АҚШ-та Тik-Tok қосымшасы арқылы тамақ жеткізу қызметі іске қосылмақ

TikTok АҚШ-та тамақ жеткізу қызметін іске қосады. Ол 2022 жылдың наурыз айында пайда болады, деп хабарлайды Хабар 24.

Танымал қосымшаның жаңа қызметі әлеуметтік желідегі рецепт бойынша дайындалған тағамдарды ұсынады. Бастапқы кезеңде АҚШ-та 300 TikTok Kitchen нүктесі ашылады. Компания мәзірді тоқсан сайын жаңартып отыруға ниетті. Осылайша қызмет заманауи үрдістерге бейімделіп, мәзірге ең танымал тағамдарды қосады. Бұдан түсетін табысты TikTok тамақ дайындайтын және платформада рецепттер бар роликтерді жүктейтін блоггерлерді қолдауға бағыттайды. TikTok Kitchen танымал рецепт авторларын қалай ынталандыратыны және кімнің түпнұсқа рецепт ойлап тапқанын қалай анықтайтыны әзірге белгісіз.

ЖҮК ТАСЫМАЛЫ ҚАЛПЫНА КЕЛЕР ЕМЕС

Жүк тасымалындағы жаһандық дағдарыс тағы екі жылға созылуы мүмкін. Әлемдік сарапшылар осылай деп ескертті. Қытайдың Чжэцзянь өндірістік орталығындағы жүк порттарының бірінде ковид өршіді. Ондаған мың адам карантинге жабылды. Ал кейбір компаниялар жұмысшыларды ақпан айында аса бір қажеттілік болмаса, үйге бармауға шақырды. «Бұл тауар жеткізу тізбегін одан әрі бұзуы мүмкін», - делінген Capital Economics  жазбасында.  АҚШ-тың батыс жағалауында да жүк тасымалы әлі де тоқтап тұр. Ондағы  жүк құрлықта жұмысшылардың жетіспеуіне байланысты төрт апта бойы кемеден түсірілмеген. Тізбектей келе, бұл бүкіл әлемдегі саудаға әсер етуі мүмікін. Ұлыбританиядағы ең үлкен айлақ Феликсстоу да жүк контейнерлеріне толып тұр.

Британиялық халықаралық жүк көлігі қауымдастығының қызметкері Роберт Киннің айтуынша, бүкіл әлемде жүргізушілердің жетіспеушілігі байқалады, өйткені порт инфрақұрылымы контейнерлік кемелерге сәйкес келмейді. Логистикалық компания өкілдері халықаралық тасымалдау желісіндегі шектеулерді келесі екі жыл ішінде жою мүмкін емес деп санайды. «Пандемиядан кейін әлем» қалыпты жағдайға оралады дегенді ұмытыңыз. Жаһандық сауда желісі 2024 жылдың ортасына қарай реттеледі», дейді сарапшылар.

ТАБЫСТЫҢ КӨБІ ШЕТЕЛГЕ КЕТЕДІ

Қазақстандағы ойын бизнесінен түсетін табыстың жартысынан көбі шетелдіктерге кетеді. Биыл тоғыз айда букмекерлік кеңселер мен казино табысы 53 млрд теңгеден асты. Оның 68%-і шетелдік компаниялардың еншісінде. Бұл туралы «Курсив» басылымы хабарлады.  2019 жылы шетелдік компаниялар осы нарықтың төрттен бір бөлігін құраған. Ал 2020 жылы жағдай өзгере бастады. Өткен жылдың соңында Қазақстанның ойын нарығындғы шетелдік компаниялардың үлесі 83% болды.

Тағы бір айта кететін жайт, егер былтыр отандық ойын бизнесінің табысы бес өңірге жіктелсе, бұл Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Нұр-сұлтан және Алматы қалалары, биыл букмекерлік кеңселермен казино қызметтерінің 92%-і тек Алматы облысында тіркелген. Бұған ойын бизнесіне қойылатын талаптардың өзгеруі әсер етті  дейді сала мамандары.

АЛМАТЫ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ АРЗАН ҚАЛАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНА КІРДІ

Economist журналы әлемдегі ең қымбат және арзан қалалардың тізімін жариялады. Басылымның деректері бойынша биыл инфляцияның өсу қарқыны соңғы бес жылдағы рекордтық деңгейге жетті. Егер 2020 жылы сараланған қалаларда инфляция өсімі 1,9% болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,5%-ке жетті. Рейтингті құрғанда авторлар 173 ірі қаладағы 400-ден астам түрлі санаттағы тауарлардың бағасын салыстырды. Нәтижесінде Тель-Авив әлемдегі ең қымбат қала деп танылды. Париж бен Сингапур да қымбат шаһарлардың үштігіне кіреді. Ал біздің Алматы 173 қаланың ішінен 169 орын алып, әлемдегі өмір сүру үшін ең арзан қалалардың бірі атанды.