Елімізде аяқ киім қымбаттауы мүмкін

Елдегі аяқ киімнің жартысына жуығы көлеңкелі нарыққа тиесілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік кірістер комитеті осылай дейді. Келеңсіздікті жою үшін 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқ киім өндірісі мен тасымалына тыйым салынады. Жаңашылдық өнімнің бағасына қалай әсер етеді?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Аяқ киім импорттаушылар мен өндірушілер 1 қарашадан бастап таңбаланбаған өнімді нарыққа шығара алмайды. Оған дейін алынған аяқ киімдер 1 сәуірге дейін сатылып бітуі тиіс. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева айналымдағы аяқ киімнің 96%-і сырттан келетінін, тек 4%-і отандық өнім екенін айтады. Жаңашылдық заңсыз тасымалды тыю үшін қолға алынбақ. Қазір елде 500-ге тарта импорттаушы мен өндіруші бар. Оларға әр аяқ киім үшін дербес код беріледі. Оның көмегімен тауар сапасы жайлы тұшымды ақпарат алуға болады. Өйткені Қытайдан келген затқа Италияныкі деп айдар тағып жүргендер аз емес. Мамандардың есебінше, нарықтағы аяқ киімнің жартысына жуығы осындай өнім. Жыл басынан бері бағаның тағы 6%-ке қымбаттағаны белгілі. Ал сауалнамаға қатысқандардың 15%-і шәркейін жаңалауға шамасы жетпейтінін жеткізген. Өйткені қымбатшылықтың ауылы алыс емес деп отыр. Қыс алдында енгізілетін таңбалау әдісі бағаға қалай әсер етеді?

Бикеш Құрманғалиева, «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры:

- Бір жұп аяқ киім үшін цифрлық код тарифінің құны 2,68 теңге. Біз бірыңғай оператор ретінде Қазақстан үшін аяқ киім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөз жүргіздік. Яғни орта есеппен өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалау шығындары бір жұп бағасының 0,1-2,5%-ін құрайды. Қысқаша айтқанда, цифрлық таңбалау нарықта заңды түрде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің тауар бағасына аса бір өзгерістер әкелмейді.

***

Шағын кәсіпкер үшін цифрлық таңбалау тиімді емес

Кей тұтынушы үшін аяқ киім бағасы қымбаттауы да мүмкін. Өйткені өнімді заңсыз тасымалдап отырғандар тиісті қосымша құн салығы мен кедендік алымды төлемей келгендіктен, баға 20%-ке арзан болған. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жоба жетекшісі Мұхаммедхайдар Сейіт «жаңашылдық енгізілген соң мұндай олқылықтар тыйылады», дейді. Бәрі заң аясында жұмыс істейтін болады. Ал шағын кәсіпкерлер цифрлық таңбалауға аса қуанып отырған жоқ. Қазақстанның Тікелей сатылымдар қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова саланы біріздендірмейінше жаңашылдықтардан қайыр болмайтынын айтады. Оның сөзінше, цифрлық таңбалаудың өзі кәсіпкерлер үшін шығын. Әдетте чек бермейтін шағын бизнес иесіне күмәнмен қарайтындар бар. Тек көлеңкелі айналым оларға тиімді емес. Анастасия Калашникова кәсіпкерлердің шын мәнінде қиындатылған есеп-қисаптан қорқатынын мойындады.

Анастасия Калашникова, Қазақстанның тікелей сатылымдар қауымдастығының атқарушы директоры:

- Жаңашылдық өте көп. Бәріне ақша төлеу қажет. Тауарларға ілеспе жүкқұжат сұралады. Бұл деректер шот-фактурада да бар. Яғни, бір ғана электронды шот-фактураны қолданып жүре беруге болар еді. Енді міне, цифрлы таңбалау қосылды. Ол да бізге қажет емес. Тауарды заңсыз тасымалдау, сату мүлде тиімсіз. Ешкім де ондай тәуекелге бармайды. Біздің ойымызша, ірі кәсіпкерлер мұнымен айналысып отыр. Сол шекарада жалғасып келе жатқан былық. Ал шағын кәсіпкерлер осынша қиын есеп-қисапқа дайын емес. Оларға барынша жеңілдік жасау керек.

Ал жобаға жауаптылар жаңашылдықты енгізбес бұрын оң-солын түгел зерттеп алғанын айтады. Тұтынушы мен кәсіпкерге ыңғайлы «Нақты өнім», «Нақты сауда», «Нақты сауда акт» сынды тегін мобильді қосымшалар әзірленді. Алдағы уақытта таңбалау жүйесі де интеграцияланады.

***

Сарапшылар: Биткоинның құны жыл соңына дейін 100 мың долларға жетеді

Әлемдік сарапшылар биткоинның құны жыл соңына дейін 100 мың долларға жететініне сенімді. Олар «Қытайдың криптовалюта айналымына тыйым салуына алаңдай берудің қажеті жоқ», дейді. Дегенмен өткен аптада баға тамыздағы көрсеткіштен де құлдырап кетті. Қазір 41 мың доллардың айналасында. Болжам әртүрлі. Еліміздегі инвесторлардың бірі Әлібек Жалғасбаев биткоинға ақша салуға асықпауға шақырады. Ол криптовалютаны түсінетін компанияның акциясын сатып алуға кеңес береді. Бірақ тәуекелді де ескеріңіз. Ақшаңызды сақтағыңыз келсе, алтынға инвестициялаған жөн. Өйткені кез келген дағдарыс кезінде бағалы металдың құны әсте өседі. Ал жылжымайтын мүлік пен көлікке ақша шығындауға асықпау керек. Теңгемен санағанда елдегі мүлік құны өсіп жатқанымен, долларға шаққанда арзандаған. Елімізде акциясын саудалап отырған 8 компания бар. Олармен Қазақстан қор биржасы не Astana International Exchange арқылы байланысуға болады. Бастысы, инвестицияңызды ұзақмерзімге жоспарлаңыз.

Әлібек Жалғасбаев, инвестор:

- Айына 30% жасау, 20% жасау мүмкін емес. Бір рет болады, екі рет болады. Бірақ бір жыл бойы өсімді сақтап тұру мүмкін емес. Негізі теңгемен қарағанда жылына 15-20% өсіруге болады. Тұрақты, төмен тәуекелмен өсіруге болады. Депозитпен салыстырсақ, ол 9%. Сонда 3 еседей көп пайда табасыз.  Егер көбірек пайда керек болса, әрине, инновацияға салу керек.

***

Мұнай бағасы қымбаттайды

Қыс бұрынғыдан қатты болса, мұнай баррелі 90 долларға дейін қымбаттайды. Голдман Сакс сарапшылары, осылайша, алдыңғы болжамын 10 долларға еселеді. Бағаның өсуіне газ құнының артуы да себеп болады. Мамандар «Еуропаға көгілдір отын тасымалының азаюы баламалы отын ретінде қара алтынға сұранысты арттырады», дейді.