Үйдің бағасы не болады?

Қарашада жаңа баспаналар 0,6%-ке,  ескі үйлер 1,1%-ке өсті, ал қазанда олардың құны сәйкесінше 1,9% және 1,2%-ке қымбаттаған еді.

Осылайша тұрғын үйлердің бағасы тағы көтерілді. Соңғы 12 айдағы ескі үйлер құны шамамен 15%-ке өсті. Сарапшылар осы айда бағалар біршама тұрақталып, өсім баяулайды деп болжаған. Бірақ зейнетақы жинақтарының шекті деңгейіне қатысты дүрбелеңнен баспана құны қалай құбылатынын айту қиын еді. Дегенмен, Президенттің зейнетақы жинақтарын пайдалануға қатысты қолданыстағы шекті соманы уақытша қалдыру туралы шешімі жағдайды біршама ретке келтіріп, желтоқсанда баспана бағасы тұрақталады дейді сарапшылар.

Биыл мобильді қосымшаларда $135 млрд жұмсалды  

Алдағы жылы TikTok қолданушыларының саны 1,5 миллиардқа жетеді. Бұл туралы мобильді қосымшаларды зерттейтін App Annie платформасы мәлімдеді. Сондай-ақ TikTok қолданушылары ең көп қаржы жұмсайтын қосымшалардың көшін бастап тұр. Жалпы биыл желі пайдаланушылары мобильді қосымшаларға 135 миллиард доллар жұмсады. Бұл былтырғыдан 25 процентке артық. Ең көп қаражат Үндістанда жұмсалған. Жыл қорытындысы бойынша iOS және Google Play қосымшаларындағы жаһандық жүктемелердің 20%-і осы елге тиесілі. Одан кейін АҚШ 9% және Бразилия 8%.

Мұнай қымбаттап, теңге нығайды

Brent маркалы мұнай бағасы өсті. Осылайша қара алтын барреліне 69 доллардан 76 долларға дейін жетті. Нарық қатысушыларының көңіл-күйінің жақсаруына Pfizer вакцинасы туралы жаңалықтар әсер етті, дейді Тенгеномика сарапшылары. Еске саалйық, бірнеше күн бұрын препараттың үш дозасы омикронға қарсы тұра алады деген ақпарат жарияланған. Осы орайда мұнайға тәуелді валюталар да біраз нығайды. Оның ішінде АҚШ доллары мен теңге де бар. 

Ал енді валюта бағамына келсек, Ұлттық банктың хабарлауынша, доллар  433  теңге 39 тиын, еуро 490  теңге  51 тиын, Ресей рублі 5 теңге  88 тиын.