Елімізде 3000-нан аса жобаға жеңілдетілген несие берілді

«Қазақтелеком» Kcell акцияларының 24%-і сатылғаны туралы ресми түрде хабарлады.

Ал «Табыс» мобильді қосымшасында 2 қазақстандық компанияның акциялары кіретін ноталар пайда болды. Бұл елдегі инвесторлар үшін қандай мүмкіндік береді?

Елде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 901 млрд теңге болатын 3,5 мыңдай жеңілдетілген несие берілді. 70 мың жұмыс орны құрылды. 3,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қайта өңдеу жобалары көп субсидияланған. Одан кейін денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет, білім беру салалары көш басында. Кепілдік беру жағынан да қайта өңдеу кәсіпорындары алдыңғы шепте тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қаржыландыруды ұлғайтпай,

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қолдану мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзартуды тапсырды. Осы ретте Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық несие корпорациясының облигацияларын сатып алмақ. Бұл бастама негізінде импорт алмастыруға және жаңа өндірістер құруға бағытталған кәсіпкерлерге жеңіл несие беруге мүмкіндік туады. Еске салайық, бағдарлама қолға алынғалы 1,58 трлн теңгеге 4004 өтінім түскен. Нәтижесінде 1,1 трлн теңгеге 3373 жоба мақұлданып, оның 3278-іне несие берілді.

Ахметали Ержан, ҚР Ұлттық банкі департаменті директорының орынбасары:

- 20 қыркүйекте ҰБ басқармасының қаулысымен бағдарламаға қатысушы екінші деңгейлі банктер мен аграрлық несие корпорациясы облигацияларын сатып алу мерзімі тиісінше 2022 жылдың аяғына дейін ұзартылды. ҰБ шешімі ҚР Үкіметі өзгерістерді қабылдаған күннен бастап күшіне енеді. ҰБ тарапынан бөлінген қаражат 2022 жылы импортты алмастыруға және жаңа өндірістерді құруға бағдарланған кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр.

***

Мұнайға сұраныс қандай болады?

Әлемдегі мұнай өндірісі қараша айында да тәулігіне 400 мың баррель деңгейінде қалуы мүмкін. Тұтынушылар болса, өндірісті арттыруды талап етіп отыр. Тараптар бүгін кездеседі. Әзірге баға арзандап жатыр. Кеше брент маркалы өнімнің баррелі 75,55 долларға сатылды. Бұл алдыңғы саудадан 0,68%-ке арзандау. Бұған әлемдік экономиканың қалпына келуі бойынша болжам әсер еткен. Goldman Sachs сарапшылары энергия тұтыну көрсеткіші негізінде Қытайдың ЖІӨ 8,2% емес, 7,8%-ке тең болатынын мәлімдеді. Әзірге бұл мемлекет мұнай қоры жайлы ақпарат таратқан жоқ. Ал АҚШ-тағы өнім 4,1 млн баррельге жетті. Апта басында банк сарапшылары Brent маркалы мұнай құны жыл соңына дейін 90 долларға жететінін болжаған болатын. Олардың пайымынша, әлем қара алтын тапшылығына душар болуы ықтимал. Ал ОПЕК елдерінің есебі бойынша 2026 жылы мұнай қажеттілігі артып, тәулігіне 104,4 млн баррельді құрауы тиіс. Жалпы әлемде 2045 жылға дейін энергия ресурстарына деген сұраныс 28% артады. Бұл көрсеткіштің 80% алдағы үш жылда кәдеге жарауы тиіс.

***

Халықтың жинағы рекордтық деңгейге жетті

Әлемдегі тұтынушылар пандемия басталғалы 5,4 трлн доллар ақша жинаған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Moody’s агенттігінің сарапшылары мұндай қаражаттың жаһандық ЖІӨ-нің 6%-інен көп екенін айтады, тіпті көрсеткіштің әлі де артатынын болжап отыр. Демек, тұрғындар коронавирустың өршуінен қорқады әрі экономиканың қалпына келеріне күмәнмен қарайды. Көпшілік сол үшін шығындағаннан гөрі қаражатты жинауды әдетке айналдырған. Бұл ретте АҚШ, Ұлыбритания және Канада халқының қаражаты айтарлықтай көп. Бір жағынан дәл осы елдер пандемиядан зардап шеккен халқы мен бизнеске әжептәуір қолдау көрсетті. Ал мейрамханалар ашылып, ұшуға рұқсат берілгелі қордағы ақша жұмсала бастады. Moody's сарапшылары «осы жинақтың 3/1-і экономикаға бағытталар болса, әлемдегі өндіріс 2%-ке дейін өсер еді», дейді. Бұл пікірмен жаһандық валюта қоры да келіседі, болжам орындалып жатса, биылғы экономикалық өсім рекордық деңгейге жетер еді.

Ринат Бектұров, AIX қор биржасының басқарма басшысы:

- Шілде айында біз индекс шығардық. Оған 8 ірі компания кіреді. Оның ішінде, «Каспи», «Халық банк», «Қазатомпром» т.б. Яғни, ноталардың бірі осы индекске пассивті инвестиция жасау, екінші активті түрде, яғни, индекстен де жоғары пайда алып келуді көздейді. Және нота соған инвестиция жасауға мүмкіндік береді.