Елімізде келер жылы доллар қымбаттауы мүмкін

Әлемде мұнай бағасы құлдырады. Ал елімізде доллар бағамы көтеріліп жатыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, келер жылы шетелдік валюта құны 470 теңгеге дейін жетеді. 

2022 жылы доллардың орташа бағамы 455-470 теңге аралығында болады. Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов осындай пікірде. Бұл келер жылы мұнай бағасы тағы төмендейді деген болжамға негізделген. Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнама нәтижелеріне сай, келер жылы доллар 445 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Қауымдастық келесі сауалнамада ұлттық валюта бағамын қайта қарайтынын айтты. Оған ковидтің жаңа штаммының таралуы бәсеңдеп, Ресейге қарсы санкциялық тәуекелдердің төмендеуі әсер етеді дейді мамандар. Экономистер мен қаржыгерлердің болжамын Курсив басылымы ұсынды. Ал Еуразиялық даму банкінің сарапшылары доллар бағамы 434 теңге төңірегінде болады деп болжап отыр. Дегенмен, АҚШ валютасының нығаюы мен қара алтын құнынынң қалай құбылатыны біздің ұлтттық валютаға ықпал етпей қоймайтыны белгілі. Сондықтан келер жылы теңге-доллар жұбы нақты қандай көрсеткішке жететінін қазір дөп басып айту қиын. Барлығы тек болжам ғана.

ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕДЕН ЗИЯН ЖОҚ

Цифрлық теңгенің шығуы ақша ұсынысының көлемін кеңейтпейді. Жиынтық сұранысқа да тікелей ықпалы болмауы тиіс. Демек, еліміздегі инфляциялық өзгерістер цифрлық теңгенің тікелей әсерінен тыс қалады. Ұлттық банктің жаңа өніміге қатысты баяндамасына сүйенген сарапшылар осылай дейді.   Мамандардың айтуынша, цифрлық теңгеден Қазақстан экономикасында ақша массасы ұлғаймайды және ол қаржы нарығында аса бір маңызды тәуекелдер тудырмайды. Демек, Ұлттық банктің бұл бастамасы жаңа қаржылық өнімдерді әзірлеуге инфрақұрылымдық жағдай жасайды. Бірақ еске салайық зерттеулер мен технологиялық сынақтар әлі аяқталған жоқ. Сондықтан цифрлық теңгені қолданысқа енгізуге қатысты нақты шешім 2022 жылдың ортасына қарай қабылданады.

Жангелді Шымшықов, экономист:

– Көштен қалуға болмайды. Бүкіл дүниежүзі криптовалютаға көшіп жатыр. Криптовалюта да кез келген ақша сияқты 5 түрлі қызмет атқарады. Бірінші құн өлшемі, екінші айналыс құралы, үшінші байлық жинау, төртінші несиелік ақша қызметі және соңғы дүниежүзілік ақша ретінде.  Негізгі мәселе бұл аз ақшамен айналысты қамтамасыз ету. Әрине цифрлық валютаға көшу дұрыс деп есептеймін.

ҚАРАШАДА КӨЛІК САУДАСЫ ҚЫЗДЫ 

2021 жылдың қорытындысы бойынша көлік саудасы 25%-ке дейін өсім көрсетеді. Ал ресми диллерлер сатқан жаңа теміртұлпарлардың саны  117 мыңға жуықтайды. Бұл туралы «ҚазАвтоПром» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарян мәлімдеді.  Ол өзінің телеграмм каналында көлік нарығындағы осы жылдың алдын ала қорытындысын жариялады. Қарашада жаңа көліктер нарығы өткен жылмен салыстырғанда 13%-ке өскен. Ресми дилерлердің сатқан техника үлесі соңғы үш ай қатарынан  10 мың дана  деңгейінде сақталады. Айта кету керек, биыл қоймаларда автокөліктердің болмауына байланысты жаңа жыл алдындағы дәстүрлі акциялар  болған жоқ. Ал қарашада ең көп сатылған көліктер  тізімін Шевроле маркасы бастап тұр. Одан кейін Лада және Toyota маркалалы теміртұлпарлар орналасты.

«ОМИКРОН» ҚАРА АЛТЫН ҚҰНЫН ҚҰЛДЫРАТТЫ

Қара алтын құны тағы құлдырады. Омикрон штамының кесірінен кей елдерде эпиджағдай ушығып жатыр. Нидерландыда қаңтардың 14-іне дейін локдаун жарияланды. Өзге елдер де алдағы мерекелер қарсаңында карантиндік шараларды қатаңдатуы мүмкін. Бұл жаңалықтар мұнай нарығына кері әсер етуде. Кеше брент маркалы мұнай бағасы 4 процентке  арзандап, 69 долларға дейін түсті. Ал бүгін бұл марканың бағасы 70 доллардан сатылуда.