434,23 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша долларға жетті?

  • 588
  • UPD: 11:56, 31.12.2021

Қазақстанның сырт елдерге қарызы 166 миллиард доллардан асады. Өткен жылмен салыстырғанда  7 миллиард долларға көп. Жалпы берешектің 80 проценттейі жеке кәсіпкерлердің үлесінде. Яғни мемлекет те қарапайым азамат та алынған бұл ақша үшін жауап бермейді. Ол инвестиция болып есептеледі. Ал мемлекеттің таза қарызы 14 миллиард доллардан асады. Бұл сыртқы қарыздың 8-9 процентіне тең. Яғни алаңдауға негіз жоқ дейді жауапты орган өкілдері. Десе де экономикалық сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, квазимемлекеттің сектордың қарызын да мемлекет мойнында деп есептеу керек. Себебі бұл компаниялардың артында мемлекет тұрғандықтан қарызын төлеуге де міндетті болады.

Мақсат Халық, экономикалық сарапшы:

- Квазимемлекеттік сектордың қарызын осы жылы ғана бөліп көрсетті. Ол 21 миллиард доллар деп айтты. Демек сол 21 млрд доллар Самұрық қазынаның, Бәйтеректің, Қазмұнайгаздың, Қазақстан темір жолының қарыздары. Сол қарыздарды қосқан кезде жаңағы 14 миллиардқа қосу керек. Сосын Ұлттық банктің қарызы бар. Ол да 1,5 милилардтан асады. Сонда үкіметтің жалпы қарызы Мемлекеттің жауап беретін қарызы 35 миллиард доллардан асып жығылады.

Биыл Қазақстан шет елдерге 67,6 миллион тонна мұнай сатты. Өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға аз. Қазақ жерінен шыққан қара алтынды негізінен Еуро Одақ елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия және АҚШ импорттайды. Өздеріңізге белгілі биыл пандемия салдарынан мұнайдың құны құлдырап кеткен еді. Осыған байланысты ОПЕК+ ұйымы өзара сөз байласып, өндірісті қысқартты. Осылайша қаңтарда Қазақстанға тәулігіне 1 миллион 417 мың баррел мұнай өндіруге квота берілді. Ал тамызда ОПЕК+ өндірісті ай сайын 400 мың баррельден көбейтуге келісті. Соның арқасында желтоқсанда елдегі тәуліктік өндіріс 1 миллион 556 мың баррелге жетті. Мұның өзі пандемияға дейінгі көрсеткіштен 9 процентке кем.  Сарапшылардың айтуынша алдағы жыл мұнай саласы үшін табысты болады. Себебі Шымкент пен Атырауда мұнай-газ химия зауыты аяқталуыға жақын. АЛ ТМД елдерінің ішіндегі ең ірі жобаның бірі Теңіз кешені тәулігіне 900 мың баррел мұнай өндіретін қуатқа көшеді. Бұл әлемде өндірілетін қара алтынның бір процентіне тең. 

Олжас Байділдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы:

- Әлемдегі жетекші агенттіктердің болжамы бойынша дүние жүзінде жаңа кен орындарын іздеуге салынған инвестиция көлемі мүлде азайып кетті. Кейінгі 60-70 жылда жаңадан табылған мұнай көздері жоқтың қасы. Яғни егер әлемдік экономика толық қалыпқа келіп, шикізатқа сұраныс күрт артса қазір шығып жатқан қара алтын жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан алдағы 2 жыл мұнай саласы үшін қолайлы болады деп айта аламыз. Тек коронавирус өршіп, шектеу шаралары күшеймесе болды.

Бір жылда 163 мың баспана салынды

Биыл Қазақстанда жалпы ауданы 17 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілуі тиіс. 26 желтоқсанға дейін оның 16 миллионы тапсырылған. 11 айдың қорытындысын қарасақ, жалпы сомасы 4,6 триллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 6,2 процентке көп. Осылайша Жалпы ішкі өнімдегі құрылыс саласының үлесі 6,25 процентке жетті. Ал тек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша айтсақ, 4 жылда 470 мың адам баспана мәселесін шешті. Оның ішінде мұқтаж азаматтар үшін 80 мың әлеуметтік пәтер салынды. 7-20-25 және «Баспана хит» бағдарламасы бойынша 26 мыңнан астам ипотекалық несие беріліп, қарыздың жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асты. Бүгінде елдің құрылыс саласында 46 мың 476 компания бар. Оның 2 мың 420-сы құрылыс заттарын шығарумен айналысады. Десе де бұл салада еліміз әлі импортқа тәуелді. Мәселен биыл шеттен келетін тауар қымбаттап, пәтер бағасы шарықтап кетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда 11 айда жаңа үйлердің шаршы метрі 14 жарым процентке, ал екінші нарықтағы үйлер 20 процентке қымбаттады.

Ауқымды жобаға ақша жетпейді  

Еуроодақ 2025 жылға дейін жасыл экономикаға көшу жоспарын орындай алмайды. Бұл туралы Еурокомиссияның экономикалық мәселелер бойынша өкілі Паоло Джентилиони мәлімдеді. Оның айтуынша, жасыл экономика және цифровизацияға көшу үшін ауқымды инвестиция керек. Ал қазір қарастырылған қаржы мұндай трансформацияны жүзеге асыруға жетпейді. Жобаларды аяғына жеткізу үшін қосымша 550 миллиард еуро қажет. Бұған дейін Еурокомиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен климаттық жоспарды орындау үшін Еуроодақтың «жаңа буын қорында жинақтаған» қаржының 30 проценті осы бағытқа жұмсалатынын айтты.  Мәліметке қарағанда қорда 750 миллиард еуро бар. Бұл қаржы 2027 жылға дейін игерілуі тиіс.

Айта кетейік, Еуроодақ 2050 жылға дейін көмірқышқыл газынан ада аймақ құру үшін өңірге құрамында зиянды заттар бар тауар әкелгендерге салық енгізбек. Бұл кәрі құрлыққа шикізат жеткізетін Қазақстан сияқты елдерге қосымша шығын болмақ. Алдын ала болжам бойынша салық кесіренен Қазақстан 600 миллион доллар пайдадан қағылуы мүмкін. 

Олжас Байділдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы:

- Еуроодақтың көміртегі салығы дамушы елдерге ауыр тиеді. Мысалы, біз 2050-2060 жылға дейін Еуропалық талапқа сай мемлекет болу үшін 560 миллиард доллардан астам қаржы керек. Бұл Қазақстанның 20 жылдық бюджетіне тең. Яғни бізде мұндай қаржы жоқ. Сондықтан бұл межені қалай еңсеретініміз әлі белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы