2024 жылы елді қантпен қамту 80% жетеді

Қазақстандық қант өндірушілер ЕАЭО аумағында тәтті қамысты салықсыз тасымалдауды жыл соңына дейін ұзартуды сұрайды. Квота мерзімі қыркүйекте аяқталған еді. Қант қамысының құны биржаға тәуелді. Жергілікті зауыттар қант қамысын өңдеу арқылы ішкі нарықты тәтті өніммен қамтып келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

ҚАНТ ӨНДІРІСІН ҚАРҚЫНДЫ ЕТУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ

Биыл елде қант қызылшасы 30 процентке аз өндіріледі. Бұған қолайсыз ауа райы мен қуаңшылық себеп. Бірақ мамандар «өнім бағасын өсірмейміз» деп отыр. Қазір нарықтағы қант келісі 300 теңге шамасында сатылады. Десе де, бір жылда әлемдегі қант 54 процентке қымбаттаған. Құзырлы қауымдастық президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша ішкі нарықты толық қамту үшін 500 мың тонна қант керек. Бізде былтыр 145 мыңы ғана өндірілген. Қалғанын Ресей мен Беларусьтен алдық. 4 отандық зауыт межелі қуатта жұмыс істейтін болса, импортқа тәуелділік азаяр еді. Әттеген-айы шикізат тапшы. Жылдан жылға алқаптарды суаратын су да азайып барады. Қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева мәселені реттеудің жолын ауыл шаруашылығы және экология министрліктері бірге қарауы тиіс дейді. Нарықты отандық өніммен қамтуда қант қамысын қайта өңдеу жемісін берер еді. Тек ЕАЭО аумағында өнімді баж салығынсыз тасымалдауға қолжеткізу қажет. Өйткені биржалық тауар құны кәсіпкерлерге онсыз да салмақ салады. Осы себепті қауымдастық квотаны жыл соңына дейін созуды сұрап отыр. Ұсыныс еуразиялық экономика комиссиясының келесі отырысында қаралатын болады.

2024 ЖЫЛЫ ЕЛДІ ҚАНТПЕН ҚАМТУ 80 ПРОЦЕНТКЕ ЖЕТЕДІ

Ал кешегі үкіметтің отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2024 жылға қарай ішкі нарықты қантпен қамту үлесі 80 процент болатынын айтты. Әзірге бұл көрсеткіш 30 процентке де жетпейді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 4 жылға арналған жоспарына сай ең көп импортталатын позицияларды айқындап, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Министр сол арқылы 2024 жылы ішкі нарық құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік, сүзбе, алма және балықпен толық қамтылады деп сендірді.

КОФЕ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Әлемде кофе қымбаттайды. Бұған колумбиялық фермерлердің мүддесі себеп. Рейтерс агенттігі хабарлағандай, олар бағаны шарықтату үшін өнім тасымалын әдейі азайтып отыр. Өндірушілер жиын-терімнің 10 процентін сыртқа шығаруға асықпайды. Яғни 1 млн қап кофе тұтынушыларға жетпей жатыр. Тіпті кейбір өндіруші бұрын жасалған келісімдердің күшін жойған. Осылайша өнімді өздеріне ыңғайлы бағаға сата бастаған деген ақпарат бар. Нарықтағы баға бұған дейін де 55 процентке қымбаттағаны белгілі. Ол кезде Бразилиядағы қолайсыз ауа райы себеп болған. Салдарынан кофе ағаштары әжептәуір зақымданды. Мамандар келесі жылы өнім көлемі азаяды деп болжап отыр. Десе де, соңғы жылдары кофе ең танымал тауарға айналды. Жаһандағы нарық 6 есе өседі деген пікір бар. Ал Стокгольм университетінің ғалымдағы 21 ғасырдың аяғына қарай әлемдегі қант пен кофе өндірісі екі есе азаяды. Оған климаттағы өзгерістер әсер ететін болады.

 ОНЛАЙН ИПОТЕКА

Елде жыл басынан бері екінші нарықтағы баспана бағасы 23 процентке өскен. Жаңа үйлердің өзі 10 процентке қымбаттапты. Мамандар қыркүйекте Ақтөбе, Ақтау, Семейдегі баға әжептәуір өскенін жеткізді. Халық арасында зейнетақы жинағымен тұрғын үй алуға ынталылар көбейген. Ал Отбасы банк «Baspana market» порталын іске қосты. Ол арқылы қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады. Порталда жаңа үйлер не бұрын қолданылған баспананың толық сипаттамасы, құны мен бөлмелердің орналасу жобасы көрсетілген. Таңдау жасағаннан кейін, өнімді брондап, жеке кабинетіңізде сатып алу барысын бақылайсыз. Бұл уақытты үнемдейді екен. Бүгінде порталға 11 нысан қойылды. Жүйеге күніне 5000 қазақстандық кіреді. Цифрлық платформаға құрылыс компаниялары қызығушылық танытып жатыр. Отбасы банкінде 2 млн-нан астам салымшы бар. Енді олар жаңа портал арқылы ипотеканы онлайн рәсімдей алады. Банктің  Басқарма Төрағасы Ләззат Ибрагимова осылайша 10 мыңға жуық несие беру жоспарланғанын айтады.

АЛТЫН ҚҰНЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

Алтын да қайта қымбаттап жатыр. Бұған дейінгі саудаларда бағалы металл арзандаған еді. Қазір алтынның бір унциясы 1764,55 долларға сатылып жатыр. Трейдерлер болса, Америкадағы инфляцияны аңдып отыр. Бүгін елдің еңбек министрі мұндай мәліметті көпшілікке ұсынуы тиіс. Әзіргі болжам 5,3 процент деңгейінде.