Қазақстанда көмір қымбаттамайды

Елімізде көмір қымбаттамайды. Құзырлы министрлік республикалық тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығымен меморандум жасасты.

Қазір көмір кеніштері бір тонна қатты отынды орташа алғанда 5600 теңгеге сатып жатыр. Бірақ тұтынушыға мүлде басқа баға ұсынылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдері мұны «ортадағы алыпсатарлардың тірлігі» дейді. Елде жыл басынан бері 88 млн тонна көмір өндірілді. Мамандар жылыту маусымынан сүрінбей шығуға қауқарымыз бар деп сендірді. Бірақ 9 өңірдің әкімдігі салғырттық танытып, қажетті көмірді дер кезінде жеткізіп үлгірмеген. Салдарынан халық абдырап қалды. Енді ай соңына дейін Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары мен қалған аймаққа қосымша 487 мың тонна көмір жеткізіледі. Десе де, еліміз қатты отын қоры бойынша ондыққа кіреді. Бізде шамамен 33,9 млрд тоннасы бар. Оның 90 проценті солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде шоғырланған. 

Қытай энергия тапшылығын қалай шешпек?

Қытай да бағаны түсіріп, ұсынысты арттыру үшін көмір өндірісін рекордтық деңгейге көтерді. Өткен айда 2015 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш тіркелген. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде 357 млн тонна көмір өндірілді. Жыл басынан бері мұнда 3,3 млрд тонна қатты отын шығарылған. Көрсеткіш мұнымен шектелмейді. Себебі елде 153 шахта қайта кеңейтілді. Олар өндірісті тағы 55 млн тоннаға арттырмақ. Осы арқылы мемлекет энергия тапшылығын жоюды көздеп отыр. Тіпті биліктің рұқсатынсыз көмір шахталарын жабуға тыйым салынды. Қазір Қытайдағы энергияның 60 проценті көмірден алынады.

«Ақ майнерлерден» пайда көп

Біздің елде де энергия тапшылығына жол берілмейді. Үкімет басшысы Асқар Мамин осылай деді. 2030 жылға дейін өндірілетін қуат көлемі 2 есе өседі.

«Бізге алдағы 10 жылда тағы 15,5 мың микроватт жаңа қуат қажет. Оған жаңартылатын энергетика, күн, жел, гидроэнергетика және газ генерациясы кіреді. Өндірілетін электр энергиясын екі есе арттыруға барлық мүмкіндігіміз бар»6 - деді премьер-министр.

Еске салайық, биыл елдегі энергия тұтыну көрсеткіші шамамен 8 есе өсіп кетті. Оған майнерлердің көбеюі де әсер еткен. Өкінішке орай, қызметін белсенді атқарып жатқан криптоөндірушілердің 40 проценті ресми тіркелмеген. Қазір елде 50-ге жуық заңды майнингтік ферма бар. Олар жыл сайын электр қуаты үшін 300 млн доллар төлейді. Қазақстандағы блокчейн және дата орталықтар индустриясының президенті Алан Дорджиевтің айтуынша, криптовалюта өндірушілерінен келетін пайда бұл ғана емес. 2022 жылы майнерлерден қыруар салық түседі. Олардың көбі 2018 жылы құрылған. Осы жылдар аралығында инвесторлар өндіріс алаңын салды. Құрылысқа қазақстандық материалдар пайдаланылған. Әр ферма 200 адамды жұмыспен қамтыды. Жұмысшы жастарға, орташа алғанда, 450 мың теңге айлық төленеді. Жыл сайын ел бюджетіне түсетін 127,5 млрд теңгеден аса қаражат блокчейн-технологиялар индустриясының үлесі. Оған қоса алдағы 5 жылда заңды майнерлерден 27 млрд теңге көлемінде салық түседі деген болжам бар.