Бензин бағасы бағынбай тұр

Еуразиялық экономикалық одақтағы ең арзан бензин Қазақстандікі. Тіпті әлемдегі қолжетімді отын сатып отырған ондыққа кіреміз. Десе де, ел ішінде бензин қымбаттап жатыр.

Мұнай-газ жөніндегі сарапшы Олжас Байдильдиновтің айтуынша, өсім әлі де жалғаса береді. Мұндай жағдай Ресейде де бар. Ал біздегі қымбатшылық жүргізушілердің қалтасы мен жүйкесін қатар жұқартып жатыр. Одақ ішіндегі өзге мемлекеттердің қазақстандық отыннан дәмесі зор. Рұқсатсыз тасымал да тыйылмай тұр. Осының кесірінен елдегі дизель қоры таусылып барады. Жыл басынан бері отынның бұл түрі де 11 процентке қымбаттаған. Олжас Байділдинов бірыңғай мұнай өнімдері нарығын құруды жеделдету керектігін айтты. 2025 жылға жоспарланған бұл үрдіс қолға алынбайынша бағаны тізгіндеу мүмкін болмайды. Қазір бірқатар аймақта АИ-92 маркалы бензин 180 теңгеден кем болмай тұр. Ал энергетика министрі жыл соңына дейін бағаны бағындыратын жүйелі өзгерістер енгізілетінін хабарлады.  

Олжас Байділдинов, мұнай-газ жөніндегі сарапшы:

- Қазақстанда бензин тапшылығы болмайды. Бірақ компаниялар үшін шығынға жұмыс істеу тиімсіз. Қазір АИ-92 бензині 180 теңге болса, бұл баррель мен долларға шаққанда 70 доллар болып шығады. Ал әлемдегі шикі мұнай баррелі 80 доллар. Мен 2019 жылы бензиннің 200 теңгеге сатылуы керек екенін айттым. Қазіргі жағдай мүлде басқа. Қазір мұнай баррелі ел ішінде 20 долларға сатылады. Бұл әлемдегі мұнай құнынан 4 есе арзан. Жалпы көлемнің 45 процентін ұлттық компания қамтып отыр. Қалғаны шағын кәсіпорындардың келісім-шарттары есебінен жабылып жатыр.  

Көлік саудасы баяулады

Ал 20 жылдан кейін әлемнің 33 мемлекеті бензинмен жүретін жаңа көліктерден мүлде бас тартпақ. Глазгода өткен бүкіләлемдік саммитте 6 автоөндіруші де осындай ниетін білдірді. Бұл мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, т.б. бар. Бірақ Германия уағдаластыққа қосылған жоқ. Өйткені немістер ауаға зияны тимейтін көліктер 2035 жылдан бастап шығарыла беруі керек деген пікірде. Осы Еуропалық одақта өткен айда көлік сатылымы 30 процентке кеміген. Микрочип жетпей жатқандықтан 4 айдан бері сауда бәсеңдеп барады. Жергілікті автоөндірушілер қауымдастығы таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазанда 665 мың жаңа көлік сатылған. Бұл 1995 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш. Тек Кипр мен Ирландияда сұраныс артты. Ал Италия, Германия, Франция мен Испанияда темір тұлпар саудасы 35 процентке дейін төмендеп кеткен. Жыл басынан бері одақта 8 млн көлік сатылды.   

Атом өндірісін айналып өте алмаймыз 

Сарапшыларды әлемдегі энергия тапшылығы алаңдатады. Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының директоры Ариэль Коэн атом энергетикасына немқұрайлы қарауға болмайтынын ескертті.

«Әлбетте әзірге көмірден түбегейлі бас тарта алмаймыз, алпауыт мемлекеттердің де онсыз күн көре алмайтынына көзіміз жетті», - дейді сарапшы. Мысалы, Қытай Америкадан сұйытылған газ алып жатыр. АҚШ әлем елдерінен газ бен мұнай тасымалын арттыруды сұрап отыр. Еуропа Ресейдің көгілдір отынына қарап қалды. Осы ретте Ариэль Коэн атом өндірісіне назар аударуға кеңес береді. Ол: «Уранға бай Қазақстанның әлемге қауіпсіз ядролық отынды жеткізетін бірден бір мемлекет болуға мүмкіндігі зор» дейді.  

Ариэль Коэн, Энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының директоры:

- Жасыл экономикаға көшуіміз керек. Осы ретте тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев энергия өндірісінің базалық деңгейін түзуді ұсынды. Мен де сарапшы ретінде өз ойымды айтсам, Еуропа атом өндірісінің әлеуетін бағаламай отыр. Кеше ғана Билл Гейтстің жаңа атом реакторын салуға қыруар ақша бөліп жатқаны айтылды. Бұл пилоттық жоба арқылы 345 мВт энергия өндіруге болады. Бұл аздау болса да арзан энергия болмақ.

Еркін сауда аумағы құрылуы мүмкін

Біріккен Араб әмірліктерінде ЕАЭО-ның еркін сауда аумағы пайда болуы мүмкін. Араб елдері біздегі комиссияға осындай ұсыныс білдірген. Оның нәтижесі әзірге белгісіз. Белгілісі, еліміз Сербияға 250 млн доллардың тауарын тасымалдайтын болды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұған дейін Қазақстан, Беларусь және Ресей бұл мемлекетпен өзара келісім жасасқан. Алайда Қырғызстан мен Армения тыс қалған. Енді қайта жасалған келісімнің арқасында одақ пен Сербия арасында бірыңғай сауда режимі пайда болады. Баж салығынсыз тасымалданатын тауар тізімі де артады. Бұл қатарда ірімшік, алкогольді сусын және темекі өнімдері бар. Сауда демекші, биыл еліміз жаһандағы экпорт үлесін 20 процентке, оның ішінде өңделген тауар сатылымын 25 процентке арттырды.

Еуразиялық даму банкі демеуші болады

Еуразиялық даму банкі алдағы бес жылда еліміздегі трансшекаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл арқылы жалпы инвестиция көлемі 11 млрд долларға жетпек. Мұндай нәтиже қаржы ұйымының Орталық Азиядағы өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының толыққанды серіктесі болған соң мүмкін болып отыр. Бұл туралы қаржылық ұйым төрағасының орынбасары Сергей Васильев айтты. Құны 1,2 млрд доллар болатын үш ірі жобаны жүзеге асырамыз. Оның ішінде "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жолы да бар. Осы дәліз арқылы азық-түлік саудасын 2%-ке арттырамыз. Яғни жүк тасымалы 30%-ке ұлғаяды, деді банк өкілі. Бұған дейін де қаржылық ұйым жетекшілері ЕАЭО елдері арасында Қазақстандағы экономикалық өсім қарқынды болатынын болжаған.