Еліміздегі қоқыс полигондары талапқа сай ма

Елде тыңайтқыш экспортына шектеу қою керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздегі диханшылар одағы осындай ұсыныс айтты. Себебі биыл әлемдегі сұранысты ескеріп, оны сыртқа сататындар көбейген. Ал бұл сайып келгенде өнім шығымына кері әсер етті.

Елде 3 мыңнан аса қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар десек, соның 20 проценті ғана талапқа сай. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында осылай деді.

Оның айтуынша, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары мен еліміздің солтүстігінде бұл мәселе өткір тұр. Былтыр елде қатты тұрмыстық қалдықтарды көмеуге тыйым салынды. Десе де, Нұр-Сұлтан, Алматы және Лисаковск қалаларында құрылыс қалдықтарына арналған алаңдар әлі бар. Қазір қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін бақылауды күшейту бойынша Кодекске өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр. Егер қолдау тапса, компаниялар бұдан былай қоқыс таситын көліктерге GPS-құрылғысын орнатуға міндетті болады. Сонымен бірге биыл санитарлық талаптарды бұзғаны үшін салынатын айыпппұл көлемі де көбейді. Ал келер жылы еліміздің алты өңірінде атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе мен Қарағандыда қоқыс өңдейтін зауыттар салынады. Бұл да күрмеулі мәселені шешуге септесуі тиіс,-деді ведомство басшысы. 

ТЫҢАЙТҚЫШ ЭКСПОРТЫНА ШЕКТЕУ ҚОЮ КЕРЕК ПЕ?

Әлемде тыңайтқыш қымбаттап жатыр. Әсіресе калий, фосфор мен азоттың бағасы кейінгі 10 жылда рекордтық деңгейге өсті. Бағадағы өзгеріс азық түлік нарығындағы жағдайды тіптен шиеленістіріп жіберді. Мәселен, биыл жүгерінің шығымсыз болуы әлемде мал азығы тапшылығын туғызды. Салдарынан сапалы еттің бағасы көтерілді. Сондай-ақ шырындар мен газдалған сусындар да қымбаттады. Бұлай жалғаса берсе, келер жылға қарай жүгері алқаптары 36 млн гектарға қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Жаһандағы жағдай отандық дихандарға да оңай соқпады.

Одақ басшысы Виктор Аслановтың айтуынша, қымбатшылықтан өзге түгілі өзіміздегі өнімге қол жеткізу қиын болған. Себебі сұранысты ескеріп, сыртқа сатқандар көбейген. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де байқалған. Осы себепті көрші ел шетке шығарылатын тыңайтқыш көлеміне шектеу қойды. Оған сай, алдағы жарты жылдықта 6 млн тонна ғана азот пен 5 млн тонна азот құрамдас тыңайтқыштарды сатуға рұқсат. Бұл ішкі нарықтағы жоқшылықтың алдын алады дейді мамандар. Қазақстандық дихандар мұндай шара бізге де ауадай қажет екенін айтып отыр. Өйткені биыл тыңайтқыштарды қоса есептегенде егін егуге қажет материалдар 80 процентке қымбаттаған.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?

Биыл елде 1 жарым мыңға жуық сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалған. Бұл былтырмен салыстырғанда 33 процентке көп. Дені Нұр-Сұлтанда. Бас қалада тоғыз айда 140 қылмыстың беті ашылды. Сондай-ақ Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ал сыбайлас жемқорлық ең аз аймақ Маңғыстау облысы. Жыл басынан бері 43 дерек әшкереленді.

Жемқорлық қылмысын деңгейге бөліп қарсақ, биыл ауыр қылмыс саны 937-ге жеткен. Орта деңгейлісі 340, ал жеңіл қылмыс түрі –97, қалғаны аса ауыр санатқа жатады. Олардың үштен бірі пара беру болса, пара алу мен алаяқтыққа баратындар да азаяр емес. Бас-аяғы 739 адам сотқа тартылыпты. Басым бөлігі,  әкімдік пен құрылымдық бөлімшелерінің мамандары. Сондай-ақ ішкі істер органдары мен қаржы министрлігінің қызметкерлері де күдікке жиі ілігеді.

ОПЕК+ ЕЛДЕРІ ЖАҢА КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Енді қара алтын нарығынан соңғы ақпар. Опек+ елдерінің министрлері желтоқсанда мұнай өндірісін тәулігіне 400 мың баррельге жеткізуге келісті. Осылайша альянс қара алтын көлемін арттыруға әзірге асықпауды, қыстың соңына дейін қазіргі келісімге мойынсұна тұруға уағдаласты. Өткен жылдың мамырында ұйымға мүше елдер мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін азайтқан болатын. Алайда індеттің беті қайта бастаған соң әрі әлемдегі жоғары сұранысты ескере отырып, оны қайта ұлғайтты. Қарашада біздің ел үшін квота тәулігіне 1,540 млн баррель шамасында бектілді. Ай сайын өндіру көлемі орташа есеппен тәулігіне 16 мың баррелге дейін ұлғаяды.