476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Рубльдің құбылуы теңгені теңселтпей ме?

  • 693
  • UPD: 10:36, 09.12.2021

Ресей рублінің құлдырауы Қазақстанның валюта нарығына қалдай әсер етеді? Еліміздің Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова осы сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айында ресейлік тауарлардың импорттағы үлесі 41% болды. Басты сауда серіктестерінің бірінде валюта бағамының әлсіреуі немесе нығаюы теңгеге әсер етпей қоймайды. Бірақ Ресей тарапына санкциялардың салынынуы соңғы жылдары жиі болатын құбылыс. Әзірге бұл айырбастау пункттеріндегі теңге бағамына жанама әсер етуде. «Дегенмен ұлттық валюта динамикасына тек сауда серіктестерінің валютасы ықпал етпейді. Теңге бағамының қалыптасуында  ішкі сыртқы факторлар, соның ішінде мұнай бағамы да маңызды»,– деді Молдабекова.

ЭКОНОМИСТЕР: КРЕДИТТІК АМНИСТИЯ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ КЕРІ ӘСЕР ЕТЕДІ

Кредиттік амнистия жасау қазір орынсыз. Бұл нарықтық сананы қалыптастыруға кері әсер етіп, тұтастай қаржылық жүйеге қайшы келеді. Экономист Мақсат Халық мәжілісте айтылған ұсынысқа қатысты осындай пікір білдірді. Кеше кезекті парламент отырысында мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, кредиттік рақымшылық жасауды ұсынған болатын. Депутат халықтың 27 процентінің банк алдында борышы бар екенін айтты. Оның ішінде 2 триллионнан астам теңге ипотекалық қарыз болса, 5 триллион теңге тұтынушылық несиеге берілген. Мерзімінен кешіктірілген несие қарызы 199 миллиард теңгеге жетті - деді депутат. Осы орайда ол қиын жағдайға тап болып, тығырыққа тірелген азаматтарға кредиттік амнистия жасауды ұсынды. Бірақ экономистердің көбі мұндай ұсынысты қолдамайды. Өйткені бұл халықты масылдыққа үйретуі мүмкін. Яғни, осындай жеңілдіктерге сеніп, несиесін уақытылы жаппай қоятындар көбейеді. Ал жағдайы шынымен нашарлап кеткен қазақстандықтар үшін банктерде қайта қаржыландыру бағдарламасы бар екенін еске салды.

Кредиттік кешірім жасауды сұрау, халықтың мүддесін қорғау болып көрінетіні сөзсіз. Бірақ бұл дұрыс емес. Ол тұтас қаржылық жүйеге кері әсерін тигізуі мүмкін. Менің ойымша, егер халықта жұмыс болып, алып отырған еңбекақысы жоғары болса, ешқандай амнистияның қажеті болмайды. Ал тұтынушылық несиенің көбі телефон, техника сатып алу үшін алынған. Олардың ішінде шынымен қиналғандарға рәсімделген несие аз.

AIX БИРЖАСЫНДА САУДА-САТТЫҚ ҚЫЗДЫ

AIX биржасындағы сауда-саттық көлемі 2 есе өсті. Онда тіркелген компаниялардың жалпы нарықтық құны 49 млрд доллардан асты. Қарашада сауда-саттықтың жалпы көлемі 31 миллион доллардан жоғары болды. Ал үлестік құралдар бойынша сауда-саттық 13 миллион АҚШ долларына жетіп, соңғы жылдардағы ең үлкен өсім көрсетті. Ал биржадағы банк акцияларына келер болсақ, қараша айының басында ЦентрКредит Банкінің акциялары көш бастады. Олардың таза пайдасы 43%-ке өскені хабарланған. Ал Халық Банкі мен Kaspi акциялары керісінше 8% төмендеп, артта қалды. Бүгіде AIX биржасының ресми тізіміне 81 түрлі эмитенттің құнды қағаздарының 125 шығарылымы кірді.

ТҮРІКТЕР НАН КЕЗЕГІНЕ ТҰРАТЫН БОЛДЫ

Лираның құлдырауы мен өсіп келе жатқан инфляция түріктердің табысын төмендеткендіктен, Ыстамбұлдың көптеген тұрғыны муниципалитеттің арзан нанына кезекке тұра бастады. Бұл туралы Рейтерс агенттігі хабарлады. Ақпаратқа сай, тек қараша айында лира шамамен 30%-ке құнсызданды. Ал ресми жылдық инфляция 21%-ке дейін өсті. Агенттіктің ақпаратына сай, Орталық банк қыркүйек айынан бастап проценттік мөлшерлемені 19%-тен 15%-ке дейін төмендетті. Бірақ тауарлардың қымбаттауы жағдайды күрделендіре түсуде. Муниципалдық агенттіктің мәліметінше, Түркияда өмір сүру бір жылда 50%-ке, ал жалдау ақысы 71%-ке көтерілді. Көптеген негізгі тұрмыстық тауар да қымбаттады. Ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, Үкімет қарапайым халықтың проблемаларын экспортқа, өндіріске және инвестицияға бағытталған жаңа экономикалық саясатты дамыту арқылы шешеді.

Хабар 24 телеарнасы