Солтүстік Қазақстанда ауыз су екі есе қымбаттауы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында ауыз судың бағасы 80 теңге болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазір заң жобасы «Ашық» нормативтік құқықтық актілер порталында талқыланып жатыр. Егер қолдау тапса, тұрғындар 1 қаңтардан бастап жаңа тариф бойынша төлеуге мәжбүр болады.

Мамандардың айтуынша, жаңа төлем мөлшері аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына сәйкес келеді. Ең төменгі жалақы мен халықтың төлем қабілеті ескерілген.

Деректерге сүйсенсек, бүгінде солтүстікқазақстандықтар тіршілік нәрі үшін күніне 30-40 теңге шығындайды. Тариф соңғы рет 2005 жылы өзгерген. Қазір аймақтағы елді мекендердің 90 проценттен астамы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.

Еске сала кетейік, биыл ауыл-аймақтарда ауыз су бағасын бекіту жергілікті маслихат құзыретіне берілді.

КӨЛІК НАРЫҒЫ ЫРЫҚҚА КӨНБЕЙ ТҰР

Елде көлік бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр. Автобизнес қауымдастығының мәліметі бойынша жыл басынан бері жаңа көлік 8,3 процентке, ал ескі машина 9,8 процентке қымбаттаған. Бағаның бұлайша құбылуына автобөлшек өндірісінің тоқырауы себеп. Сонымен қатар логистикалық қызметтің шарықтауы да кері ықпалын тигізген. Мұнымен қоса, әлемде кей металл түрінің бағасы көтерілді.

Атап айтсақ, көлік құрастыруға қажет мыс биыл 48 процентке, алюминий 61 процентке, қорғасын 37%-ке өсті. Жыл басында елдегі автосалондарда көлік жетіспеушілігі байқалды. Соның салдарынан темір тұлпарға тапсырыс берген жұрт оны айлап күтуге мәжбүр. Отандық  сарапшылар бұл келеңсіздік жуық арада реттеледі деп сендірді.

Ербол Сейпілов, Қазақстан автокәсіпкерлік қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры:

– Жаңа машиналардың тапшылығы мен көлік бағасының өсуі тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік автоиндустрияда орын алып отыр. Дегенмен биыл сұраныстың өзі былтырғыдан жоғары екенін айта кеткен жөн. Ол адамдардың жеке көлікпен жүру қажеттілігінен туындады деп санаймыз. Мысалы, 2021 жылдың 9 айында 63 559 отандық көлік құралы шығарылды, соның 55 мыңы – жеңіл көлік. Бұл былтырғы көрсеткіштен 25,5%-ке артық Мәселен, былтыр 9 айда 50 660 көлік шығарылған. Ал ресми дилерлермен сатылған көліктер саны 86 566. Бұл былтырғыдан 36,3% көп. Отандық өндірушілер мен автомобильдердің ресми импорттаушылары жағдайды жақсартуға және жаңа автомобильдердің сұранысын қамтамасыз етуге барынша тырысып жатыр. Аталған мәселелердің реттелуіне байланысты жағдай жуық арада өз қалпына келеді деген үміттеміз.

НЕСІБЕГЕ ОРТАҚТАСҚАН

Түркістан облысында 300-ден астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек заңсыз беріліп келген. Бұл туралы аймақтағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады. Тексеру кезінде учаскелік комиссия мәліметті қате бергені анықталды. Салдарынан 28 миллион теңге заңсыз төленген. Қазір оның жартысы қазынаға қайтарылды, дейді басқарма өкілдері.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 41 мыңнан аса отбасына 11 млрд 200 млн теңге шамасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

ҚЫМБАТ БОЛСА ДА СҰРАНЫС БАР

Әлемде кофе бағасы шарықтап тұр. Нью-Йорк сауда-саттық алаңында фунтына 2,27 доллардан сатылды. Бұл кейінгі тоғыз жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Сусынның бұл түрі әсіресе осы жазда қатты қымбаттады. Мәселен, қарашада 10,5 процентке көтерілді. «Қымбатшылықтың негізгі себебі жеткізіп берудегі қиындықтар мен басты кофе өсіруші Бразилияда күн райының қолайсыз болуы», деп жазды Блумберг басылымы. Десе де мұның өзі тұрғындардың тәбетін қашыра алмаған секілді. Мамандар биыл әлемде кофемашинаға сұраныс артқанын айтып отыр. Яғни кофені тұтыну көрсеткіші оны өндіруден асып түскен.