ҰКП: Шығынға батқан кәсіпкерлерге жеңілдік жасалуы керек

Келер жылдан бастап ауылдық жерде қызметкеріне үй салып берген кәсіпкердің шығыны субсидияланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде құжат «Ашық үкімет» порталында талқыланып жатыр. Қазақ-Қытай шекарасындағы жағдайдан шығынға батқан кәсіпкерлерге жеңілдік жасалуы керек. Олардың салығы мен несиені төлеу мерзімі кейінгі шегерілуі тиіс. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері осылай дейді. Қазір Қазақ-Қытай шекарасындағы жағдай оңалып келеді.

Ұлттық теміржол компаниясының хабарлауынша, келіссөздерден кейін Қытай тарапы қабылдайтын вагон санын 200-ге арттырып, күніне 400 вагонды шекарадан өткізіп жатыр. Бұрын ол 800 вагон болған. Десе де автокөлік арқылы жүк тасымалдауда әлі де шектеу бар. Әзірге бес өткізу пунктінің үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Сондықтан қалған екеуін іске қосуға күш салынса, дейді мамандар. Қазір екі ел шекарасынан тәулігіне 40-50 жүк көлігі өтеді. Ал бұрын 300-400 көлік емін-еркін қатынаған.

АУЫЛДА ҮЙ САЛҒАНДАРҒА СУБСИДИЯ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

Келер жылдан бастап ауылдық жерде қызметкеріне үй салып берген кәсіпкердің шығыны субсидияланады. Бүгінде құжат ашық Үкімет порталында талқыланып жатыр. Субсидиялау тетігін енгізу жұмыс берушілердің ауылда тұрғын үй салу шығынын барынша азайтады және халықтың қалаға үдере көшуін тоқтатады, дейді мамандар. Басты талап баспана құны 10 миллион теңгеден, көлемі 100 шаршы метрден аспауы керек. Мұндай жағдайда шығынның 50 процентін мемлекет өтейді. Десе де жұмыс берушілер үйді тек 5 жылға еңбек шарты бар қызметкеріне ғана ұсына алады.

ҚАЗАҚСТАН ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ЕҢ АРЗАН ЕЛДЕРДІҢ БІРІ

Қазақстан - электр қуаты ең арзан елдердің бірі. Еуропаның халыққа электр қуатының қолжетімділігі рейтингі солай дейді. Одан кейін ең арзан елдер тізімінде Ресей мен Украина тұр. Ал көш басында Норвегия мен Исландия. Бұл елдерде электр қуатын тұтыну көрсеткіші де жоғары. Ал Қазақстан электр қуатын тұтыну бойынша 141 елдің ішінде 41орынға жайғасқан. «АйЭй» зерттеуіне сүйсенек, біздің ел сонымен бірге халықты электр қуатымен 100% қамтыған мемлекеттер қатарына кіреді.

ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ САЯХАТТАУҒА БОЛАДЫ?

Қысқы демалыстар да жақын. Ендеше қазақстандар қай елдерге саяхаттай алады? 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, бүгінде 23 елмен әуе қатынасы ашылған. Жыл басынан бері 12 млн-нан аса адам әуежай қызметін пайдаланды. Былтыр пандемияға байланысты екі есе азайып кеткен еді. Қазір ішкі рейстер де толық жанданды. Күніне шамамен 106 рейс орындалады. Ал шетелдік бағыттар бойынша 23 елмен 63 бағытқа рейс жасалды. Олар Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина және өзге де мемлекеттер. Ұшақтар күніне 35 мәрте ұшады.

ИЛОН МАСК TESLA АКЦИЯЛАРЫН САТУҒА ДАЙЫН

Әлемдегі ең бай адам Илон Маск Тесла акцияларының 10 процентін сатуға дайын. Ол бұл жайында Twitter парақшасында хабарлап, желі қолданушылары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға барлығы 2 млн-ға жуық адам қатысты. Жартысынан көбі оның әрекетін құптап отыр. Ал кәсіпкердің өзі бұлай етуіне салық бойынша берешегін төлей алмауы себеп болғанын айтты. Илон Маск - Форбс және Блумберг рейтингі бойынша әлемдегі ең ауқатты адам. Оның дәулеті 300 млрд долларға жеткені мәлім.