Қазақстандықтар ашқан инвестициялық шот саны рекордты деңгейге жетті

Қазақстандықтар ашқан инвестициялық шоттардың саны биыл рекордтық деңгейге жетті. Тоғыз айда елде 108 мыңнан астам шот ашылды. Бұл өткен жылға қарағанда шамамен 4 есе көп. Инвестициялық шоттар KASE және AIX қор биржаларында тіркелді. Бұл құнды қағаздар нарығына деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Әсіресе жеке инвесторлар жылдан жылға көбейіп келеді. Мысалы, биыл қаңтар-қыркүйек аралығында жеке инвесторлардың қатысуымен 63 миллион транзакция жасалған. Бұл былтырғы көрсеткіштерден екі есе артық.

Елена Пак, Astana International Exchange коммуникациялар жөніндегі директоры:

«Жеке инвесторлардың көбеюіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, адамдар жинақтарын сақтау үшін банкке балама іздей бастады. Екіншіден, локдаун немесе форс-мажор жағдайында қосымша қаражат қажет деп ойлады. Және қазір инвестициялау оп-оңай. Бүгінде бұл істі үйден шықпай мобильді қосымшалар арқылы тындыруға болады. Мұндай жағдайда инвесторлар үшін тәуекелдерді есте сақтау және оларды дұрыс бағалау маңызды. Ақпаратты зерттеу керек. Қайда инвестиция салғаныңызды түсініп, қаржыны әртараптандырыңыз. АІХ биржасының көмегімен бағалы қағаздарға инвестициялауға мүмкіндік беретін "Табыс" мобильді қосымшасы құрылды. Бұл бәріне қолжетімді және қарапайым қосымша». 

Елімізде 343 мың инвестициялық шот тіркелді 

Tabys мобильді қосымшасындағы инвестициялар көлемі 10 айда 2 млн долларды құрады, ал сауда-саттық көлемі шамамен 3 млн долларға жетті. Қосымшада 12 мың пайдаланушы тіркеуден өтті, олардың 4 мыңға жуығы белсенді түрде инвестициялайды. Мобильді қосымша былтыр желтоқсанда іске қосылған. Айта кетерлігі, кейбір қазақстандықтар зейнетақы шоттарындағы қолжетімді қаражатты инвестициялауға жұмсаған. Бұл да қор нарығындағы белсенділікке әсер етті дейді Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары. Сондай-ақ депозиттік мөлшерлемелердің табысы төмендегендіктен қазақстандықтар жинақтарын жаратудың өзге жолдарын іздей бастаған. Елдегі инвестициялық шоттардың жалпы саны 343 мыңнан асты. 

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы:

- Бұрын теңгелік депозиттер үлкен табыс әкелді. Ал қазір табыс азайып жатыр, шамамен 9%. Ал инфляция 8,9%. Яғни теңгелік депозиттер инфляция деңгейінде. Сондықтан қазақстандықтар жинақтарын сатып алу қабілетін сақтайтындай етіп пайдаланғысы келеді. Бұл үрдіс инвестиялау құралдарының көбеюімен де байланысты.