426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Нарықты Ресей жұмыртқасы жаулауы мүмкін

  • 342
  • UPD: 12:05, 14.10.2021

Елімізде жемдік бидайдың бір тоннасы 150 мың теңгеге сатылып жатыр. Шаруалар бағаны әлі де шарықтатудан дәмелі.

Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов «бұлай жалғаса берсе, фабрикалар жабылып тынады» дейді. Бүгінде Ақмола, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстарындағы құс фабрикалары жағдайының мүшкіл екенін жеткізген. Жем 3 есе қымбаттады. Тауық пен жұмыртқаны нарыққа шығару үшін дизель отыны жетпей жатыр. Бұған дейін құс өсірушілер одағы азық-түлік корпорациясынан жемдік қор құруды сұраған еді. Ақша бөлінген, алайда шаруалар құс азығын сатуға асықпайды. Фабрикаларға 650 млн тонна жемдік бидай қажет. Оның үстіне кей өңірлерде субсидия беру тоқтатылған. Руслан Шәріпов бұған бюджеттің тапшылығы желеу етілетінін жеткізді.

Айта кетейік, онсыз да екі есе қысқарған субсидия келесі жылы мүлде тоқтатылуы мүмкін. Қазір құс өсірушілерді фуражды бидайдың құны алаңдатып отыр. Өйткені азық пен тасымал ақысы жұмыртқа бағасының 70 процентін құрайды. Демек, жыл соңына дейін елдегі құс өнімі екі есе қымбаттауы мүмкін. Тіпті нарықты Ресейдің арзан жұмыртқасы жаулауы ықтимал.

Руслан Шәріпов, Құс өсірушілер одағының президенті:

- Сиыр мен жылқы еті өте қымбат. Қарапайым халық жұмыртқаны, құс етін жеп отыр. Жем мен субсидия мәселесі шешілмесе олар да қымбаттайды. Біз алдыңғы жылы жемдік бидайдың бір тоннасын 45 мың теңгеге алатынбыз. Қазір шаруалар 150 мың теңгеге сатып отыр. Бұған шамасы жетпеген ақмолалық құс фабрикасы жабылып тынды. Жүз мың тауық босқа қырылып қалды. Біз бидайдан басқасын шетелден аламыз. Валюта болса, күн сайын құбылып тұр. Шаруалар жағдайды түсінер емес. Азықты сатпай, бағаның өсуін күтіп отыр. Ауыл шаруашылығы министріне де талай хат жаздық. Өтінішіміз ескерілмей жатыр. Міне жұмыртқаға берілетін субсидияның мүлде алынатыны айтылды. 

Құзырлы министрлік бұл мәселе бойынша журналистерге жауап дайындап жатқанын жеткізді. Біз халық пен билік арасындағы көпірміз, ол түсінікті. Тек құс өсірушілердің сұрауы ескеріле ме? Оны уақыт көрсетеді. 

Қыркүйекте бірқатар қалада баспана құны шарықтаған. Әсіресе батыс өңірлердегі өсім айтарлықтай. 

НАРЫҚТАҒЫ БАҒА 

Алматыда пәтердің шаршы метрі 537 мың теңгеден асады, ал елордада 396 160 теңгеге барады. Өскемендегі орташа баға 328 180 теңге. Қарағандыда қалауыңыздағы үйдің бір шаршы метрі 316 мың теңгеге жуықтайды. Қостанайдағы баға 291 мың теңгеден асады. Көкшетаудан 278 900 теңгеге табасыз. Ақтауда 243 мың теңге болса, Қызылордада пәтердің бір шаршы метрі 184 880 теңгеге бағаланған.

Алматы – 537,1 мың

Нұр-Сұлтан – 396,1 мың

Өскемен – 328,1 мың

Қарағанды – 315,7 мың

Қостанай – 291 мың

Көкшетау – 278,9 мың

Ақтау – 243 мың

Қызылорда – 184,8 мың   

Келер жылы мұнайға сұраныс артуы мүмкін

ОПЕК+ ұйымы 2030 жылға қарай мұнай өндірісін тәулігіне 36,6 млн баррельге жеткізбек. Өндірістің 40 процентін Ирак, Иран және Кувейт қамтиды. Халықаралық энергетикалық агенттік осылай болжады. Дүние жүзіндегі қара алтын өндірісі алдағы 10 жылда тәулігіне 103 млн баррельге жетеді. Бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай сақталады деген пайым бар. Әзірге ОПЕК биылғы сұраныс бойынша болжамын өзгертті. Жыл соңына дейін қара алтын 6 млн баррель емес, тәулігіне 5,8 млн баррельдей сұралуы мүмкін. 2022 жылы әлемдік сұраныс 100,8 млн баррельге жетеді. Халықаралық энергетикалық агенттік бұл кезде мемлекеттер жасыл экономикаға сәтті көшетін болса, мұнай бағасының баррелі 24 доллар болатынын болжады.

Биткойн капиталы бір трлн долларға жуықтады. Бүгінде бірінші криптовалюта 57000 долларға бағаланған. АҚШ-тың құнды қағаз және биржа жөніндегі комиссиясы осы арқылы цифрлық ақшаға күмәнмен қарап отырған елдердің үмітін оятты. Тіпті баға 60 мың долларға барады деген болжам жасалды. Кембридж ғалымдары осы биткойнның дені қайда шоғырланғанын анықтады. Криптовалюта өндірісінің 35 проценті АҚШ-та жатыр екен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 428 процентке көп. Өткен жылы бұл орында Қытай тұрған. Аспанасты елінен кеткен майнерлер Қазақстанға да орын тепкені белгілі. Қазір жаһандағы жалпы өндірістің 18 проценті бізге тиесілі. Ресейде биткойнның 11 проценті өндіріледі.

Хабар 24 телеарнасы