Еліміздің ауыл шаруашылығына салынған инвестиция биыл 46,3% артты

Биыл 10 айда елдің ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемі 603,4 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр бұл 412 миллиард шамасында болған. Кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаржы 25 процентке өсті. Ол негізінен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікпен берілетін несие есебінен көбейген. Мәселен, аграрлық несие корпорациясы былтырдың өзінде жалпы сомасы 45,7 миллиардтан асатын 75 инвестициялық жобаны қаржыландырған. Ал биыл жалпы сомасы 252 миллиард теңге болатын қарыз алу туралы өтініш мақұлданып, 7 мыңнан астам кәсіпкерге 209 миллиардтай берілді. Айта кету керек несиенің 65 проценті шағын және орта бизнесті дамытуға жұмсалған. Салаға қаржыны көптеп құюға пандемия да өз септігін тигізді. Шекаралар жабылып, қатынас шектелгенде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан бұл салада тәуелсіз болу стратегиялық маңызға ие.

АРАДАҒЫ АЛЫС-БЕРІС $1МЛРД ЖЕТЕДІ

Кейінгі он жылда Қазақстанға Беларусьтен 30 мың трактор импорттаған. Сұраныс жоғары болғандықтан екі елдің кәсіпорны бірлесіп, техниканы Қазақстанда құрастыруды қолға алды. Нәтижесінде екі жылда 5 мың трактор өзімізде құрастырылды. Қазір өндірісті жергілікті жерде дамыту жоспары бойынша трактордың кабинасы Қазақстанда жасалады. Жалпы жыл соңына дейін Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 1 милллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есе артқан. Беларусьтен бізге көбіне сүт өнімдері, қант, техника бөлшектері мен жиһаз сынды 650 тауар түрі әкелінеді. Оның 34 проценті азық-түлік. Ал Қазақстаннан металл, мақта жібі, көкөніс пен тас көмір тасымалданады. Биыл отандық өндірушілер бұл елге 142 миллион долларға тауар экспорттады. Бұл туралы Беларустың Қазақстандағы елшісі мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір қос тараптың кәсіпкерлері бірлесіп, Беларсуь технологиясы бойынша сүт фермасын салып жатыр.

Павел Утюпин, Беларусь Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазір Беларусь технологиясын енгізуге келісіп, құжаттарға қол қойдық. Ферма Қостанай облысында асыл тұқымды мың екі жүз ірі қараға есептелген.  Осылайша біз тауарды тасымалдаудан жергілікті өндіріске көшуге ниеттіміз. Одан кейін сүтті өңдеуге арналған кәсіпорын салу жоспарда бар. Бұған қоса құрылысқа қажетті керамикалық плита шығаратын зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.

ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ДА ШАРЫҚТАУ ШЕГІ БАР

Келер жылдың алғашқы тоқсанында елдегі инфляциялық өсім шарықтау шегіне жетеді. Содан кейін 6-6,5 процент деңгейіне дейін төмендейді. Ұлттық банк сарапшылары осындай болжам жасады. Олардың есебі бойынша жаңа жылдың алғашқы айларында тауар мен ақылы қызмет көрсету саласында инфляция әлі де өседі. Оған әлемдік жағдай және экономикалық белсенділік артып, сұраныстың көбеюі әсер етеді. Сондай-ақ жанармай мен көмірдің шарықтауы тауарлардың өзіндік құнын қымбаттатып, бағаның өсіміне әкеледі. Қарашада елдегі инфляция қазанмен салыстырғанда 0,2 процентке төмендеп, 8,7 процент болды. Нарықта азық-түліктің қымбаттауы бәсеңдеген. Десе де азық-түлік емес тауарлар инфляциясы 8,3 процентке жетті.

АҚШАСЫН АЛУҒА АСЫҚҚАНДАР КӨБЕЙДІ

Зейнетақы қорына желтоқсан айының соңғы күндерінде түскен өтініштер де осы жылға бекітілген шекті сома бойынша есептеледі. Яғни есепшотқа қаржы биыл түсіп үлгермейді деп алаңдауға негіз жоқ. «Отбасы банк» те, «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» да осылай дейді.

Қор мамандарының айтуынша, шекті сомадан асқан қаржыны аудару туралы өтініш жауапты оператордан түсуі тиіс. Ол бес жұмыс күнінің ішінде қаралып, тиісті сома арнайы шотқа аударылады. Өтініш берген азамат қаржыны 45 тәуліктің ішінде мақсатты бағытына жұмсауы тиіс. Қаржы шотқа түскеннен кейін жарату мақсатын өзгертіп, тұрғын үй депозитіне салуға рұқсат етіле ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Айта кетейін, жеткілікті шекті сома көбейгеннен кейін ел азаматтарының зейнетақы қорындағы қаржысын мақсатты бағыттардың біріне жұмсауға асығып жатыр. Кейінгі үш тәулікте enpf-otbasy.кz платформасы арқылы 46 мың өтініш жасалған.