Әлемде мұнай тапшылығы болуы мүмкін бе

Әлемде мұнай тапшы болып, бағасы шарықтайды. Кей сарапшылар жыл соңына дейін қара алтынның бір баррелі 100-120 долларға жетеді деген болжам жасады, деп хабарлайды Хабар 24.

Қара алтынның қымбаттауына бірнеше себеп бар. Соның ең негізгісі салаға салынған инвестицияның күрт азаюы. Бернстейн зерттеу орталығының мәліметіне қарағанда былтыр дүние жүзіндегі ашық кен орындарының қоры жарты ғасыр бұрынғы көрсеткішке дейін төмендеп кетті. Яғни салада жаңа мұнай көздерін зерттеп, өндіретін зауыт салуға ешкімнің құлқы жоқ. Әсіресе кейінгі жылдары қара алтын өндірісіне қаржы салатындар азайып барады. Тіпті бастаған жобасынан бас тартып жатқандар бар. Мәселен, былтыр Shell компаниясы мұнай саласындағы жобалар портфельін азайту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ норвегиялық  Equinor және британиялық  BP компаниясы өткен жылдың соңында Канада жеріндегі жобаларға қатысудан бас тартты. Дәл осылай Испандық  Repsol  Сібірдің батысындағы, немістің Wintershall Dea компаниясы Бразилия мен Аргентинадағы қара алтын өндіру жобаларын тоқтатқан.

Мұнай саласындағы алпауыттар неге мұндай шешім қабылдады дегенге тоқталсақ. Әлем көміртектен бас тартып, жасыл энергияға бет бұра бастады. Жоспар ауқымды. Сондықтан көбі бұл салаға құйылған қаржы қайтарымсыз болады деп санайды. Ал жасыл энергияға көшу бір күндік шаруа емес. Жылдар қажет. Ал осы жылдарда мұнайға сұраныс азая қоймайды дейді сарапшылар. Мәселен ОПЕК ұйымының қаңтардағы баяндамасын қарасақ, былтыр әлемде қара алтын сұранысы 5 жарым миллион баррелге артып, жалпы тұтыну көрсеткіші 96 миллион баррелге жеткен. Биыл бұл көрсеткіш 100 миллионнан асады деген болжам бар. Яғни әлемде мұнай тапшы болып, бағасы шарықтайды. Әрине бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Ресейлік сарапшылардың айтуынша, қазір әлем экономикасы мұнайдың күрт қымбаттауына дайын емес деп санайды. Сондай-ақ нарықта мұнай тапшылығы Иран мен Венесуэлаға санкция салу арқылы қолдан жасалды.

БЫЛТЫР ЕЛДЕ ТАБИҒИ ГАЗ ӨНДІРІСІ 2,5 ПРОЦЕНТКЕ АЗАЙҒАН

11 айда отандық кеншілер жер қойнауынан 49,1 миллиард текше метр көгілдір отын алды. Оның 19 жарым миллиарды табиғи газ күйінде шықты. Қалғаны мұнай құрамынан өндірілді. Мәліметке қарағанда табиғи газдың 22,5 миллиард текше метрі Атырау облысының аумағынан, 17,6 миллиарды Батыс Қазақстан, 5,2 миллиарды Ақтөбе және 2,6 миллиард текше метрі Маңғыстау жерінен шыққан. Бұған қоса былтыр 11 айда отандық мұнай өңдеу зауыттары 2,4 миллион тонна сұйытылған пропан мен бутан өңдеді. Оның 1,5 миллион тоннасы яғни 70 проценттейі экспортталған. Қалған 30 проценті ішкі нарыққа жұмсалды. Былтыр елде өндірілген пропан және бутан газының көтерме құны 28 процентке өскен. Бұл жергілікті жұрттың наразылығын тудырғаны белгілі. Осыдан кейін елдегі жанармай бекеттерінде газдың шекті сомасы белгіленіп, 180 күн құнын көтеруге тыйым салынды.

ЕЛДІҢ БЖЗҚ ҚОРЫНДА САЛЫМШЫЛАРДЫҢ ЖИНАҒЫ 13 ТРИЛЛИОННАН АСТЫ

Осылайша бір жылда қордың инвестициялық табысы 1,4 триллион теңгеден асты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 процентке көп. Сондай-ақ ұлттық банктің басқаруына берілген активтердің кірісі де 11,13 процент болды. Былтырғы 8,4 процент инфляцияны есептегенде таза пайда 2,73 процент деп айтуға болады.

Айта кету керек, өткен жылы зейнетақы қорына салымшылардан түскен қаржы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп.