Биткоинды қай кезде сатып алған тиімді?

Криптовалюта 66 мың долларға дейін көтеріліп, тарихи максимумға таяп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір сарапшылар биткоин бағасы 200 мың долларға дейін жетеді деп болжайды. Биткоин күн сайын қымбаттап жатыр. Кеше оның құны 66 мың долларға дейін жетті.

Криптовалюта жайлы жаңалықтардан кейін «арзан кезінде алу керек еді» деген пікірлер көбейді. Бірақ биткоинның қымбаттағанына қарап, оны сатып алуға асықпаңыз дейді сарапшы. Өйткені цифрлық актив күнде құбылады. Сондықтан нарықтық тәуекелді әрдайым ескеру керек.

Егер сіз кәсіби трейдер болмасаңыз, криптовалютаға инвестициялаудың алдында осы нарықты зерттеп алған жөн. Ал егер еш нәрсеге қарамай осы цифрлық активке қаржы құямын деп шешсеңіз, мамандардың кеңесіне құлақ салыңыз.

Айта кетейік, қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында ресми түрде тіркелген екі криптобиржа, бір халықаралық брокерлік компания жұмыс істейді.

Гимран Абдрахманов, Цифрлық активтерді басқару компаниясының бас менеджері:

- Цифрлық активтер өте құбылмалы болып келеді. Сондықтан осындай кезде төзімділік болу керек және қаржылық сауаттылық болған жөн. Нарықта «қорқыныш және ашкөздік» деген индекс бар. Ол 0-ден 100-ге дейінгі көрсеткіштерді білдіреді. Қазіргі кезде ол 70-ке тең, сондай-ақ көбінесе ашкөздік нарықта орын алып жатыр. Осындай жағдайда инвестицияға өте абай болу керек. Өйткені ашкөздік кезінде цифрлық активтер тым артып, кейін өте жылдам төмендеуі мүмкін.

Негізі криптовалюта төңірегінде айтылатын сын пікірлер де, талдаулар да көп. Бірақ аңдаған адамға осының өзі пайда әкелуі мүмкін. Ашық ақпарат көздеріндегі криптовалютаға қатысты хабарламаларды қарап, мамандар қай кезде биткоинды сатып алу керектігін түсіндіруге тырысты.

Гимран Абдрахманов, Цифрлық активтерді басқару компаниясының бас менеджері:

- Егер бәрі биткоин жайлы жиі айтатын болса, оны сататын уақыт, ал егер бәрі биткоинды сынға алатын болса, оны сатып алу керек деген пікір де бар.

КРИПТОНАРЫҚТАҒЫ ҚАУІПТЕР ЖАЙЛЫ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

«Қазір жалған цифрлық активтерді сататын алаяқтар көбейген. Сондықтан бұл саланы заңды түрде реттеу керек» дейді криптонарық өкілдері. Олардың айтуынша, криптовалюта сатып алғыңыз келсе, мына нәрселерді ескеру керек. Біріншіден, лицензиясы бар компания ешқашан клиенттерге олардың келісімінсіз қоңырау шалмайды және хабарлама жібермейді. Екіншіден, сіз тек өзіңіз жоғалтуға дайын ақшаны ғана инвестициялауыңыз керек. Несие алып немесе басқа біреуден алынған ақшаға, криптовалюта сатып алмаған абзал. Дегенмен биткоиндар әлемінде басқа да қауіптер бар.

Жансая Орынғазина, Цифрлық активтерді басқару компаниясының бөлім басшысы:

- Криптовалютаны біреуден сатып алып немесе сатқан кезде сіз оның қайдан келгенін, қандай «әмияндармен» байланыста болғанын білмеуіңіз мүмкін. Белгілі бір «қара тізімдер» бар. Олар терроризмді қаржыландырған  «әмияндар» болуы мүмкін. Егер де сіздің валютаңыз осындай қара тізімдегі «әмияндармен» байланыста болған болса, сіз өзіңіз білмей терроризмді қаржыландыруға қатысыңыз бар болуы бек мүмкін. Ал лицензиясы бар компаниялар бәрін тексеретіндіктен, сіз өзіңіздің цифрлық активтеріңіздің таза болуына кепілдік ала аласыз.

БИТКОИНМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ҚОР БІР КҮНДЕ 12 МЛН АКЦИЯ САТТЫ

Жалпы дүниежүзінде биткоинға қатысты құралдардың дәурені жүріп тұр. Мысалы, биткоинмен байланысты алғашқы фьючесртік қор биржасы АҚШ-тағы саудасын өте сәтті бастады. Bloomberg есебіне сәйкес, ProShares Bitcoin қоры сауда-саттықтың басында 12 миллионнан астам акция саудалаған. Олардың бастапқы бағасы 40 долларды құрады. Осылайша, акциялар компанияға бірінші күні-ақ 480 миллион доллар кіріс әкелді. Бұл – ЕТF инвестициялық қорындағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Өз кезегінде ProShares инвесторларға осы биткоин ETF үлесін сатып алу немесе сату үшін криптовалютадағы шот қажет емес деп мәлімдеді. Бұл да цифрлық активке деген сұранысты арттыруы мүмкін.

NETFLIX КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТАБЫСЫ 83% ПРОЦЕНТКЕ ӨСТІ

Netflix компаниясының табысы бір жылда 83% процентке өсті. 2021 жылдың III тоқсанында фильмдер мен сериалдар ұсынатын платформа табысы 1,45 миллиард долларды құрады. Ал 2020 жылы ол, шамамен, 790 миллион доллар болған. Бір жылда компания акциялары 21% процентке қымбаттады. Ағымдағы капитал 282 млрд доллардан асады.

Айта кетерлігі, осы аралықта Netflix-ке 4,4 миллион абонент жаңадан қосылған. Олардың жалпы саны – 214 млн. Жаңа абоненттер COVID-19 вирусы салдарынан үйде отырған адамдардың есебінен көбейген. Ал өткен айда шыққан Оңтүстік Кореяның «Кальмар ойыны» сериалы платформаға сұранысты одан сайын арттырды.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталсақ, Ұлттық банк ақпаратына сәйкес доллар құны – 425 теңге 95 тиын, еуро бағамы – 495 теңге 12 тиын, Ресей рублі – 6 теңге.