Қазақстан – Қытай шекарасындағы жағдай күрделеніп барады

Бүгінде екі ортада кептелген көлік саны 11 мыңға жеткен. Сондықтан Қазақстан Қытайға тағы да наразылық нотасын жолдады, деп хабарлайды Хабар 24.

Оған шекарадағы жағдайдың шиеленісуі себеп. Шаш-етектен шығынға батқан кәсіпкерлер Үкіметтен көмек сұраудан шаршадық, – дейді. Бұған дейін қос тарап келіссөздер жүргізіп, жағдай оңала бастағандай көрініп еді. Алайда көп ұзамай бақылау қайта күшейген.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, бұрын Қорғас өткізу пункті арқылы күніне 400-600 көлік емін-еркін қатынаған. Ал қазір небәрі 40 көлік қана Қытайға кіре алады. Соның кесірінен арада 20 шақырымға созылған ұзын-сонар кезек пайда болған. Шекарадағы жағдай қайта шиеленісе бастаған соң Қазақстан Қытайға наразылық нотасын жолдады. Бұл көрші елге жіберілген осымен төртінші дипломатиялық құжат.

АЛТЫНҒА СҰРАНЫС АРТТЫ  

Елде алтынға сұраныс артты. Өткен айда екінші деңгейлі банктерден үш жарым мыңға жуық алтын құймасы сатылған. Бұл қазанмен салыстырғанда 600 құймаға көп.

Мамандардың пікірінше, оған әлем бойынша бағалы металдың қымбаттауы әсер еткен. Қазір бір унциясы 1793 доллар шамасында. Ал Қазақстанда алтынның бір грамы 25 мың 182 теңге. Жалпы нарықта бағалы металдың 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық түрлері кездеседі. Тұтынушылардың сұранысына соның 10 грамдығы ие. Ол жалпы сатылған өнімнің 30 процентін қамтиды. Тазартылған алтынды сату мен сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосты. Содан бері 2 жарым тоннадан астам алтын сатылған.

Мамандардың айтуынша, бұл қаржыны сақтау және инвестициялаудың тиімді жолы. Алтынды ең көп алатындар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау облысының тұрғындары.

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА ЖЕТЕМІЗ БЕ?

Қазақстан – ауаға көмірқышқыл газын ең көп тарататын елдердің бірі. Си энд Пи глобал рейтингс мәліметіне сүйенсек, біздегі кәсіпорындар жан басына шаққанда 11 жарым тонна парникті газ шығарады. Қазір өркениетті елдерде компанияларды бағалауда олардың қаржылық жағдайы ғана емес қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шаралары есепке алынады. Әсіресе Қазақстан секілді елдерде экологиялық қатерлердің экономикаға әсері орасан, – дейді сарапшылар. Кейінгі 10 жылда әлемде экологиялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән беріліп келеді. Бүгінде «жасыл» және әлеуметтік облигациялар айналымы 700 млрд долларға жеткен. Бұл әлемдік  нарықтың 9%. Үш жыл бұрын көрсеткіш 3 жарым проценттен сәл асқан еді.

Сарапшылардың пайымынша, экономикасы мұнай және көмірге тәуелді ТМД елдері экологияға әлемдік орташа көрсеткіштен анағұрлым көп зиян тигізіп отыр. Қазақстаннан бөлек, ауаға Ресей кәсіпорындары 17 тонна, Украина 6,6,  Беларусь кәсіпорындары 5 тонна улы газ таратқан. Кейінгі кездері елде жасыл экономикаға көшу бағытында талпыныс байқалады. Қазір Қазақстан Даму банкі жаңартылған қуат көздері бойынша 6 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Олар Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстарында.

ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ ҚАНДАЙ?

Депутаттарды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық саясаты алаңдатады. «Қазақстан халық партиясының» өкілі Айқын Коңыров қордағы ақшаға шетелдің құнды қағаздарын сатып алу жиілегенін айтады.

Оның сөзінше, ұлттық зейнетақы қоры Мексиканың мемлекеттік құнды қағаздарын инвестициялауға 10,6 млрд теңге, Қатарға 18,3 млрд, Колумбияға 6,4 млрд теңге, Сауд Арабиясына 31 жарым млрд теңге қаржы шығындаған. Бұл өз елімізде індеттен соң экономиканы әлдендіріп, инфрақұрылымды жақсартуға қаржы жетпей жатқанда ақылға қонымсыз әрекет деп есептейді.