Баспана бағасы неге қымбаттады?

Елде тұрғын үйдің бағасы құрылыс құнынан екі жарым есе қымбат, деп хабарлайды «Хабар 24». Ресми мәліметке сүйенсек, тамыз айында елдегі дайын баспаналар 344 мың теңгеден саудаланған. Ал оны салу кезінде әр шаршы метріне шамамен 150 мың теңге қаржы жұмсалады. 

Құрылыс құны мен үйдің бағасындағы айырмашылықты өңірлерге бөліп қарастырайық. Көш басында Маңғыстау тұр. Мұнда әр шаршы метрге орташа есеппен 68 мың теңге жұмсалып, кейін 251 мың теңгеге сатылады. Демек, бағадағы айырым 3 есе. Ал Алматы және Жамбыл облыстарында ол бір проценттен аспайды.

Жалпы, үй бағасы жоғары аймақтар жөнінен Нұр-Сұлтан алда тұр. Мұнда тұрғын үйдің құны өткен айларда 436 мың теңге деп белгіленді. Алматыда 408 мың,  Шымкентте 357 мың, ал Атырауда 314 мың теңге болады. Ең арзан үй Тараз, Ақтөбе, Қызылорда,Талдықорған және Орал қалаларында.

ЕЛДЕ ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР ПАЙДА БОЛАДЫ 

2040-шы жылға қарай елде жаңа 200-ден аса мамандық пайда болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылай дейді. Дені мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, ақпараттық технология, құрылыс, туризм және энергетика салаларында. Алысқа бармай-ақ, алдағы бес жылда 3 Д принтерінде басып шығарушы, биг дата сәулетшілері, ұшқышсыз ұшу аппаратының операторлары сынды қызметтер сұранысқа ие болады. Ведомствоның есебінше, жұмыс күші әсіресе білім саласында қажет. 200 мыңға жуық маман алынуы тиіс. Өңдеу өнеркәсібінде 105 мың, ауыл шаруашылығында 87 мыңға жуық қызметкер керек. Ал қаржы және сақтандыру салаларында керісінше тапшылық сезілмеуі мүмкін. Өз кезегінде 2025 жылға қарай еңбекке қабілетті адам саны елде 11,8 млн-ға жетеді деген болжам бар. Бұл қазіргіден 5 процентке көп.

ӘЛЕМДЕ ТЫҢАЙТҚЫШ ҚЫМБАТТАДЫ

Әлемде тыңайтқыштар қымбаттады. Әсіресе калий, фосфор мен азоттың бағасы кейінгі 10 жылда едәуір өсті. Бағадағы өзгеріс азық-түлік нарығындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді, дейді сарапшылар. Мәселен, жүгеріні алайық. Оны өсіруге бөлінетін қаржының 20 проценті тыңайтқыштарға жұмсалады. Биыл егіннің шығымсыз болуы әлем бойынша мал азығынан тарығуға әкелді. Салдарынан сапалы еттің бағасы көтерілді. Сондай-ақ шырындар мен газдалған сусындар да қымбаттауы мүмкін, өйткені оны дайындауда жүгері қолданылады. Мамандардың есебінше, келер жылға қарай әлемде жүгері алқаптары 36 млн гектарға қысқаруы мүмкін.Тыңайтқыштардың қымбаттауына ауа райы әсер етті десек, тағы бір фактор АҚШ-та табиғи газ бағасының өсуінен зауыттар жабылды. Айта кетейік, әлемде азық түлік бағасы  60 жыл ішінде бұрын соңды болмаған деңгейге жетті, биылдың өзінде ол 33 процентке қымбаттаған.

МҰНАЙ БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ҚҰБЫЛДЫ?

Енді мұнай нарығынан бірер ақпар. Кейінгі 5 жылда ішкі нарықта қара алтын құны екі есе өсті. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, шикі мұнай тамыз айында өндірушілерге 71 мың теңгеден сатылған. Дегенмен былтыр мұнай бағасы күрт төмендегенін білеміз. Тоннасы 45 мың теңге болды, бұл 2019-шы жылда қарағанда 30 процентке арзан. Нарықтағы тұрақсыздық қаңтар айына дейін жалғасты, алайда ақпаннан бастап біртіндеп өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, биыл тамызда мұнайдың тәулік ішіндегі өндірісі 1,3 млн баррелге жеткен. Енді қыркүйектегі Опек+ келісімшартына сай Қазақстан оны  бір жарым млн баррелге дейін арттыра алады.