Биыл елордаға бір трлн теңге инвестиция тартылды

Өсім - 5,8 процент. Осы бір триллионның 80% -тен астамы жеке инвестициялар, ал қалғаны – мемлекеттік бюджеттік қаржы, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мәлімдеді. Жыл қорытындысы бойынша шаһардағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 14%-ке өсті. Бөлшек тауар айналымында да оң өзгерістер байқалады, былтырға қарағанда өсім 7,7% -ке асты. Карантиндік шектеулерге қарамастан, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13% -ке артып, 161 мыңнан асты. Өз кезегінде бұл ШОБ шығарылатын өнімнің артуына алып келді.

Жанболат Кәкішев, Astana invest басқарма төрағасы:

– Біз бүкіл Қазақстанда негізгі капиталға құйылатын инвестициялар бойынша 2 орында тұрмыз. Бірінші орын мұнай-газ сектері белсенді дамып келе жатқан Атырау облысына тиесілі. Ал егер шикізаттық емес секторды алсақ, онда Нұр-Сұлтан бірінші орында тұр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ біз жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі бойынша көш бастап келеміз.

МҰНАЙ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

Әлемде қара алтын құны барреліне 80 долларға жақындап қалды. Бұл нарық қатысушыларының ковидтің таралуына қатысты оң болжамымен байланысты дейді мамандар. Омикронның нарыққа теріс әсері болады деген инвесторлардың қорқынышы сейілген сыңайлы. Осылайша мұнай бағасы коронавирустың жаңа түрінің таралуына байланысты құлдырауды еңсерді. Отандық «Теңгеномика» телеграм каналының сарапшылары осылай дейді.

БАНКТЕР АЛТЫНМЕН АПТАЛЫП ЖАТЫР

2021 жыл алтынға да оңай болған жоқ. Былтыр бір унция құны 2000 долларға дейін жеткен алтынның бағасы биыл 1700 долларға дейін төмендеді. Соған қарамастан әлемдегі орталық банктердің осы қымбат металлға деген қызығушылы сақталды. Тіпті дүниежүзі елдері алтын қорларын толтырудан рекорд орнатты. Әлемнің орталық банктері 36 мың тонна бағалы металл жинады. Дүниежүзілік алтын бойынша кеңестің ақпаратына сай, ең ірі сатып алушы Үндістанның Резервтік банкі. Ол елдің алтын қорын 41 тоннаға арттырды. Қазақстан да үшінші тоқсанда өз қоймаларын 7 тонна алтынмен толықтырды. Ал Өзбекстан 26 тонна, Бразилия 9 тонна, Ресей 6 тонна қымбат металмен толықты. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі қазір тек дамушы елдер ғана емес, сонымен қатар дамыған елдер де алтын қорларын арттырып жатыр. Олардың арасында Ирландия мен Сингапурдың Орталық банктері бар. Жалпы алтын ең сенімді инвестиция құралы саналады. Сондықтан болар жеке инвесторлар да алтын қорларын толтыруға асық.

ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАЙДА ҚАРСЫ АЛАСЫЗ

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Осы орайда отандастарымыз бұл демалысты қайда өткізетінін анықтап көрдік. Әуе және теміржол билеттерін сататын танымал сервистердің бірі өз статистикасымен бөлісті. Сонымен ел азаматтары жаңа жылды қарсы алу үшін билеттерді жиі сатып алатын басты бес бағытқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау кірді. Ал 2021 жылы қазақстандықтар үшін ең танымал шетелдік бағыттар Египет, БАӘ, Мальдив, Шри-Ланка, Түркия болған. Бір қызығы, қазақстандықтар тау шаңғысы бар курорттардың орнына, жылы жақтарда демалуды жөн көреді екен. Биыл халықаралық рейстердің ұлғаюына және шекаралардың ашылуына байланысты шетелдерге жаңа жылдық мерекелерді атап өтуге ұшатын туристер саны артқан.