Қашықтан жұмыс істеуге сұраныс артты

Соңғы жарты жылда Қазақстанда қашықтан жұмыс істегісі келетіндердің саны 4,5 есе артқан. Сұранысқа сай осы бағытта ұсыныс та жоғары. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2020 жылға қарағанда биылғы бірінші жарты жылдықта қашықтан жұмыс істеу форматындағы ұсыныстар саны 44%-ке көп. Бұл «HeadHunter Казахстан» сайтында жарияланды.

Биыл шілдеде Ұлттық статистика бюросы қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер санын статистикалық есептерге жаңа индикатор ретінде енгізді. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл санат жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының шамамен 1% құрайды. Хабарландыру сайтындағы көптеген мамандықтар цифрлық сауаттылықтың болуын талап етеді. Ондағы ең жиі кездесетін бос жұмыс орындары – телефонмен сауалнама жүргізетін оператор, дизайнер, репетитор, SMM маманы және сауда менеджері. Ал Tik Tok роликтерін қарайтын маман, футбол сарапшысы, фитнес брендтің амбассадоры сынды вакансиялар көп емес. Жұмыс берушілер 75 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін, кей хабарландыруларда тіпті 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынады.

Жалпы Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы 129 жойылып бара жатқан, 95 трансформацияланатын және 239 мүлдем жаңа мамандық анықтады. Олардың көпшілігі қоғамда жаңа қажеттіліктерінің пайда болуымен байланысты. Көп жағдайда болашақтағы қызметтер бірден бірнеше саладағы білімді қажет етеді. Екі саланың түйіскен жерінде жұмыс істеуге дайын мамандар сұранысқа ие болады. Әсіресе, жұмыс істеп жүрген саланың цифрлық әлеуетін ескеріп, жаңа технологияларды қазірден бастап меңгерген жөн. Атлас авторларының айтуынша, қазақстандықтарға  IT дағдылары туралы ойлану керек. Тіпті ауыл шаруашылығында да жем немесе су көлемін есептей алатын цифрлық жүйелер пайдаланылатын болады, ал егістіктерде автономды роботтар жұмыс істейді, оларға қызмет көрсету үшін ауыл шаруашылығын да, робототехниканы да білетін мамандар қажет болады.

ӘЛЕУМЕТТІК ОБЛИГАЦИЯЛАРДАН ТҮСКЕН ҚАРЖЫ ШОБ-ҚА ЖҰМСАЛАДЫ

«Даму» Қоры алғашқы әлеуметтік облигацияларын шығарды. Бағалы қағаздардың жалпы сомасы 1 млрд теңге. Өтеу мерзімі – 5 жыл, ал кірістілігі — 11,9%. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады. KASE алаңына шығарылған алғашқы әлеуметтік облигацияларды жергілікті инвесторлар сатып алды. Одан түскен қаражатты COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың ең көп зардап шеккен секторларына, атап өтсек шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсамақ.  «Бұл шығарылым капитал нарығында қаржы мен инвестор тарту ғана емес, сондай-ақ нарыққа жаңа қаржы құралын енгізу мүмкіндігі», – делінген хабарламада.

ҚОР НАРЫҚТАРЫ ТАРИХИ ТӨМЕН ДИНАМИКА КӨРСЕТУДЕ

Осы айда АҚШ-тың негізгі қор индекстері кірістің теріс мәндерін көрсетті. Өз кезегінде, АҚШ үкіметінің 10 жылдық облигацияларының кірістілігі өткен тәулікте 3,5% -ке төмендеді. Бұл құнды қағаздардың кірістілігі ипотека ставкалары үшін нұсқаулық ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар инвесторлардың экономикаға деген ниетін көрсетеді. Яғни  кірістіліктің төмендеуі облигациялардың бағасы және сәйкесінше осы қағаздарға сұраныс артып келе жатқанын білдіреді. Осылайша, тамызда АҚШ-тың акциялар нарығы өте жоғары көрсеткіштерге жеткен. Ал қыркүйек керісінше, акциялар үшін ең қолайсыз ай болды.  Бұдан бөлек акциялардың бағасына коронавирустың жаңа штаммына қатысты қауіптер мен АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі жеңілдетілген ақша-несие саясатын тоқтатуы әсер етеді деп хабарлайды @kazakh_trader сарапшылары.