Өңірлерде инфляция деңгейі жоғарылады – Ұлттық банк

Қазан айында елдегі инфляция қыркүйектегі деңгейін сақтап қалды. Яғни 8,9 процент. Ал өңірлер бойынша салыстырсақ, тек төрт облыста ғана өзгеріс жоқ. Жеті өңірде өсім байқалады. Бұл туралы Ұлттық банк өкілі жариялады.

Оның айтуынша қазан айында Алматы қаласы мен Алматы облысында жекелеген тауарлардың айтарлықтай қымбаттағаны байқалады. Мәселен, республика бойынша азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,7 процентке өсті. Қымбатшылық, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүтсік Қазақстан өңірлерінде байқалған. Ал азық-түлік емес тауарлардың құны 1 проценттей көтерілді. Бағасы шарықтап кеткен өнімнің бірі – жанармай. Мәселен, дизель отыны бір айда 17 проценттей қымбаттаған. Бүгінде Елордадағы жанармай құю бекеттерінде аязда қатпайтын дизель 330 теңгеден ал, қарапайым дизель 250 теңге шамасында саудаланып жатыр.

KASE-ДЕ АҚШ-ТЫҢ ІРІ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ АКЦИЯЛАРЫ САУДАЛАНАДЫ

15-қарашадан бастап, Қазақстан қор биржасында шет елдік құнды қағаздарды саудалауға мүмкіндік ашылады. Яғни Amazon, Netflix, Twitter, Uber секілді 27 компанияның акциялары қолжетімді болады. Алып-сату KASE Global деп аталатын арнайы бөлімде жүргізіледі. КАСЕ басшылығы алғашқы кезеңде тек америкалық ірі компаниялардың акцияларын ғана саудалауға мүмкіндік беріп отыр. Яғни АҚШ нарығында сұранысқа ие, инвесторларды қызықтыратын құнды қағаздар іріктелген. Сауда саттық 15 қарашада басталады. Күн сайын таңғы 11:20 мен кешкі 10 арасында Т+2 шарты бойынша жүргізіледі. Сауда валютасы АҚШ доллары болмақ. Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевскаяның айтуынша,  KASE Global-да әзірге акциялар ғана саудаланады. Кейін оның қатары көбеюі мүмкін. Әсіресе S&P 500 және NASDAQ Global 100 индекстеріне енетін құнды қағаздарды қосуға басымдық беріледі. Қазір елдегі брокерлік компаниялар шет елдік құнды қағаздарды өзге мемлекетердің қор нарығы арқылы саудалап жүр. Енді KASE Global олардың отандық қор биржасымен жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Наталья Хорошевская, Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары:

– Кейінгі кезде Қазақстан қор биржасында шағын көлемде сауда жасайтын инвесторлар көбеюде. Олар жеке есепшот ашып, өз мүмкіндіктерін сынап жатыр. Нарықта инвестордың көп болғаны жақсы. Олар біздің биржаның заңды жұмыс істейтінін көріп сенім артса,ірі компаниялар да акцияларын саудаға шығарып, осы нарықтан инвестор іздей бастайды. Яғни қор нарығында белсенділік артады. Жергілікті брокерлер тәжірибе жинайды. Қазақстандық компаниялар қор нарығы арқылы түрлі инвесторлардан қаржы тартуға мүмкіндіқ алады. Бұл ел экономикасын көтеруге сеп болады.

ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Жалпы қазан айында акциялар нарығының капитализациясы 32,9 триллион теңгеге жетті. Өткен аймен салыстырғанда 4 триллионға көп. Өсімге компания акцияларының қымбаттауы әсер етті дейді мамандар. Оның үстіне кейінгі кезде жекелеген ұсақ инвесторлардың саны артқзан. Олар орта есеппен 150-200 мың теңге көлеміндегі акцияларды саудалайды. Қазан айында орталық депозитариде 8 мыңнан астам жеке тұлға есеп-шот ашты. Ал жыл басынан бергіні есептесек 73 жарым мыңға жуықтайды. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Қазір акциялардың брутто-айналымында жеке тұлғалардың үлесі 60 проценттен асты. Былтыр 50-ге де жетпейтін. KASE Global алаңының ашылуы осы инвесторлардың қызғышулығын туғызып, белсенділігін арттыруы мүмкін.

МӨЗ ЖӨНДЕУДІҢ 5 ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ ЖАСАЛАДЫ

Павлодардағы мұнай химия зауыты алдағы бес ай бойы дизель өндірісін межелі жоспардан 20-40 мың тоннаға кем орындауға мәжбүр. Өйткені зауыттағы құрылғыдан ақау шыққан. Оны алмастыруға жарты жылдай уақыт кетеді. Яғни егіс науқанына қажетті дизель отынын отандық мұнай өңдеуші зауыттар қамти алмауы мүмкін. Осыған байланысты энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚазМұнай Газ компаниясы мен Мұнай өңдеуші зауттарға көктемге дейін өзге елден импорттаса да, егіске қажетті жанармай қорын жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ елдегі кәсіпорындар биыл ішкі нарықты дизель және авиакеросинмен қамти алмағанын сынға алды. Ведомства басшысының айтуынша, зауыттрарды жөндеу жұмыстарына тоқтату жоспары ескірген. Сондықтан алдағы бес жылға жаңа жоспар құру қажет. ҚазМұнай Газ мәліметтеріне қарағанда елде жылына 5 миллион тоннадай автобензин, 5,14 миллион тонна дизель және 623 мың тонна авиокеросин өндіріледі. Бұл ішкі сұранысты толық қамтуы тиіс. Бірақ өзге елдермен шекаралас кей өңірлерде тұтыну көрсеткіші жоспардан асып кетті. Өйткені Қазақстандық жанармай арзан. Кейінгі кезде оны астыртын шет елге сату дерегі көбейген.

СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗҒА СҰРАНЫС АРТТЫ, ӨНДІРІС КӨБЕЙМЕДІ

Биыл елде газ екі есе қымбаттады. Кей өңірлерде көгілдір отынның литрі 150 теңгеге дейін жеткен. Бағаның өсуіне өнімнің тапшылығы әсер еткен. Тіпті Жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газ сатылымы тоқтап қалған жағдайлар да болды. Мамандар газ тапшылығын тағы да сол мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстарына тоқтатылуымен байланыстырады. Оған қоса кейінгі кезде көгілдір отымен жүретін көлік саны көбейіп, сұраныс артқан көрінеді.

Мұрат Жүребеков ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

– Қазіргі таңда газдың 70 проценті электронды сауда алаңдары арқылы сатылады. Ол баға қазіргі таңда осы жылдың алдыңғы айларымен салыстырғанда өсті. Сол себептен кейбір АЗС тер ол газды ала алған жоқ. Сондықтан қажетті өңірлерге ол газ жеткізілген жоқ уақытында. 2019 жылы автокөліктердің бензиннен сұйытылған газға ауысқандарының көлемі 140 мың автокөлік болды. Ал 2021 жылы оның көлемі 313 мыңға дейін өсті. Ол салыстырмалы түрде қарасақ екі ірі өңірдің тұтыну көлемімен бірдей.