Елімізде қоғамдық тамақтану орындарының 60% көлеңкелі бизнес жасап отыр

Қоғамдық тамақтану орындарындағы баға 10-15%-ке өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал карантиндік шектеулерге шамасы келмеген кәсіпкерлерге өз ісін жабуға тура келді. Дегенмен заман талабына сай жаңа бағыттарды меңгерген ресторандар да бар. Қоғамдық тамақтану орындарының 60%-ке жуығы көлеңкеде жұмыс істейді. Қазақстанның қоғамдық тамақтану нығасандарының қауымдастығының өкілдері осылай дейді.

Олардың айтуынша, «Ashyq» қосымшаcы енді ғана енгізілгенде, бұл нысандардың тек 5-7%-і жасырын қызмет еткен. Ол негізінен түнгі клубтар мен қор-қор орталықтары еді. Ал қазір қоғамдық тамақтану нысандарының көбі көлеңкелі бизнес жасап отыр.

Ұйым төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, карантиндік шектеулер бизнесті тығырыққа тіреді. Бірақ отандық кәсіпкерлер бұл нарықта қалу жолдарын барынша іздеп жатыр.  Осы мақсатта бизнес өкілдері фудпейрингті меңгере бастады. Фудпейринг - тағамдар мен сусындарды иісіне қарай сәйкестендіретін ғылым. Ол түрлі дәмдерді араластыруға негізделген. Сол арқылы үйреншікті тағамдарды әртүрлі ингридиенттермен дайындауға болады. Бұл бағасы арзан өнімдерді қолдануға мүмкіндік беретін бағыт. Өйткені азық-түліктің қымбаттауы кафе ресторандардағы бағаға да ықпал етті.

Вероника Нұрпейісова, ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

– Иә, қоғамдық тамақтану орындары бағаны 10-15%-ке көтерді. Өйткені ет екі есе, коммуналдық қызметтер шамамен 40%-ке қымбаттады. Жалпы азық-түлік бағасы екіден сегіз есеге дейін өсті. Бірақ біз қызмет көрсету құнын бұдан артық көтере алмаймыз. Олай істесек, бізге клиенттер келмей қояды. Өйткені халықтың өмір сүру деңгейі пандемияға дейін қандай болды, солай қалды. Ешкімнің жалақысы өскен жоқ.

Қауымдастықтың ақпаратына сай пандемия кезінде елімізде 35 мың қоғамдық тамақтану орны жабылды. Бұл 550 мың адам жұмыссыз қалды деген сөз. Салада негізінен жеке кәсіпкерлік нысандар жұмысын тоқтатқан. Мамандардың айтуынша, солардың әр қайсысының кем дегенде 8 миллион теңге қарызы болды. «Олардың мемлекет және тауар жеткізушілер алдындағы қарызын осыдан ақ есептей беріңіз»- дейді қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі.

МАМАНДАР ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА АРЗАНДАЙТЫНЫН АЙТТЫ

Бүкіл әлем баспана қымбаттады деп дабыл қағып жатыр. 55 мемлекетте тұрғын үй бағасының жылдық өсімі 9%-ке дейін жетті. Британдық Knight Frank компаниясынының есебіне сай, мұндай көрсеткіш 2005 жылдан бері тіркелмеген. Әрбір үшінші елде баспана құны өскен.

Атап айтсақ, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Түркияда баға 16% қымбаттады. Британияда тұрғын үйлер 2024-ке дейін жыл сайын 3,5%-ке қымбаттайды деген болжам бар.

Бұл пандемиядан кейін баспаналарға сұраныстың күрт артуымен және мемлекеттік қолдау шараларымен байланысты. Мысалы, Боливия, Чили, Перу елдерінде зейнетақы жинақтарын үй алуға қолдануға рұқсат етілді. Бірақ аталмыш елдердің орталық банктері мемлекеттің бұл бастамасын сынға алған. RiskTakersKZ сарапшылары да мұнымен келіседі.

Олардың айтуынша, Үкіметтің қолдау шаралары болмағанда, тұрғын үй нарығындағы баға бұлай өспейтін еді.  Енді баспана арзандау үшін нарықтағы белсенділікті сәл төмендету керек. Егер халық құрылыс компанияларына жүгінуді сиретіп, интернетте үй іздеуді азайтса, дүрбелең басылады. Ал сұраныстың төмендеуі құрылыс компанияларын бағаны төмендетуге мәжбүрлейді дейді мамандар. 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЭКОНОМИКАҒА ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ТАРТА АЛАДЫ

2030 жылдан бастап жасанды интеллект экономикаға 1,2 трлн теңге өсім әкеледі. Бұл туралы еліміздің цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. Бұл қызмет көрсетуді автоматтандыру және түрлі технологиялық шешімдер есебінен болмақ. Сондай-ақ жаңа технологиялар дәстүрлі жолмен саралауға келмейтін ақпаратты өңдейді. «Технологиялар нарығының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, жүзден астам инновациялық кәсіпордың қызметіне жол ашады», деп хабарлайды ведомство өкілдері.  Алдағы төрт жылдың ішінде бұл нарыққа 218 миллиард теңге инвестиция құйылып, IT-қызмет экспорты 80%-ке жетеді деп жоспарланған.