металға деген сұраныс 30%-ке артатынын айтады.

Дэвид Гереро Алварадо, кеңесші:

- Аргентина 10 жылға жетпей литий өндіру бойынша әлемдегі ең жетекші елге айналуы мүмкін. Тек бұл үшін жобалар кеңінен қолдау тауып, жүйеленуі тиіс.

***

Еуропадағы газ құны рекордтық деңгейге жетті

Еуропада газдың мың текше метрі 800 доллардан асты. Бұл рекордтық көрсеткіш. Бір апта бұрын ғана баға 700 доллар болған еді. Көгілдір отын құны сәт сайын өсіп жатқанымен, қоймадағы өнім үлесі 5 жылдағы орташа көрсеткіштен 16%-ке аз. Жағдай реттелмесе, Еуропадағы тапшылық салдары тым салқын болмақ. Онда отынды жеткізу үшін бүкіл әлем шығындалады. Ресейден Германияға бағытталған «Северный поток 2» газ құбырының құрылысы аяқталды. Бірақ пайдалануға берілу уақыты әзір белгісіз. Мамандар көгілдір отынның қымбаттауына осы жағдай әсер еткенін айтады. Ал сертификаттау уақыты 4 айға созылуы мүмкін. АҚШ-та да газ қоры тапшы. Қысқа дейін тиісті отын жеткізілмесе, мұндағы табиғи газ құны екі есе қымбаттайды.

***

Елімізде ішкі нарықта газға сұраныс артты

Елде 2,1 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Бұл жоспардан 107%-ке көп. Бірақ мұнай өндірісінің төмендеуі табиғи газ өндіруге әсерін тигізген. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері 35,5 млрд текше метрі игерілді. Жоспар тек 98%-ке орындалған. Есесіне ішкі нарықтағы тауарлық газды тұтыну 12%-ке өскен. Бұл 11,6 млрд текше метр деген сөз. Табиғи газдың 5 млрд текше метрі сыртқа шығарылды. Межеленген уақыттағы жоспар 99%-ке орындалды. Экспорттың азаюына ішкі сұраныстың артуы және өндірілген тауарлық газдың аздығы себеп. «ҚазТрансГаз» кәсіпорны Еуропаға көгілдір отын сатпайды. Яғни, мұндағы баға біздің нарыққа әсер етпейді.