Ауыл шаруашылығы саласында инвестиция көлемі 40% артты

Биыл алғашқы алты айда ел экономикасына шет елдерден тікелей тартылған инвестиция көлемі 30 процентке өсті. Қаржы негізінен ақпарат және байланыс, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі салаларына салынған. Инвесторлардың Ауылшаруашылығы саласына да қызығушылығы жоғары екені байқалады. Бұл ел экономикасына қалай әсер етті? 

Қазақстан халқы тұтынатын негізгі азық-түліктің 85 проценті өзімізде өндіріледі. Десе де құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік, сүзбе, алма қант, және балық өнімдері әлі де импортқа тәуелді. Бұл туралы елдің ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша кейінгі жылдары салаға тартылған инвестиция көлемі әжептеуір көбейді. Мәселен, биыл 11 айда Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 660 миллиард теңгедей қаржы құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 процентке көп. Нәтижесінде өндіріс күшейіп, экспорт көлемі де артты. 9 айда елдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілері өзге елдерге 2,6 миллиард долларға өнім сатты. Оның 37 проценті өңделген өнімнің үлесінде.

Айта кету керек, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында биыл бес жылдық жоспар әзірледі. Соның аясында жалпы құны 4,4 триллион теңге болатын 934 жобаның тізімі бекітілді. Негізінен ет, сүт, қант және құс шаруашылығы мен жылыжайларды көбейтіп өсімдік шаруашылығы өнімдерін көбейтуге басымдық беріледі.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Өзге де бағыттар шеңберінде жалпы сомасы 834 млрд теңгеге 225 жобаны іске асыру жоспарлануда, олар суару, тұқым шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру және т.б. бағыттардағы жобаларды қамтиды. 11 айының қорытындысы бойынша 241 млрд. теңге сомасына 268 жоба пайдалануға берілді, Әкімдіктердің ақпараты бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 22 млрд. теңге сомасына 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

САУДА КӨКЖИЕГІ КЕҢІДІ

Еуразиялық экономикалық одақ үшінші елдермен еркін сауда аймағын одан әрі кеңейтуге ниетті. Қазірдің өзінде Вьетнам, Иран, Сербия және Сингапурмен арадағы алыс берісте кедергіні жою бойынша байлам жасалды. Енді Египет, Израиль және Үндістан елдерімене де осы бағытта келіссөз жүріп жатыр. Бұған қоса Индонезия мен Моңғолия нарығы зерттеледі. Егер аталған елдің барлығымен сауда бойынша ортақ мәміле жасалса, шамамен 2 миллиард тұрғыны бар нарықта еркін сауда аймағы құрылады. Бұл елдердің жалпы ішкі өнімі 5 триллион долларға тең. Айта кету керек қазір Еуразиялық экономикалық одақта 280 миллиондай адам тұрады. Жалпы ішкі өнімі 750 миллиард доллар шамасында. Соның өзінде биыл одақтың үшінші елдермен тауар айналымы 13 процентке өсіп, 830 миллиард долларға жетті. Жаңа нарықтың ашылуы одаққа мүше Қазақстандық тауар өндірушілерге мол мүмкіндік береді. Яғни кәсіпкерлерге кедендік салық алынбаса тауар тұтынушыға арзан бағада қолжетімді болады.

ЖЫЛУ ТАСЫМАЛЫНДАҒЫ ЫСЫРАП

Қазақстанда жылу энергиясын тасымалдауда ысырап көп. Қарапайым тілмен айтқанда станцииядан қайнап шыққан су діттеген жеріне жеткенше суып қалады. Мәселен Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласында тасымал кезінде жоғалған жылу энергиясымен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан Жамбыл тағы бірнеше облыс тұрғынын қамтуға болады екен. Мұндай мәліметті елдегі экономикалық зерттеу институты жариялады. Ақпаратқа қарағанда былтыр Қазақстанда 89 мың 334 гигакалория жылу энергиясы өндірілді. Соның 55 мың 879 –ы пайдаға жарады. 49 проценті тікелей тұрғын үйлерді жылытуға, 46,7 проценті коммуналдық қажеттілік пен кәсіпорындарға жұмсалды. Мамандардың айтуынша, жылу энергиясының шығынына тасымал құбырларының тозуы себеп. Әсіресе Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда және Түркістан облысында жағдай нашар.

ЕУРОПАДА ГАЗ ҚЫМБАТТАДЫ

Еуропада газ тағы қымбаттады. Кеше лондонның ICE биржасында көгілдір отынның мың текше метрі 1525 долларға дейін жетті. Сауда саттық ашылғанда бағасы  мың 400 шамасында болған еді. Тіпті түске қарай 50 доллар төмендеген. Бірақ қас қарая қайта шарықтап кетті. Осылайша бір күнде газ 12,6 процентке қымбаттады. Сарапшылардың пайымынша бағаның құбылуына бірнеше себеп бар. Соның бірі Еуроодақтың көгілдір отынды тұтынуға қатысты жоспары. Олар 2049 жылдан кейін көгілдір отынды импорттау бойынша жасалатын ұзақ мерзімді келісімдерден бас тартуға ниетті. Яғни 2050 жылы зиянды отын түрлерінен арылып, экологиялық таза өнімдерді пайдалануға ниетті. Бұл бағытта қабылданатын шешімдер пакеті Еуроодақ саммитінде таныстырылады деп жоспарланған. Сондай-ақ бағаға  кәрі құрлық елдеріндегі газ қорының азайып кетуі әсер етті. Бүгінде олардың бөшкелерінде небәрі 17 процент қана газ қалды. Бұл кейінгі бес жылдағы ең төмен көрсеткіш.