Елде бензин бағасы қымбаттауы мүмкін

Мұнай-газ саласының сарапшылары алдағы уақытта елдегі бензин 25 процентке қымбаттайтынын болжады.

Жалпы жыл басынан бері жанар-жағармай құны  30 процентке өскен. Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялар өңдеушілерге шикізатты өз бағасына беруге міндеттелді. Бұл туралы қаржылық сарапшы Андрей Чеботарев өзінің телеграм каналында хабарлады. Оның айтуынша мамырға дейін мұнай өңдеу зауыттарына шикізат баррелі 20 доллардан аспаған. Ол тұста біздегі қара алтынның әлемдік құны 70 долларға жеткен. Демек, мұнайды өз бағасынан төмен сату қазынаға тиімсіз әрі ұлттық қордың кірісі бәсеңдетеді. Бір сөзбен айтқанда, нарықтық экономика принципі бұзылады. Жалпы еліміз арзан бензин сататын мемлекеттер ондығына кіреді. Бізден кейін Венесуэла тұр. Ондағы жанармай тегін, есесіне қорда өнім жоқ. Сарапшы елдегі бензиннің арзан күйде қалуы дефицитке алып келуі мүмкін дейді. Көршілерден сұраныс артқасын экспорт та, контрабанда да артады. Андрей Чеботарев бензин бағасы ЕАЭО бірыңғай отын нарығында да өсетінін болжады.

БИДАЙДЫ ЭКСПОРТТАУ ТИІМСІЗ БЕ?

Бидай экспортына баж салығы салынуы керек. Еліміздегі қайта өңдеушілердің өтініші бұл. Өйткені елде диірмен де, бидай да бар. Әттеген-айы өнім шикізат күйінде сыртқа шығарылып жатыр. Құзырлы министрлік те «алаңдауға негіз бар» дейді. Алайда өтініш орындалмай қалуы мүмкін. 

Елімізде 5-ші сыныпты азықтық бидайды экспорттауға шектеу қойылуы ықтимал. Бұйрық жобасы дайын. Енді мемлекеттік органдар арасында келісім жүріп жатыр. Бұл туралы құзырлы министрліктің аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы Назгүл Хатепова мәлімдеді. Жалпы министрлік «Бидайға баж салынса, баға көтеріліп, шетелдік нарықтардан айырыламыз» деген пікірде. Ал шаруалар өңделген өнімді экспорттауды қолдайды. Биылдың өзінде елде ұн өндірісі мен экспорты 7 процентке азайған. Назгүл Хатепова астық түсімінің жылдағыдай 20 млн емес, 16 млн тоннадан сәл ғана асқанын айтады. Дегенмен баж салығын енгізу бір күндік шаруа емес. Маман «әлемдік нарықтағы жағдайды ескеруіміз керек» дейді. Себебі мұндай салық бидай өндірушілердің қаржылық жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін. Бүгінде отандық астықты Орталық Азия елдері, Қытай және Еуропа сатып алып отыр. Демек, мұндай ірі нарықтан айырылып қалмау маңызды.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ департаменті директорының м.а.:

– Мемлекет басшысы да өз Жолдауында бұл мәселені қозғау әлі ерте екендігін атап өтті. Қазіргі кезде ішкі және сыртқы әлемдік бидай нарықтарында болып жатқан жағдайды ескере отырып, бұл мәселені тап қазір көтеру ертерек деп ойлаймыз.

Жалпы жыл басынан бері еліміз 6 млн тонна астық экспорттады. Тағы 2 млн тоннасы ел ішіне таратылды. Бұл биылғы жиын-терім жемісі. Қазақстан темір жолы арқылы 233 млн-дан астамы жеткізілген. Астықтың дені Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Қытай және Ресейге жөнелтілді.

НЕСИЕ ЖАБЫЛҒАНЫ ЖӨНІНДЕ АНЫҚТАМА АЛЫҢЫЗ

Несиеңіз түгел жабылды ма? Банк алдындағы қарызыңыздан толық құтылғаныңызға көз жеткізіп алған абзал. Белгілі банк жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев несиесін жаптым деп, алаңсыз жүргендерді ойландырып қойды. Өйткені қаржылық ұйым алдындағы берешегіңіз сақталып қалуы әбден мүмкін. Оған түрлі себеп бар. Төлеміңіз банкке түспей қалуы ықтимал. Болмаса, несиелік бюроға сіздің қарызыңыз жабылғаны туралы ақпарат жетпей қалуы мүмкін. Мұндағы деректер 15 тәулік ішінде жаңартылады.  Сондықтан маман соңғы төлемді қайта есептетіп барып төлеуге кеңес береді. Әйтпесе айыппұлдық үстемеақы есептелуі ғажап емес. Сондай-ақ несие жабылғанын айғақтайтын анықтаманы алуды ұмытпаңыз.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

– Қазақстанда азаматтардың банк алдындағы қарызы толық өтелмеген жағдайлар көп болды. Сондықтан берешектен құтылғаныңыз туралы жазбаша анықтама алып алу керек. Бұл өте маңызды. Себебі деректер базасы жаңармай қалуы мүмкін, кейде банктер бірігіп жатқанда есептер дұрыс жүргізілмеуі ықтимал.