Әлемдік қарыз 300 трлн доллардан асуы мүмкін

Әлемдік қарыз 300 трлн доллардан асуы мүмкін. Экономикалық сарапшылардың болжамы осындай. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш 36 трлн-ға аз болған. Қазірдің өзінде мемлекеттер бір-біріне 296 трлн доллар берешек. Еліміздің де сыртқы қарызы аз емес.

Ұлттық компаниялардың сыртқы қарызын мемлекет берешегіне қоса есептеу керек. Экономист Мақсат Халық квазимемлекеттік сектор банкрот болса, оның салмағы үкіметке түсетінін айтады. Себебі шетелдік инвесторлар ақшасын өзге емес, ұлттық компанияға салып отыр. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, елдің сыртқы қарызы жыл басында 164,1 млрд доллар болған. Экономист бұл көрсеткіштің тағы өскеніне сенімді. Еліміздің ең үлкен қарызы Нидерландыға тиесілі. 44 млрд доллар. Қытай мен Ганконгқа 15 млрд доллардай берешекпіз. Маман соңғы жылдары елдегі қытайлық инвестиция азайғанын жеткізді. Расында, алмақтың да салмағы бар. Дегенмен, мемлекеттің сыртқы қарызында фирмааралық қарыздың үлесі басым. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ мемлекеттік бюджет тапшылығын қарыз арқылы жабу – қауіпті. Мақсат Халық елдегі ақша-несие саясатын дұрыстауға көңіл бөлу керек дейді. Осы пандемияның өзінде ұлттық қордан 7 трлн тг алдық. Ол жетпей Азия даму банкінен тиімді шартпен 1,5 млрд еуро алынды. Ахуалды реттеу үшін көлеңкелі экономикамен күресті күшейту қажет. Ресми мәліметке сай, соңғы жылдары ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономика үлесі 23 процентке дейін азайған. Бүгінде мемлекеттік сыртқы қарыз жалпы қарыздың 8 процентіне тең.

Мақсат Халық, UIB бизнес мектебінің директоры, экономист:

– Мен квазимемлекеттік сектордағы ұлттық компаниялардың қарызын Үкіметтікіне қосу керек деп санаймын. Олар қазір өзге секторлар қатарында көрсетіледі. Яғни 42 млрд доллар қарыздың қанша проценті ұлттық компанияға тиесілі? Ажыратуымыз керек. Осы жылы ғана Ұлттық банктың бір есебінде бұл компаниялардың қарызы 21,1 млрд доллар деп көрсетті. Демек, осы соманы қорықпай үкіметтің қарызына қосу керек. Сол кезде 35 млрд доллардай шығады. Мұның өзі қарыздың салмағын көрсетеді.

Жалпы қарыздың қайдан, қандай мақсатта келіп жатқанын жіті зерделеу  маңызды. Экономист Мақсат Халықты Бермут аралдарынан келіп жатқан ақшалар алаңдатады. «Ол жақтан біздің елге қарыз берушілердің көбеюі күмәнді» дейді. Мемлекеттік маңызы бар стратегиялық компаниялардың үлескері ретінде инвестиция салушылардан сақ болуға кеңес береді.

ОПЕК+ МҰНАЙ БАҒАСЫН ҚАЛАЙ РЕТТЕЙДІ?

Халықаралық энергетика агенттігі биыл мұнайға деген сұраныс тәулігіне 96,1 млн баррельді құрайтынын, келесі жылы бұл көрсеткіш 99,4 млн-ға жететінін болжады. Ал Bloomberg ОПЕК елдерінің қара алтын бағасын өсіру қамын жасайтынын айтады. Өйткені мұнай өндіруші мемлекеттер Иран мен АҚШ-тағы тыныштықты пайдаланып, қаржы жинап алмақшы. Ірі тәуелсіз трейдерлердің бірі оған мүмкіндік зор екенін айтып отыр. Биыл Иран мұнайының әлемдік нарыққа шығуы екіталай. Ал АҚШ өндірісті арттыруға асығып отырған жоқ. ОПЕК елдері бүгін кездеседі. Болжам бойынша келіссөз нәтижесінде мұнай өндірісі тәулігіне 0,4 млн баррельге артуы керек. 0,8 млн баррельді күтіп отырған сарапшылар да бар. Франциялық өндірушілер 2030 жылы әлемдегі мұнайға деген сұраныс шарықтау шегіне жететінін айтады. Тағы 20 жылдан кейін көрсеткіш бәсеңдейді. Әзірге белгілісі қара алтын тапшылығына жол бермеу қажет. Өйткені, сұраныс артса, баға да шарықтап кетері анық.

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ТАУАР ҚҰНЫ БАҚЫЛАНАДЫ

Елімізде өндірушілер реестрі құрылады. Тізілімге әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндірушілер де кіреді. Осы арқылы бағаны жүйелі бақылау қолға алынбақ. Ауылшаруашылығы министрлігі жыл басынан бері мұндай өнімдердің 9,7 процентке қымбаттағанын хабарлады. Ал жаңашылдық тауарға сұраныс пен ұсынысты бақылап отыруға мүмкіндік береді. Өндірушілердің қаржылық ахуалы да айқындалады. Ал шаруалардың өз өнімін шығаратын нарық қалыптаспақ.

Сондай-ақ...