434,48 496,10 5,67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлемде азық-түлік қымбаттап барады

  • 341
  • UPD: 10:54, 03.12.2021

Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді арттырады. Түнде ұйымға мүше мемлекеттердің министрлері видеоконференция арқылы бас қосып, алдағы жоспарды талқылады. 

Әлемде азық-түлік төрт айдан бері қымбаттап келеді. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда қарашада баға қазанмен салыстырғанда 1,2 процентке жоғарылады. Әсересе бидай және сүт өнімдеріне сұраныс артқан. Сәйкесінше бұл екі өнім бір айда 3 проценттен астам қымбаттады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 23 проценттей өсті. Әлемдегі ахуал бізге де әсер етпей қоймайды. Елдің Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда Қазақстанда кейінгі бір айда азық-түлік бағасы 0,9 процентке ал жыл басынан бері 9,2 процентке қымбаттады. Кейінгі айда жеміс түрлері шарықтап кетті. Халық көп тұтынатын жұмыртқа 2,1 ал, ұнның бағасы 1,5 процентке өскен. Айта кетейік, кейінгі бір айда дизель отыны14 жарым, сұйытылған газ 13 жарым процентке, ал көмір мен бензин 3 проценттей қымбаттаған.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ӨНДІРІСІН АРТТЫРАДЫ

Мұнай экспорттаушы елдердің министрлері бұл жолы да шілдеде қабылданған шешімді өзгеріссіз қалдырды. Яғни ай сайын өндірісті 400 мың баррелге ғана көбейтеді. Сол келісім аясында Қазақстан желтоқсан айында тәулігіне 1 миллион 556 мың баррел қара алтын өндіреді. Ал келер жылдың қаңтарында бір миллион 572 мың баррелге дейін көбейтуге құқылы. Бұған дейін еліміз межені артық орындаған кездер болды. Басқосуда оны өтеу мерзімін келер жылдың маусымына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, бұған дейін мұнай импорттаушы АҚШ, Қытай, Үндістан, Жапония сынды елдер ОПЕК+ ұйымына өндірісті көбейтуге өтініш жасаған еді. Алайда ұйым сарапшылар мұны құптамады. Осыдан кейін бұл елдер стратегиялық қорларынан нарыққа жиыны 70 миллион баррель қара алтын шығаруды ұйғарды. Оның үстіне коронавирустың «Омикрон» атты жаңа штамының пайда болуы ОПЕК+тің шешімді өзгеріссіз қалдыруға әсер еткен.

ҚАРА АЛТЫН БАҒАСЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

ОПЕК+ Ұйымының шешімінен кейін нарықта қара алтын бағасы 4 процентке құлдырады. Кеше кешкі сегіздерде Брент маркалы мұнайдың баррелі 65 долларға дейін төмендеген еді. Оған сарапшылардың болжамы да әсер еткен. Өйкені басым бөлігі «Омикрон» атты жаңа штамның пайда болуына байланысты картель өндірісті қысқартады деп болжаған. Бірақ шешім өзгеріссіз қалды. Сондықтан баға  бір құлдырығаннан кейін қайта ес жиды. Бүгін таңда брент маркалы мұнайдың құны 69 доллар 50 цент шамасында саудаланып жатыр. Ал WTI маркасы 66 доллар шамасында.

ЕУРООДАҚТЫҢ ГАЗ ҚОРЫ АЗАЙДЫ

Күздің соңғы айында Кәрі құрлықтағы елдер қордағы газдың 20 процентін жағып үлгерді. Еуропа газ инфрақұрылымы платоформасының мәліметіне қарағанда қазір бөшкелерді тотырудан көрі тұтынудың үлесі басым. Егер бұлай жалғаса берсе қаңтарда қыс мезгіліне деп жинаған көгілдір оттының тең жартысы жұмсалып кетеді. 29-ші қарашадағы мәлімет бойынша, Еуроодақтың жер асты қоймаларында 21 мың текше метрдей көгілдір отын бар. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 жарым процентке аз. Ал Украинада жағдай мүлде нашар. Бұл ел жаздай жиған газды қазірдің өзінде жағып тауысты. Енді бұл елдің қорында былтырдан қалған 10 миллиард текше метр ғана көгілдір отын қалды. Осындай көрсеткіштерден кейін биржада көгілдір отынның құны күн сайын құбылып тұр. Кеше сауда саттықта бағасы 2 процентке көтеріліп, мың текше метрі 1130 АҚШ долларына саудаланды.

КЕЛЕР ЖЫЛЫ ЕЛДІҢ ІЖӨ 4,2% ЖЕТЕДІ

Биыл Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,8 процентке өседі. Ал келер жылы 4,2 -ге жетуі мүмкін. Елде іскерлік белсенділіктің артуына, мемлекеттік бағдарламалар оң ықпал етеді. Еуразиялық даму банкінің сарапшылары  осындай болжам жасады. Олардың айтуынша биыл елде іске қосылған 10 ұлттық жоба экономиканың дамуына серпін береді. Ал инфляцияның өсімі келер жылдан бастап тежеледі және 4-6 процент деңгейінде тұрақтауы мүмкін. Оған тасымал саласындағы кедергінің азайып, өндірістің жандануы түрткі болады. Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың да ішкі жалпы өнім көрсеткіші 4 процентке жетеді. Өсімге одақ ішіндегі өзара тауар айналым жандануы себеп. Тоғыз айда одаққа мүше бес мемлекеттегі сауда-саттық 3 есе артқан.Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 10 процент артық.

ЖАҢА ШТАММ ЭКОНОМИКАНЫ ТЕЖЕУІ МҮМКІН

Ал Citigroup сарапшылары дамушы елдердің экономикасы әзір қалыпқа келе қоймайды деген болжам жасады. Олар өз пайымын коронавирустың жаңа түрінің пайда болуы және инфляциямен байланыстырады. Өйткені аурудың әлем нарығына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Инфляциялық қысым ұзақ сақталуы мүмкін. Оны тежеу үшін орталық банктер ақша-кредит саясатын қатаңдатып, экономиканың қайта аяқтан тұруына тұсау болуы ғажап емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебінше, биыл әлем экономикасының өсімі 5,6 процентке жетеді. Келер жылы 4,5 ал 2023-те 3,2 процентке дейін төмендеуі мүмкін.

 

Хабар 24 телеарнасы