Азаматтардың 20%-ке жуығы кредит өтеу уақытын үш айдан асырып жіберген

«Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заңды асыға күтіп отырғандар көп. Бірақ бұл мүмкіндікті жауапкершіліктен жалтару деп түсінбеу керек.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының кеңес төрағасы Елена Бахмутова бірқатар тәуекелді жіктеп берді. Елде жылдан жылға тұтынушылық несиелеу үлесі артып келеді. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 19 процентке тең болса, былтыр 33 проценттен асқан. Елена Бахмутованың сөзінше, елдегі борышкерлердің 20 процентке жуығы несие өтеу уақытын 3 айдан асырып жіберген. Әсіресе 300 мың теңгеге дейінгі қарызы барлар тығырыққа тіреліпті. Яғни осындай несие алғандардың тең жартысы бұл. Дегенмен, экономист  халықаралық стандартпен сабақтасақ, біздегі жағдайдың айтарлықтай күрделі еместігін ескертті. Бірақ шешім қабылдарда орташа есепті емес, нақты ахуалды бағамдау маңызды дейді. Бұл үшін несиелеуге мониторинг жүргізу қажет. Елена Бахмутованың айтуынша, заңды әзірлеуде "заңды тұлғалардың банкроттығы" туралы құжатты қаперге алған жөн. Ал банкроттықты сот шешуі керек. Өйткені заң талабына іліккен азамат мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды, кәсіп бастау мүмкіндігі де жоқ. Сол себепті "Жеке тұлғалардың банкроттығы" туралы заң арқылы несиесін төлеуге мүлде жағдайы келмейтін азаматтарға ғана жәрдемдесу керек. Әйтпесе, тұтынушылық қарыз мөлшерлемесі барлық азамат үшін қымбатқа түседі. 

Елена Бахмутова, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының кеңес төрағасы:

- Адамдар шығындарын несие арқылы өтеуді әдетке айналдырды. Бірақ мұның арты жақсылыққа апармайды. Мемлекеттің сол қарызды кешіруі, банкроттық жариялауы оң шешім емес. Ең алдымен, азаматтарға кірісін арттыруға жәрдемдесу керек. Бұл үшін кешенді жоспар құру қажет сияқты. Жұмыссыздықты азайту маңызды.

Елде ипотека үлесі артты

Елімізде ипотекалық қарыз үлесі де артты. Өткен жылдың соңында қазақстандықтар 13,8 млн теңгеге несие рәсімдеген. Сөйтіп бір жылдағы көрсеткіш 2,8 млн теңгеге артыпты. Бұл туралы бірінші несие бюросы хабарлады. Жалпы былтыр орташа ипотекалық қарыз беру 26 процентке артқан. Сұранысқа қарай баға да өсті. Орташа алғанда жаңа үйлер 16,6%-ке, қолданыстағысы - 24,3% қымбаттаған. Әсіресе Атырау мен Шығыс Қазақстандағы өсім айтарлықтай. Қымбат ипотеканы алматылықтар мен елорда тұрғындары, сондай-ақ Атырау халқы рәсімдепті.

Жаңа қуат көздеріне қаржы аямайды

Былтыр әлемде энергетиканың жаңа түріне ойысуға 755 млрд доллар жұмсалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27 процентке көп. Қаражаттың жартысына жуығы Азия елдеріне тиесілі. Блумберг сарапшылары әсіресе жаңартылатын энергияға ден қойылғанын хабарлады. Бұл салаға 366 млрд доллар бағытталған. Одан кейін электрокарларға көп көңіл бөлінген. Бұл бағытқа алдыңғы жылмен салыстырғанда 77 процентке көп, яғни 273 млрд доллар инвестицияланды. Көліктің бұл түріне сұраныс артуына байланысты биылғы көрсеткіш еселенуі мүмкін. Сутегі және басқа да қуат көздеріне 24 млрд доллар құйылған.