Қазақстандық көмірге сұраныс артты

Еліміз жыл басынан бері 23 млн тонна көмір экспорттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Корольдік, Корея, Үндістан. Бұл – қазақстандық көмірді пайдаланатын жаңа мемлекеттер тізімі. Англия, Марокко, Болгария сынды жаңа бағыттар да бар. Біріккен Корольдікке 192 мың тоннаға жуық көмір жөнелтілген. Елімізде 34 млрд тоннаға жуық қатты отын бар. Осылайша, еліміз үздік ондыққа кіріп отыр.

Дегенмен 2060 жылға қарай көмірді мүлде пайдаланбай кетуіміз мүмкін. Қазір тиісті доктрина жобасы әзірленіп жатыр. Елде 130 көмір кәсіпорны мен ондағы 30 мың шахтердің көңілі алаң. Десе де олар өндіріс қарқынын жылдан-жылға үдете бермек. Өйткені Түркия, Польша, Өзбекстан, Швейцария, Қытай сынды мемлекеттер тапсырыс көлемін ұлғайтқан. Тау-кен өндіруші кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец тасымал жағынан кедергілер барын айтып қалды.

Николай Радостовец, Тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бұл біз үшін күрделі мәселе. Көмір экспортын көбейтеміз бе? Тасымал жағынан қиындық болмай ма? Сұрақ көп. Сол себепті Үкіметтен көмек сұраймыз. Біз темір жол саласындағы жеке операторларды тарту керек деп ойлаймыз. Бұл қосымша локоматив, қосымша вагондар келеді. Біздің тәжірибемізге сүйенсек, сол жеке тасымалдаушылар қандай елдерде сұраныс бар екенін көрсетіп те отырады. Пандемия кезінде біз жұмыс бағытын өзгерттік. Бірқатар көмір өндіруші компаниялар Еуропада тұтыну көлемі азайғанын көріп, қазақстандық логистикалық бағыттарға ойысқан еді. Бірақ бізден дұрыс жауап болмай тұр. Сондықтан Үкімет инфрақұрылымды кеңейту жайын ойлау керек.

ӘЛЕМДЕ КӨМІР ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР

Кокстелген көмір әлемдегі стратегиялық шикізатқа айналды. Себебі сұраныс жоғары. Мысалы, Еуропалық одақ жыл сайын 40 млн тоннасын импорттайды. Қазір әлемнің бірқатар елінде жылына 1 млрд тоннадай кокстелген көмір өндіріледі. Қытай мен Жапония да осындай қатты отынға көңіл бөліп отыр. Алдағы 10 жылда мұнда қуатты энергия зауыттары салынады. Дәл қазір жаһандағы кокс көмірінің бір тоннасы 300 долларға бағаланған. Тау-кен өндіруші кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, мұндай сәтті ұтымды пайдалану керек. Біздің елде көмірді өңдеу ошақтары енді салына бастады.

Бүгінде Азия мен Еуропа нарығында қалыпты көмірдің бір тоннасы 200 доллардан асқан. Азия-Тынық мұхиты аумағындағы генерацияның дамуы бағаның күрт өсуіне алып келді. Ал кәрі құрлықта көгілдір отын қорының таусылуы себеп болып отыр. Еуропадағы декорбанизация жөніндегі стратегияның қатері айшықталып жатыр дейді мамандар. Өйткені мемлекеттер көмір қорын толтыруға асықпаған болатын. Газсыз қалған халық қатты отын іздеп кетті. Өкінішке қарай, бүкіл әлемде салаға инвестиция тарту жағы ақсап тұр. Дегенмен көмірге сұраныс арта береді.

Еске салайық, жыл басынан бері әлемдегі көмір 300 процентке қымбаттады.

Николай Радостовец, Тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

– Еуропада газ қымбаттап жатыр. Біз мұндай мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Өйткені олар энергияның арзан түрлерін іздей бастайды. Еуропа ғана емес, басқа да мемлекеттерде көмір генерациясы қайта іске қосылып жатыр. Оларға көмір керек. Демек біз мол қорымызды қайда жұмсайтынымызды анықтап алуымыз қажет. Бұл ретте біз үшін Үкіметтің көмегі аса маңызды. Өйткені өндіріс емес, бізді сол көмірді жеткізу жайы алаңдатады. Осы тұста олқылықтар өте көп.

ЖЕМ ЖОҚ, ЕТ ҚЫМБАТТАЙ МА?

Елдегі шаруалар мал басын азайтуға мәжбүр. Олар қысқы мал азығын 30 процентке аз қамдап үлгерген. Жем-шөптің жоқтығы төрт түлікті арзан бағаға сатуға итермелеп жатыр. Қазір толайым саудада ет және ет өнімдерінің құны арзандағанын байқауға болады. Бірақ мал азығының қымбаттауы ол жеңілдікті сездірмей тұр. Қазақстан ет одағының мүшесі Асылжан Мамытбеков «қысқамерзімдік жоспар осындай» дейді. Ал ұзақмерзімдік болжамға сүйенсек, ет әжептәуір қымбаттайды. Жалпы жыл басынан бері баға 7,5 процентке артқан. Сарапшыны шаруалардың жайы алаңдатады. Олар қожалықтағы малды арзан бағаға сатуға мәжбүр. Тек Өзбекстанға тірі мал шығаруға тыйым салынды. Қытайда мұндай түліктерге сұраныс аз. Демек малды экспорттауға қауқар жоқ. Ал ет қымбаттайды. Тіпті «көктемде тапшылық сезілуі мүмкін» дейді ет одағындағылар. Асылжан Мамытбеков дәл қазір экспортты реттеу қажет дейді. Әйтпесе импортқа тәуедді болуымыз ғажап емес.

ӘЛЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ ТРИЛЛИОНЕР КІМ?

Tesla өз рекордын жаңғыртып жатыр. Компанияның үшінші тоқсандағы кірісі 14 млрд доллардан асқан. Үш айда 140 мың көлік сатылды. Бұл жоспардан анағұрлым артық. Осылайша микрочиптердің тапшылығы да автоөндіруші әлеуетінің артуына кедергі болмады. Айтпақшы, Morgan Stanley сарапшылары Илон Маскты алғашқы триллионер ретінде көреді. Тек Tesla-ның арқасында емес, сарапшылар SpaceX-ті жаһандағы ең бай компания болады деп отыр. Оның құны 240 млрд долларға бағаланады.