Қазақстан қор биржасында юань саудасы артты

Қазақстан қор биржасында Қытай валютасының сауда көлемі көбейіп келеді. Былтырғы айналым 1 миллиард 800 миллион юаньға жетті.

Осыдан бес жыл бұрын 100 миллион шамасында болатын. КАСЕ мамандарының айтуынша, қазір шығыстағы көрші Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Сондықтан тенге мен юанның тікелей конвертациясы кәсіпкерлерге қолайлы. Келісім кезінде үшінші валюта, яғни доллар немесе еуро іздемейді. Сондықтан валюталық бұл жұптың болашағы зор. Мәселен, былтыр 11 айда еліміз Қытайға 4 триллион теңгенің тауарын экспорттады. Ал импорт 3 триллион шамасында.  

Былтыр шетелдік инвестиция 50% артты

Өткен жылдың 9 айында ел экономикасына 18,7 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 49 процентке көп. Өсім барлық салада байқалады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестиция 53 процентке, сауда саласы 60, білім мен денсаулық сақтау саласына бағытталған қаржы 56 процентке өскен. 

Енді Қазақстанға инвестиция құйған елдерге тоқталсақ. Көш басында Нидерланд тұр. Тоғыз айда ел экономикасына 5,4 миллиард доллар қаржы салған. Одан кейін АҚШ 3,1 миллиард. Швейцария - 1,9; Қытай 1,5 миллиард доллар құйыпты. Бестікті Ресей түйіндейді. Көрші мемлекет Қазақстан нарығына 1,3 миллиард доллар инвестиция жұмсаған. Сол қаржының есебінен ашылған кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекет төтенше жағдай кезінде де заң бойынша өз міндеттерін толық орындады.  

Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы:

 - Төтенше жағдай кезінде елде жарылғыш заттарды тасымалдау және жарылыс жасауға тыйым салынды. Бірақ көмір шахталары және өзге де кен орындарында жұмысы тікелей осыған байланысты. Сондықтан өндіріс тоқтап қалмау үшін құзырлы органдармен келіссөз жүргізіліп, осы бағыттағы компанияларға рұқсат берілді. 

Биыл 70 инвестициялық жоба әзірленеді

Қазір елдің Ұлттық экономика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі бірлесіп, инвестициялық саясат тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Құжат экологиялық, әлеуметтік және сапалы әкімшілік басқару талаптарына негізделеді. Яғни мұнда жаңа әрі жасыл технология, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика салаларына қаржы тартуға басымдық беріледі. Мамандардың айтуынша, тұжырымдама ақпанда толық дайындалып, үкіметке енгізіледі. Сондай-ақ 70 инвестициялық жоба әзірленеді. Былтыр елде жалпы құны 3,8 миллиард доллар болатын 57 инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл да қарқын төмендемейді деп сенеді мамандар.  

Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы:

 - Қаңтардағы оқиға Қазақстанның инвесторлар алдындағы беделіне кері әсер еткені белгілі. Бірақ Президенттің әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру бағытындағы тапсырмасы жағдайды жақсартып, инвесторлардың сенімін қайтарады деп ойлаймын. Әсіресе инфляцияны 3-4 процент дәлізіне дейін төмендету, квазимемлекеттік сала мен жекешелендіруге қатысты реформалары инфесторларға сенім беріп, жобаларды жүзеге асыруына әсер етуі тиіс. 

Фермерлерге ₸140 млрд жеңілдетілген несие беріледі

Фермерлерге жеңілдікпен берілетін несие 140 миллиард теңгеге дейін көбейеді. Мәселе ауылшаруашылық министрлігінде пысықталып жатыр. Қажетті қаржы «Кең дала» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен алынады. Қарыз ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде ерте пісетін көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілерге беріледі. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметіне қарағанда биыл көктемде 22,9 миллион гектар жерге егін салынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 жарым мың гектарға артық. Осы тұста Шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету, субсидия беру жүйесін жетілдіру бойынша барлық мүдделі топтардың қатысуымен жаңа жүйе әзірленіп жатыр. Ол наурызда Үкімет қарауына енгізілмек. Бұған қоса министрлік субсидиялаудың біріңғай ақпараттық жүйесін әзірлеген.