Келер жылдан бастап Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаржы азаяды

Ұлттық қордан қаржы алу азаяды. Бұл туралы елдің қаржы министрі қаржыгерлердің 9-ші конгресінде хабарлады. Ол үшін қандай шаралар қабылданады? 

Кейінгі екі жылда ұлттық қордан мемлекет бюджетіне алынған қаржы сомасы екі есе көбейді. Мәселен 2019-шы жылы ұлттық қордан бюджетке 2,2 триллион теңге алынса, былтыр 4,7 триллион теңге аударылды. Ал биыл 4 жарым триллион теңге жұмсалған. Қаржы министрінің айтуынша, келер жылы кепілдендірілген трансферт 300 миллиард теңгеге азаяды. Ал мақсатты трансферт 1,9 триллионнан 550 миллиард теңгеге қысқарады. Яғни мұнайдан түскен табыстың бюджетке берілетін үлесі азайып, ұлттық қорға жинақталады. Осы тұста бюджетті қалай толықтырамыз деген заңды сауал туады. Қаржы министрінің айтуынша, ол үшін нарықта көлеңкелі бизнестің үлесін азайту, кеден инфрақұрылымын жаңарту, салық және кеден ісінде цифрлық технологияларды енгізу сынды бірқатар жұмыс атқарылмақ.

Ерұлан Жамаубаев, Қазақстан Республикасының қаржы министрі:

– Ресми мәлімет бойынша қазір нарықта көлеңкелі экономиканың үлесі 20 процентті құрайды. Біз мұны 15 процентке дейін төмендетуге ниеттіміз. Биыл жалпы қалықтың табысын рәсімдеуді бастадық. Бұл жеке тұлғалардың қаржысы мен мүлкі жайлы ақпаратты біліп, нарықты бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кеден жүйесінде 9 автомобиль және 1 темір жол өткізу бекетін жаңартамыз. Салық және кедендік әкімшілікті цифрландырамыз. Кейінгі үш жылда осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижесінде бюджетке қосымша екі триллион теңге түсті.

БАНКТЕР САРАҢ БОЛЫП БАРАДЫ

Елдегі екінші деңгейлі банктердің ел экономикасын қаржыландырудағы үлесі айтарлықтай азайып кетті. Әсіресе, кәсіпкерлерге қарыз беру рекордты деңгейге түскен. Салыстырмалы түрде айтайық, 2009 жылы жалпы ішкі өнімдегі несиенің үлесі 67 процент болатын. Кейін 35 процентке төмендеді. Ал биыл 21 процент деңгейінде. Оның жартысынан көбі тұтынушылық қарыз. Нақты өндіріс салысына берілген қаржының үлесі ішкі жалпы өнімнің 10 процентіне ғана тең. Ал көрші Ресейде жағдай керісінше. Кейінгі жылдары мұнда банктердің экономиканы қаржыландырудағы үлесі елдің жалпы ішкі өнімінің 60 процентіне жеткен.

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІНІ ҚАМШЫЛАЙТЫН ҚҰБЫЛЫС

Рубльдің қымбаттауы отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Себебі Ресей валютасының құны жоғарылаған сайын, бұл елден келетін тауар да қымбаттайды. Сәйкесінше, халыққа жергілікті өндірушінің өнімін алу тиімді болады. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Өзімізде аз өндірілетін кей тауарлар көрші елден қымбат келсе, ішкі нарықта оның бағасы бұлданады. Мәселен, құрылыс саласына қажетті материалдарды көбіне солтүстіктегі көршіден аламыз. Ол қымбаттаса, үй бағасы көтеріледі. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы, импорттың орнын алмастыратын отандық өндірісті қолдау, – дейді экономикалық сарапшы Мақсат Халық.

Мақсат Халық, экономикалық сарапшы:

– Қазақстанда несие қымбат. Ондай жоғары пайыздағы несиелерді ешқандай кәсіпкер алғысы келмейді. Банктер де бизнесті қаржыландыруға мүдделі емес. Өйткені базалық мөлшерлеме жоғары. Оларда РЕПО деген сияқты өзара операциялар бар. Сол жақта жоғары 10 пайызбен табыс көріп отыр. Сондықтан ол қаражатты тәуекелге барып, бизнесті қаржыландырғаннан көрі, сол операциялардан көріп отыра береді. Ұлттық банк базалық пайызды жаздан бері үш мәрте көтерді. Инфляция бізде төмендеген жоқ. Демек базалық пайыздың ешқандай күші жоқ деген сөз. Нәтижесінде проценттері өсіп жатыр. Сондықтан мен базалық процентті көтергеніне түбегейлі қарсымын.