426,32 492.05 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы ашылды   

  • 531
  • UPD: 11:34, 07.10.2021

Нұр-Сұлтанда жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бірақ арнайы талаптар бар. Біріншіден, үміткер қалада кемінде бір жыл тіркеулі, Отбасы банкте жинақ шоты болу керек. Сондай-ақ, бағдарламаға үміткердің ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем емес және соңғы 5 жылда жеке тұрғын үйі болмауы тиіс.  Осылайша, «бағдарламаға қатысушы тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. Сатып алынатын баспананың құны – шектеусіз. Қарыз 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Өтінімдер qatysu.zhilfond.kz порталында 14 қазаннан бастап қабылданады» деп хабарлайды елорда әкімдігі. 

КЕДЕЙЛІК ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?

2021 жылы еліміздегі кедейлік деңгейі пандемияға дейінгі көрсеткіштерден жоғары болып қалады. Дүниежүзілік банк болжамы осындай. Жалпы банк Қазақстанның экономикалық өсуіне оң болжам берді.  Бұл туралы қаржы ұйымының Еуропа және Орталық Азия өңірінің экономикасы туралы баяндамасында айтылған. Құжатқа сай 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 3,5%-ке, ал 2022 жылы 3,7%-ке жетуі мүмкін. «Шектеулер жеңілдетіліп, жиынтық сұраныс жақсарған сайын экономика одан әрі қалпына келед. Ел экономикасының өсу қарқыны пандемияға және көмірсутектердің сыртқы сұранысына байланысты болады», - делінген баяндамада. Дүниежүзілік банк келер жылы Қазақстандағы инфляция деңгейі шамамен 8%-ті құрайды деп отыр. 

USAID ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САУДАНЫ ДАМЫТУҒА $19 МЛН ЖҰМСАЙДЫ

АҚШ Халықаралық даму агенттігі Орталық Азиядағы сауда бойынша жаңа жобаның басталғаны туралы жариялады. Құны 19 млн доллар болатын жоба бес жылға  есептелген және осы өңірдегі  бес елді қамтиды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттері. Бастама аясында мемлекеттік және жеке секторлар негізгі үш стратегиялық мақсатқа техникалық көмек алады. Біріншісі – қаржылық шығындарды және күту уақытын қысқарту үшін кедендік және шекаралық бақылау рәсімдерін үйлестіру. Екіншісі – дамуды ынталандыратын және инвестициялар ағынын қамтамасыз ететін реформаларды іске асыруда мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы әріптестікті нығайту. Үшіншісі – Орталық Азияда және одан тыс жерлерде де трансшекаралық сауда көлемін ұлғайту.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫНЫҢ 68%-ІН АЛДЫ

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 68%-ін алды. Айдың басындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үйге 1,9 трлн теңге алынды. Олардың 70 проценті ипотекалық қарызды толық жабуға, 26 проценті ішінара өтеуге ал қалғаны басқа мақсаттарға жұмсалған. Бұл туралы Krisha.kz хабарлады. Зейнетақы жинақтары жарналар мен инвестициялық табыс есебінен өсіп отырады. Қазір жинақтардың жалпы сомасы 13 трлн теңгеге жуықтайды.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында 760 мың салымшының шотында алуға келетін артық ақшасы бар екені айтылды.  Бірақ зейнетақы шот иелерінің 40% -не  тек бір миллионнан аз сома қолжетімді. Дегенмен, оларға зейнетақыны «Отбасы Банктің»  депозиттеріне аудару мүмкіндігі болады деп күтілуде.

Валюта бағамына тоқталсақ, доллар 424 теңге 82 тиын, еуро 490 теңге 28 тиын, Ресей рублі 5 теңге 85 тиын.

Хабар 24 телеарнасы