АӘК алуға үміткердің отбасылық табысын есептеудің жаңа ережесі жарияланды

Енді мүгедек баланың жәрдемақысы отбасылық табысқа жатады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның отбасылық табысын есептеудің жаңа ережесін жариялады. Бұрынғы құжатқа сәйкес, 16 және 18 жас аралығындағы мүгедек балалардың жәрдемақысы табыс ретінде қарастырылмайтын. Енді жаңа бұйрықта мүгедек баланың жасы 7-ден төмен болған жағдайда ғана табысқа жатқызылмайтыны жазылған. Бұдан бөлек құжатта жеке тұлғаның табысы ретінде еске алынбайтын кірістің 25 түрі көрсетілген. Жаңашылдық 19 желтоқсаннан бастап  күшіне енеді.

Тұрғын үй тағы қымбаттай ма?

Зейнетақы қорындағы қаржыны «Отбасы банкіне» аудару баспана нарығындағы жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Яғни сарапшылардың пайымынша, баға тағы өседі. Қазірдің өзінде қымбатшылық байқалады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша шаршы метр құны өткен айда 1,1 процентке көтерілген. Ал жаңа үйлер 0,6 процентке қымбаттады. Шаршы метр үшін орташа баға 355 мың теңге шамасында белгіленген. Жылжымайтын мүлікті жалдау ақысы да 1,3 процентке өсіп отыр. Ал жыл басынан бергі көрсеткішке тоқталар болсақ, жаңа үй 11 жарым, қолданыстағы баспана 23 процентке қымбаттады.

Автонарықтағы жағдай қашан оңалады?

Алдағы жылы отандық автонарықтағы жағдай оңала ма? Бұл сауалға «ҚазАвтоПром» төрағасы Артур Мискорян жауап берді.

Айтуынша, жаңа көліктердің бағасының өсуі қалыпты жағдай. Алайда 2020 жылы әлемде автобөлшектер жетіспей, өндіріс құлдырады. Бұл сайып келгенде бағаның көтерілуіне әсер етті. Тек жаңа көліктер ғана емес, жүрілген көліктер де қымбаттады. Қымбатшылық тоқтар емес. Сондықтан 2022 жылы оң өзгеріс болады деу қиын, дейді ол. Айта кетейік, биыл елде жаңа көліктер орташа есеппен 25 процентке, ескі көліктердің бағасы 30 процентке көтерілді. Автосалондар босап, тұрғындар темір тұлпарды алты айға дейін күтуге мәжбүр болды. Маманның айтуынша, мәселені шешу үшін көлікті өзімізде жинап ғана қоймай, оның бөлшектердін шығаруды қолға алу керек. Яғни салаға мемлекет тарапынан кешенді қолдау қажет.

WhatsApp криптовалюта аударымын іске қосты

WhatsApp криптовалюта аударымын іске қосты. Десе де, бұл қызметті әзірге тек  АҚШ-тағы шектеулі қолданушылар ғана пайдалана алады. Мессенджер Novi төлем сервисімен келісім-шарт жасады. Бұл туралы төлем сервисінің басшысы Стефан Касриель өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Novi — Meta корпорациясының цифрлық әмияны. Бір жыл бұрын пайда болды. Әмиян сайтының хабарлауынша, төлемдер кез келген WhatsApp аударымдары секілді жұмыс істейді. Криптовалюта аудару мен қабылдауда комиссия алынбайды. Сонымен қатар аударым саны мен оны кәдімгі ақшаға айналдырып, шығарып алуда шектеу жоқ. Алдағы уақытта бұл қызмет өзге елдердің де қолданушыларына қолжетімді болмақ.