Мүгедек жандарға төленетін орташа жәрдемақы көлемі қандай?

Биыл мүгедектер мен асыраушысынан айырылған азаматтарға 300 млрд теңгеге жуық қаржы төленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірыңғай энергожүйе операторының мәліметі бойынша, қазақстандықтар биыл мың жарым мегаватқа артық электр қуатын пайдаланған. Ал сарапшылар алдағы қыс айларында тапшылық сезілуі мүмкін дегенді айтады.

Жәрдемақы республикалық бюджеттен тағайындалады. Ведомостоның есебінше, қазір елде мүгедектігі бойынша мемлекеттен көмек алатындар қатары 528 мың адамға жеткен. Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 134 мың адам тіркелген. Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына, марқұмның отбасындағы адам саны мен ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты. Қазір елде мүгедектікке қарай берілетін орташа әлеуметтік жәрдемақы – 48 мың 743 теңге. Ал асыраушысынан айырылған тұлғаларға 40 мың 995 теңге көлемінде қаржы төленеді.

Электр қуаты тапшылығы сезілуі мүмкін

Елімізде электр қуатын тұтыну көлемі артты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл энергия тұтыну жылдағыдан 7,2% көп. Өсім әсіресе оңтүстік өңірлерде байқалады. Жалпы, қазақстандықтар былтырмен салыстырғанда мың жарым мегаватқа артық электр қуатын пайдаланған. Отандық энергетиктер алдағы қыс айларында тапшылық сезіледі дейді. Шамамен 1 млрд 7 млн киловатт қуат қажет болуы мүмкін. Басты себеп, электр станцияларындағы жөндеу мен  гидроэлектр станциялардағы су тапшылығы. Айта кеткен жөн, қазір көптеген мемлекет электр қуатынан тарығып отыр. Жаңартылатын қуат көздеріне ден қойған Еуропаның өзінде газдың бағасы тарихи максимумдерден асып түсті. Қытайда электрқуаты тапшылығынан зауыттар мен фабрикалар жабылды. Ал Қырғызстанда Тоқтоғұл гидроэлектр станциясында судың азаюынан электрқуатын жоспарға сай, жаппай өшіру жөнінде халыққа ескертіліп жатыр.

Майнерлерден келетін қауіп

Электрқуатының тапшылығына майнерлер де әсер етіп жатыр. Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушев осылай дейді. Оның айтуынша, Қазақстан криптовалюта өндіру бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында. Соңғы екі жылдың ішінде өндіріс көлемі алты есе артқан. Кембридж университеті зерттеушілерінің есебінше, биткоинды жасауға жылына 143 тераватт сағат электр қуаты жұмсалады. Қазақстанда былтыр 108 млрд киловатт сағат қуат шығындалған. Осыған байланысты елде майнингке арналған құрылғылардың жиынтық қуатын 100 мегаваттан аспайтындай етіп белгілеу ұсынылды.

Жақып Хайрушев, энергетика саласының сарапшысы:

– Қолданыстағы генерация халықтың және жекелеген сектордың электр қуатына деген қажеттілігін толық өтей алмайды. Оның үстіне, цифрлық майнинг тарапынан сұраныс артып келеді. Криптофермалар қысқа уақыт ішінде елдің барлық генерациясын ысырап етуі мүмкін. Бұл жалпы энергожүйеге кері әсер етеді. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған майнингтік компаниялар Қазақстандағы қуат кешендерінде апаттардың болуына, сондай-ақ оның дамуы мен модернизациясына әсер етеді. Тіпті соның салдарынан кей санаттағы тұтынушылардың жарыққа кететін шығыны артуы мүмкін.

Алтын қоры молайды

Елде алтын қоры артып келеді. Бүкіләлемдік алтын кеңесінің дерегі бойынша, қазір Қазақстанда 392 тоннадан аса алтын бар. Осыдан бірер ай бұрын 387 тоннадан сәл асқан еді. Бағалы металл қоры бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 13-орында. Көш басында 8,1 мың тонна алтын қорымен АҚШ тұр.

Айта кетейік, Комекс биржасында алтын унциясына 1794 долларға сатылды. Ал Элби-Эмэй сауда алаңында 1785 доллар шамасында болды. Ұлттық банкте құнды металдың бір грамының бағасы 24 мың теңге деп белгіленген.

Отандық жиһаз экспорты артты

Сонымен қатар елде отандық жиһаз экспорты екі есе ұлғайды. Қазақстан индустрия және экспорт орталығының дерегіне сүйенсек, қаңтар-шілде аралығында шетке шығарылған жиһаздың жалпы құны жалпы 3 млн 650 мың долларға жеткен. Экспорттың 35,9% – пластмассадан жасалған бұйымдар. 12% металдан, 10,4% ағаштан жасалған. Әсіресе Өзбекстанда біздің жиһазға сұраныс жоғары екені аңғарылады. Биыл алатақиялы ағайын 1 млн 193 мың доллардың затын сатып алған. Былтырмен салыстырғанда 9 есе көп.