2030 жылға қарай әлемдегі сандық төлем үш есе артады

фото: mezon.io

2030 жылға қарай әлемдегі қолма-қол ақшасыз төлем үш есе өседі. Халықаралық консалтинг ұйымы жасаған болжам осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

2020-2025 жылдар аралығында мұндай төлем үлесі 80%-ке артады. Тағы бес жылдан кейін 3 трлн транзакцияға жетеді. Мамандар, әсіресе, Азия-Тынық мұхиты аумағындағы көрсеткіш еселеп артатынын хабарлады. Тізімді Африка, Еуропа, Латын Америкасы жалғайды. Тек АҚШ пен Канадада аздау болады екен. Болжам жасаушылар мобильді төлемнің басым болатынын айтады. Өсім 23%-ті құрауы тиіс. Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов та елімізде жеке және заңды тұлғалар үшін екі бөлем есепшот қабылданатынын хабарлады. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік мақсатта ақша аударымын жүзеге асыруға хақысы жоқ. Бұл заңмен қадағаланатын болады. Жыл басынан бері елде 36 трлн теңге онлайн аударылған.

***

Күзде электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

Мамандар елдегі бағаналардың 65% тозғанын айтады. Салдарынан тариф қымбаттап барады. Жылу және электр энергетикасын дамытудың Стратегиялық жоспарына сай биыл жаңғырту жұмыстарына 41 млрд теңге бөлінуі тиіс-тін. Бұл қаржы олқылықты түгел түзеуге жетпейді. Жеті айда 66 млрд кВт/сағат ток өндірілді. Дегенмен, тұтыну үлесі жылдан жылға артып келеді. Алдағы 5-6 жылда базалық электр қуаты шамамен 900 МВт көлемінде тапшы болады. Қазірдің өзінде 1000 МВт болатын реттеу қуаты жетіспейді. Бұған майнинг өндірудің де әсері бар. Бұл салада Қытай мен АҚШ-тан кейін үшінші орында тұрмыз. Бүкіл әлемдегі криптовалютаның 8,2%-і бізде өндіріледі. Ал электр желілері кешеніне соңғы 15 жылда қажетті инвестиция тартылмаған. Енді құзырлы министрлік 2035 жылға дейінгі Энергетикалық теңгерімді әзірлемек. Инвестициялық келісімдерді іске асыру арқылы қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту көзделіп отыр. Нәтижесінде 235 млрд теңге болатын 1,5 мың МВт қосымша қуат енгізілетін болады.

***

Жаңа ұшақтар алу үшін жеңіл несие қажет

Жаһандағы әуе компаниялардың табысы былтыр 56%-ке азайған. Бұл туралы IATA-ның орталық Азия бойынша өңірлік менеджерінің орынбасары Руслан Сарин мәлімдеді. Жағдайды реттеу үшін қауымдастық «жасыл» статусы бар мемлекеттерден екпе алған жолаушыларды кедергісіз тасымалдауға рұқсат беруді сұрап отыр. Ал еліміздегі ахуал қалай?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Авиация саласы пандемиядан қатты зардап шекті. Табыстың азаюын айтпағанда елдегі әуе көлігі парктері тозып қалған. Республика аумағында 20 әуежай бар. Алдағы уақытта оның бесеуі жаңғыртылады. Әйтеуір бірқатар мемлекеттегі шектеулер алынып, халықаралық рейстердің тең жартысы қалпына келді. Былтырғы көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 70%-ке аз болған. Қазір Қазақстан мен 16 ел арасында аптасына 114 рейс орындалады. Ал ішкі тұрақты сапарлар үшін субсидия көлемі екі есе артып, 5,5 млрд теңгеге жетті. Осы ретте азаматтық авиация комитеті денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сай «жасыл» статусы бар елдерге ведомствоаралық комиссия шешімін күтпестен әуе рейстерін бастауды ұсынды. Табысын арттыра алмай отырған әуе кәсіпорындарына компенсациялық тариф енгізу қажеттігі айтылды. Әуе компаниялар болса, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа ұшақтар алу үшін жеңілдетілген несие беруді сұрайды.

***

IATA Travel Pass жүйесін қолдана бастады

Emirates алғашқылардың бірі болып халықаралық әуе көлігі қауымдастығы ұсынған IATA Travel Pass жүйесін іске қосты. Енді жолаушыларға сандық абонемент арқылы 6 континенттегі медициналық қызметтер қолжетімді болады. Дубайлық әуе компаниясы пилоттық жобаны сәуірде сынаған еді. Сәтті нәтиже негізінде ІАТА-мен келісімшартқа қол қойылды. Қазан айынан бастап 120 қаладан шығатын жолаушылар сандық жүйені қолдана бастайды. Мамандар мұндай бастаманың пандемия кезеңінде маңызды екенін айтады. Бұл қауіпсіз әрі кедергісіз сапарға негіз болмақ. Біріншіден, жолаушылардың кезек күтуі тыйылады. Өйткені жүйеде сапар жайлы нақты ақпараттар жазылған. Яғни, бара жатқан елде коронавирус жұқтырмағанын айғақтайтын тест нәтижесі не вакцина құжатының талап етілуі жайлы бірден білуге болады. Жүйеде 1,5 мың зертхананың орналасқан орны көрсетілген. Бастысы, барлық дерек сандық форматта сақталады.