Қазақстанда кәсіпорындарға шикізат жағынан қолдау қажет

Шикізат мәселесін шешпей, отандық өнімді дамыту мүмкін емес. Қазақстан химиялық өндіріс басқармасы төрағасының кеңесшісі Қанат Оспанов осылай дейді. Сарапшы өндірістік тізбек құрудың маңызына тоқталды. Бұл тұрғыда үкімет үйлестіруші әрі қолдаушы болуы тиіс. Ал негізгі күш кәсіпкерлерге түседі. Кейін өнімді өндірушіден өңдеушіге жеткізу механизмі бекітілуі қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуді тапсырды. Тек жергілікті өндіріс орындары өнімін ішкі нарыққа беруден гөрі сыртқа сатқанды жөн көреді. Оның ақысы тиімдірек себебі. Зардабын қазақстандық өңдеушілер көріп отыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мәселеден хабардар. Олар жыл аяғына дейін елімізде қабылданатын «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң түйткілдің түйінін шешуге ықпал етеді дейді. Әрі еліміз келесі жылы шикізаттың емес экспорт үлесін 29 млрд долларға арттыруды көздеп отыр.

Арман Мәмбетаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:

- Біздің машина өңдеушілерді мазалайтын мәселе металдардың өсуі. Бұл ретте біздің құзіретті мемлекеттік органдармен, үлкен металлургиялық кен өндірісінде жұмыс істейтін үлкен компаниялармен тиісті жұмыс жүргізілді. Екі жақты бизнестің мүдделерін айқындау үшін. Біздің металл өндірушілер отандық өндірушілерге металдың бағасын Лондондағы бағадан жоғары емес бағада беретін болады.

Қанат Оспанов жасыл экономикаға көшу үшін де шикізат мәселесін бір жақты етіп алу керек дейді. Мысалы, Қазақстанда газ тапшы. Өзімізде шығарылатын көгілдір отынның дені экспортталады. 2060 жылға қарай еліміз көмірден түбегейлі бас тартпақ. Демек, газдың қорын молайтуды бүгіннен ойлау маңызды дейді сарапшы. Ол мұнай-газ саласы, тау-кен өндірісіндегі өнімдердің қайсысын алсақ та ішкі нарыққа жетіспейтінін жеткізді. Өңдеушілер де халық тұтынатын өнімді көптеп шығаруға көңіл бөлуі тиіс.

Қанат Оспанов, Қазақстан химиялық өндіріс басқармасы төрағасының кеңесшісі:

- Көмір химиясы және мұнай-газ химия салалары. Менің ойымша, Қазақстан үшін стратегиялық бағыт болуы керек осы сала. Өйткені осы уақытқа дейін біз қазба байлықтарды тек қана энергетикалық ресурс ретінде пайдаландық. Енді оны химия өндірісі үшін шикізат ретінде пайдалануымыз керек. Яғни біз жаңа сатыға көтерілуіміз керек өнеркәсіпте. Әсіресе жасыл повестка кезінде осы бағытқа көбірек көңіл бөлу керек.

Ал еліміздегі полиграфия кәсіпорындары шетелдік шикізатқа тәуелді. Өйткені Қазақстанда қағаз, бояу, тонер шығарылмайды. Бәрі сырттан әкелінеді. Мысалы картон мен өндіріске қажет қағаз түрлері Ресей, Германия, Финляндия, Қытайдан алынады. Ал дизайнерлік қағаздар Италиядан жеткізіледі. Бұл туралы ірі полиграфиялық кәсіпорын басшысы Сәния Ирсалиева айтты. Кәсіпкердің сөзінше, әлемдегі қымбатшылық пен пандемия оларды да қыспаққа алған. Нарықтағы целлюлоза құнының аспандауы мен өзге де шығындардың артуы жығылғанға жұдырық болды. Оған қоса, салаға қажет жабдықтар түгел импортталады. Карантиндік шектеулер мен логистикалық кедергілер де салаға салқынын тигізді. Десе де, тапсырыстар азаймаған. Әсіресе кітап пен қойын дәптерге сұраныс артыпты. Сәния Ирсалиева нарық құрылымы өзгеріп жатқанын айтады. Кәсіпорындардың бюджеті қысқарды. Сол себепті басқа да өнімдер шығаруға ден қойып жатыр. Бірақ қиын-қыстау кезеңде жұмысшыларын қысқартпай, керісінше жұмысын тоқтатқан полиграфиялардан маман алған.

Сәния Ирсалиева, ірі полиграфиялық кәсіпорын басшысы:

«Пандемия полиграфиялық кәсіпорындарға қатты әсер етті. Сұраныс күрт төмендеп кеткен болатын. Соның салдарынан біраз кәсіпорын қызметін тоқтатты. Жұмысшыларын қысқартқан кәсіпкерлер де бар. Оның үстіне біз импортқа тәуелдіміз ғой. Шикізатты түгел сырттан тасымалдаймыз. Логистикалық қызмет қымбаттап жатыр. Тапсырысымыз дер кезінде жеткізілмей жатады. Бұл да бізді мазалайтын мәселе. Оған қоса, қажетті қағаз түрлерін табу да қиындап кетті».