Экономикаға шолу: зергерлер қолдауға зәру

Еліміздегі зергерлер шикізатқа қол жеткізе алмай отыр. Нарықтағы бағалы металл қымбаттаған сайын, олардың шығыны еселене түседі, деп хабарлайды Хабар 24.

Жыл өткен сайын алтын бұйымдарының салмағы азайып жатыр. Бұрынғыдай 5-10 грамдық әшекейді табу қиын. Шикізат қымбат болғасын, өндірушілер өнімнің салмағын азайтып амалдайды. Бұл жағдайда баға қатты өзгермейді, тек сапа ақсайды. Жыл басынан бері елде зергерлік өнімдер 7 процентке артыпты. Әсіресе, алтын сағат пен неке жүзігі қымбат.

Отандық зергерлік бренд негізін қалаушы Дамира Әбікенованың айтуынша, елімізде авторлық күміс бұйымдарға сұраныс көп. Бағалы металдар арасында ең арзаны – осы. Дегенмен маман оның да құнына құн қосыларына сенімді. Бұған себеп баршылық. Зергер саланың мемлекет қолдауынан кенде екенін айтады. Отандық алтын-күміс кәсіпкерлерге арман болып тұр. Елде зергерлік бұйым өндіретін құрал-жабдықтар шығарылмайды. Жабдықты қойып, маман дайындау жайы ұмыт қалған. Дамира Әбікенова «кәсіби шеберлерді дайындауға көңіл бөлу керек» дейді.

Дамира Әбікенова, «Адами» брендінің негізін қалаушы:

– Бізде шикізат мәселесі өте өзекті. Алтын мен күмістің Лондон биржасындағы бағасына қосымша құн салығы мен кедендік баж салығы қосылады. Бізді қинайтыны – осы. Тым болмаса, квота бөлінсе дейміз. Оның үстіне бағалы металдар қымбаттап жатыр. Мен авторлық бұйымдарды шығарамын. Салт-жоралғыларға күміс тарту ету қалыптасқан. Сұраныс азайған жоқ. Десе де, біздің елде мұндай кәсіпті дамыту оңай емес. Шикізаттың жоқтығы өз алдына, құрал-жабдықтарды да шетелден аламыз. Жеңілдетілген несие қарастырылмаған.

8 айда елдегі зергерлік бұйымдар өндірісі 61 процентке жетті. 795 млн теңгенің өнімі өндірілген. Энерджипром сарапшыларының зерттеуіне сүйенсек, бұл былтырдан 47%-ке көп. Әсіресе, Алматыдағы өндіріс қарқынды. 429 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Тізімді Қарағанды мен Нұр-Сұлтан жалғайды.

ӘЛЕМДЕ ГАУҺАР ТАСҚА СҰРАНЫС АРТТЫ

Биыл әлемдегі гаухар өнімдерінің сатылымы 90 млрд доллардан асады. Бұл былтырдан 23% артық. Сатылымның 45 проценті АҚШ-қа, тағы 20 проценті Қытайға тиесілі. Қос елді қоса алғанда тауарды сату үлесі 60 процентке артқан. Гауһарға инвестиция көзі ретінде қызығатындар көбейді. АҚШ-та ғана сұраныс 35 процентке артыпты. Тек бір гәп бар. Жаһандағы бағалы тас қоры таусылып барады. Өндіріс те бұрынғыдай емес. Енді мамандар Рождество мен Қытай жаңа жылы қарсаңында қорды толтыру маңызды дейді. Бағалы тасқа деген сұраныс әлемдік ЖІӨ үлесіне әсер етеді. Мамандар гауһар нарығы пандемияға дейінгі қалпына келгенін, ал бағаның өсе беретінін айтады. Айтпақшы, кеше ғана Дубайда 118 караттық гауһар 5,2 млн долларға сатылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ ЕМЕС

Елімізде жалға берілетін баспанаға сұраныс артты. Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко қарашада жағдай тұрақталады деп отыр. Бірақ сарапшы жылжымайтын мүлік құнын қолдан өсіріп отырғандар бар дейді. Сатып алу-сату келісіміндегі баға «Крыша.кз» сайтындағы бағадан 20-30 процентке арзан  болып шығады. Лариса Степаненко «Баспана хит» бағдарламасының үй-күйсіз қазақстандықтарға сеп болғанын айтады. Ал нарықтағы баға көпшілікті пәтер жалдауға мәжбүрлеп тұр. Риэлторларға осы мәселемен жүгінетіндер көбейген. Сарапшыны халықтың заңдық сауаты алаңдатады. Өйткені саудаласу тұрмақ, құжат толтыруға қорқатындар көп екен. Бүгінде елорда, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Өскемен қалаларында риэлторлардың қызметі сұраныста.

Лариса Степаненко, Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президенті:

– Біз қауымдастыққа аттестациядан өткен мамандарды ғана аламыз. Этика комитеті жұмыс істейді. Яғни риэлторлардың жауапкершілігі артты. Біз алдымызға келген адамның мәселесін жан-жақты қараймыз. Өкінішке қарай, олардың қаржысы көп емес. Ақшасын үнемдеп, шығынданудан қашатындар екінші нарықтағы үйлерді алып жатады. Себебі жаңа үйлердің ақылы қызметі көп. Осы ретте қымбат емес, эконом санаттағы үйлерді көбірек салуға кеңес берер едім. Зейнетақы жинағын баспанаға жұмсағандар да көп.