Қазақстанда ипотекаға сұраныс төмендеді

Оған «Баспана хит» бағдарламасының жабылуы мен үй бағасының қымбаттауы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ұлттық банк ұсынған мәліметке сай, елдегі 20 банкке жасалған сауалнама нәтижесі үшінші тоқсанда ипотекалық өтінім саны 27% көбейгенін көрсетті. Алайда мақұлданған өтінімдер 17% азайған. Бүгінде банктер клиенттің төлем қабілетін бағалауда скорингтік жүйені қолдана бастағанын еске салайық. Бұл да қарыз алу қарқынын тежеді. Десе де шарттарын жеңілдетіп жатқан ұйымдар да жоқ емес. Көбі кепілзат талаптарын қысқартып, жылдық үстеме пайызын азайтып жатыр.

Биыл ішкі нарықта отандық дәрі-дәрмектің үлесі артты. Алайда баға түскен жоқ. Айталық, медициналық бұйымдар жыл ішінде 2,4 процентке қымбаттаған.

Аша тұяқ шетел асырылмайды

Елде ірі және ұсақ малды, сондай-ақ картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салынды. Себебі ішкі нарықта баға шарықтап кеткен. Мәселен, өткен айда сиыр еті келісіне 2 239 теңгеден саудаланса, қой еті 21 процентке қымбаттап, 2409 теңгеден сатылған. Қазір ет өңдеу кәсіпорындары толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. 10 айда небәрі 173 мың тонна ет өңделген. Бұл жалпы көлемінің 18 проценті. Мамандар мұны шетке сатылған мал санының күрт көбеюімен байланыстырады.

Биыл ірі қара малды экспорттау 5 жарым есе, ұсақ малды сыртқа сату 6,7 есе ұлғайған. Ал картоп пен сәбізге келер болсақ, көрші елдерде өнім аз шыққан. Сарапшылар дер кезінде қамданбаса, бұл жағдай біздің нарыққа кері ықпал етуі мүмкін дегенді айтады. Экспортқа қатысты жаңа шектеулер ай соңында күшіне енеді.

Ескі көлікті қабылдау уақытша тоқтатылды

Елде ескі көлікті утилизацияға қабылдау уақытша тоқтатылды. Енді мамандар тапсырылған техниканы түгендеумен айналыспақ. Құзырлы органның хабарлауынша, биыл қазақстандықтар 50 мыңнан аса көлікті жоюға тапсырған. Оның 37 мың 495-і жеңіл көлік, 4 мың 40-ы жолаушы тасымалдайтын және 8 мың 470-і жүк көлігі. Ауыл шаруашылығы бойынша 3 мың 54 техника өткізілген. Десе де, агротехника жыл соңына дейін қабылдана береді. Ал жеңіл, жолаушы және жүк көліктерін қабылдау келер жылдың қаңтарында ғана басталады.

Дәрі-дәрмек импорты азайды

Қазақстанда дәрі-дәрмек пен емдеуге арналған құрылғылар ай ішінде 0,4 процентке, ал бір жылда 2,4 процентке қымбаттаған. Баға кейінгі айларда Алматы, Қостанай және Түркістан облысында тұрақсыз болды. Ал жылдық өсім еліміздің барлық өңірінде дерлік тіркелді. Әсіресе Ақмола, Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтанда қымбатшылық қатты сезілді. Медициналық бұйымдар тек Ақтөбе облысында ғана 1,8 процентке арзандаған.

Айта кетейік, биыл отандық зауыттар 176 млрд теңгеге фармацевтикалық тауар өндірді. Бұл былтырмен салыстырғанда 34 процентке көп. Осылайша, ішкі нарықта өзіміздің өнімнің үлесі артты. Биыл сырттан сатып алынған дәрі-дәрмек көлемі жылдағыдан 8,5 процентке аз.