Елімізде биыл көлік құны 8-10%-ке қымбаттайды

Биылдыққа көлік арзандамайды. Арзандағаны былай тұрсын, 8-10 процентке қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр Қазақстанда көлік 24 процентке қымбаттады. Осылайша кейінгі бес жылдықтағы рекордтық өсімді көрсетті. Утилизациялық алым азайғанымен, бағаның шарықтау тренді биыл да жалғасады. «ҚазАвтоПром» одағы төрағасының орынбасары Артур Мискарян осындай пікірде.

Оның айтуынша, қымбатшылық жалғыз Қазақстан емес әлемдік үрдіске айналды. Өйткені жаңа көліктің өндірісі сұранысты жаба алмай жатыр. Кідіріске әсер еткен факторлар әлі жойылған жоқ. Ал отандық зауыттар ішкі нарықтың 59 процентін ғана қанағаттандыра алады. Қалғаны импортқа тәуелді.

Артур Мискарян, «Қазавтопром» одағы басқарма төрағасының орынбасары:

– Егер әлемде автокөлік өндірісі қалыпты жұмыс істеп, электронды микросхема тапшылығы мен тасымал мәселесі қиындап кетпесе, көлік 8-10 процент деңгейінде қымбаттайды. Бұл ең жағымды болжам. Пандемиялық тәуекелдер тағы бар. Егер шектеулер күшейіп, тосын жағдайлар орын алса, бағаның қалай құбылатынын болжау қиын.

ЕЛДЕГІ КӨЛІКТІҢ ЖАРТЫСЫ 20 ЖЫЛ ЖҮРІЛГЕН

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда былтыр 11 айда елде 107 мың су жаңа автокөлік сатылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 процентке көп. Ең арзаны 4 миллион 700 мыңға бағаланды. Ал жалпы жаңа көліктің орташа құны 11 миллион 300 мың теңге болды. Биыл 12 жарым миллионнан асуы мүмкін. Сарапшылардың пайымы осы. Себебі Қазақстан нарығында сұраныс жоғары. Мәселен 2016 жылы мың тұрғынның 215 -інде өзінің жеке көлігі болса, былтыр бұл көрсеткіш 199-ға дейін төмендеген.

Яғни нарықта қолжетімді әрі жағдайы жақсы көлік аз деген сөз. Автонарықты сараптау және бақылау орталығының мәліметіне қарағанда елдегі көлік паркінің жартысынан астамы шыққанына 20 жылдан асқан. Бұл көрсеткіш көрші Ресейде 14 жыл. Ал Еуропа елдерінде темір тұлпарлардың көбінің шыққанына 10 жыл да болмаған. 

Эдуард Эдоков, «Тәуелсіз автомобилистер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Әлемде көліктің қымбаттауына бірнеше себеп бар. Ең бірінші –пандемия. Машина жасау зауаттары локдаунға жабылып қалды. Оның үстіне, электронды микросхема тапшылығы туындады. Осылайша жаңа көлік азайып, сұраныс артты. Сәйкесінше баға өсті. Екіншіден, металл 30 процентке қымбаттады. Тасымал саласында кедергі көбейіп, вагон, платформалардың қызмет құны артты. Бұл да көліктің бағасына қосылады. Осылайша әлемде баға көтеріліп жатыр.

ШЕТЕЛГЕ 921 МЛРД ТЕҢГЕ ШЫҒАРЫЛДЫ

Былтыр 11 айда жеке тұлғалар Қазақстаннан шетелдерге 921 миллиард теңгеден астам қаржы аударды. 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 проценттей көп. Ал өзге мемлекеттен Қазақстанға 256 миллиард теңге келген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Енді осынша қаржы қай елдерге жөнелтілгеніне тоқталып өтейік.

Елден шыққан қаржының үштен екісі мына үш мемлекет, яғни Өзбекстан, Түркия, және Ресейге жөнелтілген. Ең көбі Өзбекстан. 278 жарым миллиард теңге. Түркияға 190, Ресейге 162 миллиард теңгедей аударылды. Ал Қазақстанға көбіне Ресей, Өзбекстан және Оңтүстік Корея Республикасынан жіберілген екен.

Айта кетейік, бұған дейін президент Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ақша аударымдарын мұқият тексеруді тапсырды.

КӘРІ ҚҰРЛЫҚҚА КЕПТІРІЛГЕН ҚАУЫН ТАСИДЫ  

Өзбекстан кептірілген қауын экспортының географиясын кеңейтіп жатыр. Былтыр Еуроодақ елдері, Швеция және Грекияға жеткізді. Сондай-ақ Латвия, Германия Украина мемлекеттеріне экспорт көлемі 40 процентке дейін көбейген. Ал Ресей, Беларусь Қазақстан және Молдоваға керісінше азайтты. Бұған дейін ала тақиялы ағайын қауынының 96 процентін Қазақстан, Ресей, Украина, Латвия және Германия сатып алатын. Эксопрт көлемі 1 мың тоннаға дейін барады.