Теңге неге нығаймады – Ұлттық банктің жауабы

Нарықта қара алтын қымбаттап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше сауда-саттық кезінде оның құны 2018 жылдан бері алғаш рет 84 АҚШ долларына жетті.

Мұнай 3 жыл бұрынғы құнына жетті

Кеше Лондондағы AIX биржасында желтоқсан айында жеткізілетін брент маркалы мұнайдың баррелі 84 доллар 32 центке дейін көтерілді. Алдыңғы күнмен салыстырғанда 2 долларға жуық қымбаттаған. Ал қараша айында жеткізілетін WTI маркасы 81 доллар 66 баррелге барды. Сарапшылар бағаның өсімін әлемде экономикалық белсенділіктің артуымен байланыстырады. Сондай-ақ Еуропа мен Азиядағы энергетикалық дағдарыс себеп. Мұнда газ бен көмір қымбаттап жатыр. Әрине бастысы ОПЕК+ елдерінің шешімі. Олар қара алтын өндірісін көбейтпеу туралы келісімді тағы да ұзартты.

Теңге неге нығаймады?

Мұнай қымбаттады. Енді теңге неге міз бақпай тұр. Көпті толғандырған сұраққа Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова жауап берді. Оның айтуынша, қыркүйекте әлемнің дамыған елдері қаржы-саясатын қатаңдатуға көше бастады. Бұл қаржы нарығында доллардың нығаюына әсер етті. АҚШ-тың қазыналық облигацияларының табысы артып, дамушы елдердің валютасы құнсызданды. Қазір мұнай қымбаттағанымен экономикасы шикізатқа тәуелді дамушы елдердің валютасы нығая алмай тұр. Оның үстіне ішкі нарықта АҚШ долларына деген сұраныс жоғары. Мәселен, 9 айда банктердің биржадан айына орта есеппен 2,6 миллиард доллар сатып алып отырған. Бұл да теңгені әлсіретті. Оның үстіне қазанның басында алтын валюта қоры бір айда 1,2 миллиард долларға, Ұлттық қордың валюталық активтері 1,9 миллиард долларға азайған. Қаржы нарығындағы осы жағдайлар төл валютамыздың нығаюына мүмкіндік бермей тұр.

Bitcoin қымбаттады

Әлемдік нарықта биткойн тағы қымбаттады. Дүйсенбі күні бір криптовалютаның құны 57 мың АҚШ долларынан асты. Осылайша мамыр айындағы құнына бес айдан кейін қайта көтерілді. CoinMarketCap порталының мәліметіне қарағанда қазан айы басталғалы биткойн 30 процентке қымбаттады. Яғни 43 мыңнан 57 мыңға жетті. Жалпы биыл бірінші тоқсанда биткойнның құны екі есе көтерілді. Сәуірде рекорд жаңартып, алғаш рет 65 мың долларға дейін жуықтаған еді. Бірақ мамырда қайта құлдырап, 37 мыңға түсіп қалды. Қазір тағы да көтеріліп кетеді.

Тауарды контейнермен тасуға көшеміз

Қазақстан Қытайға сатылатын тауарды контейнер арқылы тасымалдауға көшеді. Елдің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы бағдарлама жасап жатыр. Бұл туралы көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов мәлімдеді. Қазір Қытай билігі Қазақстаннан ашық вагон немесе қаппен барған тауарды кіргізбей қойды. Нәтижесінде шекара маңында астық тиелген 1270 вагон қаңтарылып тұр. Оның 397-сі бидай, 422 вагоны арпа, 220-сы күнбағыс және 140 вагоны ұн. Бұл вагондардың шекара асатынына ешкім кепілдік бермейді. Қытай шекарашылары коронавирустың таралуы бәсеңдесе, барлығы бұрынғы қалыпқа келеді деп сендіреді. Бірақ іс жүзінде әрекет жоқ. Шілде айында контейнерге тиелген 1 мың тонна астық Қытайға өткен болатын. Сондықтан жергілікті билік контейнермен тасымалдауға көшкен кәсіпкерлерге қолдау жасамақшы.

Замира Орынбасарқызы, ҚР ИИДМ басқарма басшысы:

– Министрлік Қазақстан темір жолымен бірлесе отырып, осы контейнеризация бойынша болжам жасап, 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бастап ҚР контейнерлерді өндіруді ұйымдастыру бойынша жол картасы бекітілді. Жол картасы бойынша жыл сайын 2 миллион тоннаға дейін жүкті контейнермен тасымалдау қарастырылған. Кәсіпкерлерге ынталандыру мақсатында мемлекеттен проценттік төлемдерін төлеу беру сияқты шаралар осы жол картасы арқылы қарастырылып отырмыз.

Иранмен сауда ынтымақтастық артады

Қазақстан Иран Ислам республикасымен сауда қатынасын кеңейтпек. 2021 жылдың 8 айында қос мемлекет 318 миллион АҚШ долларға сауда жасады. Оның 218 миллионына Қазақстан тауар сатқан. Негізінен арпа, бидай рапс майы, қой мен ешкі еті және мыс пен катоттар, қара темір экспорттаған. Ал бұл елден жаңғақ түрлері, құрма, інжір, жүзім және стирол полимерлері, керамикалық плиталар импортталған. Сондай-ақ былтыр парсы елінің инвесторлары Қазақстан экономикасына 4,3 миллион доллар қаржы салды. Енді осы әріптестікті кеңейту жолдары қарастырылып жатыр. Қос мемлекетті Қазақстан Түрікменстан Иран темір жолы байланыстырады. Бұл жол Иран тауарының Ресей мен Қытай нарығына шығуына, ал Қазақстанның Парсы шығанағына жетуіне мүмкіндік береді. Сондықтан отандық кәсіпкерлер Тегеранға арнайы барып, сауда-экономикалық келіссөздер жүргізеді. Бизнес форумға Иран тарапынан 100-ден астам кәсіпорын қатысады.